«Осал қарсылас жоқ»: 7 қазақ алтынға таласады
«Осал қарсылас жоқ»: 7 қазақ алтынға таласады
Кеше Ташкентте әлем чемпионатының жартылай финалы өтті. Ұлттық құраманың 5 боксшысы да финалға жолдама алды. Бүгін, ертең финалдық кездесулер өтеді, маңызды күн. Turkystan.kz тілшісі спорт сарапшыларының пікірін білді.
Ташкентке жартылай финал мен финалды көру үшін арнайы барған спорт сарапшысы, журналист Аслан Қаженов отандық 2 боксшының алтын алатынына сенім білдірді.
«Жартылай финалдың алдында бокс мамандарымен сөйлесіп үлгердім, негізгі сұрақтар қойылды. Кемінде 2 алтын аламыз деп отыр. Себебі бокс федерациясы жарысқа аттанған кезде кемінде 1 комплект аламыз деп айтқан болатын. Комплект дегеніміз – 1 алтын, 1 күміс, 1 қола. Әрбір жарысқа бара жатқанда федерациялар сондай міндет алады. Боксшылармыз соны орындайды деген ойдамын. Тіпті, асыра орындауы да мүмкін. 5 боксшымыз да жоғары дейгейде жұдырықтасты. Әрбірінде алтын алатын мүмкіндік бар. Финалда кіл мықтылар қалып жатыр, осал қарсылас жоқ. Кесіп айту да қиын», – дейді ол.
Журналистің айтуынша, әлем чемпионаты қазір қызып жатқан көрінеді. Жеңілген боксшылар да үйлеріне қайтпай, командаға қолдау білдіріп, ақыл-кеңестерін айтып сонда жүр.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Әлем чемпионатын Ташкенттен тамашалап жатқан спорт журналисі Ақырыс Сейітқазының айтуынша, жарысты Өзбекстан тарапы жоғары деңгейде ұйымдастырған. Спорттық аренасы да өте заманауи көрінеді.
«5 қазақстандық боксшының финалға шыққанын өздеріңіз көрдіңіздер. Жалпы 7 қазақ финалда өнер көрсетеді, Өзбекстанның атынан Руслан Абдуллаев, сондай-ақ Қытай қазағы Тоқтарбек Таңатхан да финалда жұдырықтасады. Осы екі қазақ боксшы басқа мемлекеттің сапында финалға шығып отыр.
Жартылай финалдық жекпе-жектерде жігіттердің бәрі жақсы өнер көрсетті. Ешқайсысының қарсыласы осал болған жоқ. Махмұд Сабырханның қарсыласы кубалық Йосвани Вейтия 31 жаста болғанымен, бұрыннан келе жатқан тәжірибелі ардагер боксшы. Махмұд қатарынан екінші рет финалға шығып отыр. Елімізде тұрақты түрде финалға дейін баратын спортшылардың бары қуантады. Әлем чемпионатында 2 жыл бұрын финалға шығып, күміс алған Махмұд Сабырхан қателігін дұрыстап, осы жолы чемпион боламын деген мақсат қойған. Оның қарсыласы Ойбек Джураевты Өзбекстан құрамасындағы әлсіздеу боксшы деп айтар едім. Финалға төрешілердің көмегімен шыққандай көрінді. Менің пайымдауымша, ол жартылай финалда ресейлік боксшыдан жеңілген болатын. Бірақ осы жері түсініксіз. Шаршы алаң иесі өзбектер болғаннан кейін Махмұд оны төрешілер ешқандай күмән келтірмейтіндей жеңуі керек», – дейді журналист.
Оның айтуынша, Санжар Тәшкенбайға үлкен қысым жасалған.
«Өйткені Санжар жас боксшы, ересектер арасына енді өтіп, алғаш рет әлем чемпионатына қатысып отыр. Онымен қоймай финалға шықты. Бұл оңай емес. 48 келіде 2021 жылғы әлем чемпионатында Теміртас Жүсіпов әлем чемпионы атанған еді, ол сол кезде 33 жастағы боксшы. Тәжірибелі Жүсіповті алып бармай, Санжарды жарыс жолына қосқаннан кейін оған үмітті ақтау керек болды. Санжар екі қарсыласын нокдаунмен, қалғандарын ұпай бойынша ұтты. Ол финалда да жеңіске жетеді деген сенімдемін.
67 келі салмақтағы Дулат Бекбауовқа қиындау болатын секілді. Біріншіден, оның қарсыласы Асаходжа Муйдинходжаев деген өзбек боксшы. 2022 жылы Дулат сол боксшыны Азия чемпионатында жеңді. Ұтқанымен есеп 3:2 және ауыр жекпе-жек болды. Сол Асаходжа өз жерінде Дулаттан есе қайтарамын деп сұхбат беріп жатқанын естідік. Бірақ финалға шыққаннан кейін Дулаттың да барын салатынына сенемін.
Ал 71 келідегі Асланбек Шымбергенов жартылай финалда өте ауыр жекпе-жек өткізді. Өйткені оның қарсыласы үндістандық жас әрі талантты боксшы оған дейін кубалық чемпионды ұтқан болатын. Асланбектің финалдағы қарсыласы да оңай болмайды», – дейді ол.
Сонымен қатар Ақырыс Сейітқазы биылғы әлем чемпионатының ең қызық жекпе-жегі туралы айтты.
«80 келі салмақтағы жекпе-жек бізге қызық болайын деп тұр. Өйткені Нұрбек Оралбай алғаш рет финалға шықты. Ал оның қарсыласы – Тоқтарбек Таңатхан деген Қытайдың қазағы. Әлем чемпионаты тарихында алғаш рет екі қазақ финалда жұдырықтаспақ.
5 боксшымыз финалға өткеннен кейін әрбірінің алтын алғанын қалаймыз. Бірақ үшеуінің қарсыласы өзбек боксшылар, жалпы оңай болмайын деп тұр», – дейді ол.