Жаңалықтар

ҮКІМЕТ  ЖАУАПКЕРШІЛІГІ  — ДАМУ КЕПІЛІ

ашық дереккөзі

ҮКІМЕТ  ЖАУАПКЕРШІЛІГІ  — ДАМУ КЕПІЛІ

Қазақстан үлкен өзгерістер алдында тұр. Жас мемлекеттің қарыштап дамуы оның мемлекеттік құрылымы заманауи талаптарға қаншалықты сай екеніне байланысты. Алдағы өзгерістер конституциялық және заңнамалық реформадан басталып, мемлекеттік билік тармақтарын жіктеуге, олардың құзырет-өкілеттіліктерін қайта бөлуге  ұласпақ. Атқарушы үкіметтің жауапкершілігін арттыру ұлттық экономиканың көшін түзеуге сеп бола ма деген үміт бар. Бірақ бұл өзгерістер игілікке асу үшін Үкімет өзі міндеттерін кәсіби деңгейде әрі адал атқаруы тиіс. Кешегі аптадағы үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылған сындарға қарағанда, мемлекет алдындағы үлкен өзгерістерге қазіргі Кабинеттің дайындығы шамалы. Оның себебі Елбасы айтқан «әр шенеуніктің жеке жауапкершілігінің» жетілмей жатқанында. Бір жылда үш мыңға жуық жемқор шыққан үкіметке мемлекеттің байлығы – халықтың аманаты екенін түсіндіру абырой беретін іс пе өзі?   Әйтсе де, Президент Нұрсұлтан Назарбаев осы жолы әрбір лауазымды тұлғаның мойнына жеке-дара жауапкершілік жүгі артылғанын қайта-қайта айтумен болды. Министрлердің атын атап тұрып, әрқайсысын өз саласындағы күрмеуі келмей жатқан мәселелер бойынша сұрақ-жауапқа алды. Арасында: «Кейін келген басшы бар кінәні бұрынғы басшыға аударады, ә?» – деп жауапсыз министрлерді түйреп өтті. Бүгінгі таңда Үкімет шикізат сату мен одан түскен пайданы есепке алып, кіріс пен шығысты қадағалап отырған есептеуші орган ғана сияқты. Ал тәуелсіз экономикалық саясат жүргізіп, отандық өндірушілер буынын өсіріп, халықты төл тауарлармен қамтамасыз етіп, ұлттық экономиканы ғаламдық дағдарыстардың зардабынан қорғау сияқты ірі шаруаларды тындыруға шорқақ. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы бес-он жылды тоқырау, бейімделу, жаңа саясат түзу сияқты мәжбүрліктермен ақтауға болса да, кейінгі он-он бес жылда отандық өнім шығару ісі жолға қойылмағаны қынжылтады. Үкімет іс жүзінде аты дардай мемлекеттік бағдарламаларды бірінен соң бірін қабылдап, құжат санын көбейтіп, ақпар тасқынын арттырғанымен, нақты нәтижеге келгенде, мүдіріп қалады. Екінші бесжылдығының орта шеніне жақындаған Үдемелі индустриалды-инновациялық мемлекеттік бағдарламаның өзі отандық өндіріске жан бітіре алған жоқ. Ал Индустриаландыру күні жаңа нысандардың ашылу салтанатына Елбасының қатысқаны рас, бұл бағдарламаға миллиардаған қаражаттың құйылғаны рас, ақпарат құралдары арқылы ауқымды насихат жүргізіліп, мақтауын асырғаны да рас, бірақ осы бағдарламаның аясында құрылып, отандық тауар шығарып, ұлттық экономиканың локомотивіне айналған өндіріс ошағы жоқтың қасы. Керісінше, бұл бағдарламаның басында тұнған дау көп, шенеуніктерді шиедей қызартқан жанжалы да жетерлік. Мысалы, индустриаландыру бағдарламасы аясында бұған дейін іске қосылды делінген 72 нысан қазір тоқтап тұр. Бас-аяғы 150 миллиард теңге жұмсалған кәсіпорындарда тіршілік белгісі шамалы. Бұрынғы инвестиция және даму министрі Әсет Исекешов бұл мәселе бойынша жауап бермейді. Себебі ол қазір басқа қызметте. Сонда бір емес, екі бесжылдығы өткен индустриаландыру бағдарламасының сапасына кім жауап береді? Мұны айтқанда, сөз басындағы лауазым иелерінің жауапкершілігі туралы әңгімеге қайта ораламыз.  

2900 АДАМ ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН ҰСТАЛҒАН

Лауазым иелерінің жауапкершілігі туралы айтқанда, ниеті адал, жүрегі таза, халықтың байлығына аманат деп қарайтын азаматтар іс басына келсе дейсің. Сыбайлас жемқорлықтың шырмауықша тарамдалып, бүгінгі атқарушы билікпен біте қайнасқаны соншама, лауазым иелерінің ар-ұждан тазалығына иланатындар сирек бүгінде. Былтырдың өзінде ғана сыбайлас жемқорлыққа байланысты 2900 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылған екен. Есеп комитетінің дерегіне сәйкес, 2016 жылы қаржылық құқық бұзушылық жасағандар 160 миллиард теңгені жымқырмақ болған. 47 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке, 223 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Соңғы кезде жария болған қылмыстық істер ел ішіндегі шенеуніктер туралы теріс пікірді одан әрі растай түседі. Жыл басынан бері бірнеше жоғары лауазым иесі парақорлыққа байланысты ұсталып, істі болды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тексеру жұмыстары нәтижесінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басқарма төрағасы Руслан Ерденаев, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишимбаев, Президент Әкімшілігі төрағасының бұрынғы орынбасары Бағлан Майлыбаев тұтқындалды. Бұл тұлғалардың бәрі мемлекеттік қазынадан миллиардтаған теңгені жымқырған, қызмет бабын асыра пайдаланған деп айыпталуда. «Мемлекеттік қызметке келген адам халыққа қызмет етуге ниеттенеді. Біз оларды тәрбиелейміз, тәжірибе жинауға жағдай жасаймыз, «Болашақпен» оқытамыз, соңында олар түрмеге түседі. Қандай өкініш! Мен олардың жағдайын олардың әке-шешесінен де артық уайымдаймын. Меніңше, бұл мемлекеттің мүддесі мен елдің сенімін аяқасты ету. 2900 адам қамауда отырғаны да оларды тоқтатпайды» деген сөзінен осы соңғы оқиғалардың Елбасыға қаншалықты ауыр тигенін аңғаруға болар.

ЕР КЕЗЕГІ ҮШКЕ ДЕЙІН

Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов қазақтың осы мәтелін есте ұстауы тиіс-ақ. Себебі ол осымен екінші рет ескерту алды. Үшінші рет сүрінуге болмайды. Сөзбе-сөз айтқанда, «Мен мемлекеттік қаражатты орнымен пайдаланудың тиімді жолдарын қарастыру керек деп бір рет айтқанмын. Енді екінші рет ескертіп отырмын. Байқа, үшінші ескертудің соңы сен үшін ауыр болады», – деді Елбасы оған. Президенттің бұлайша таусыла сөйлеуінде мән бар. Жері кең, табиғи ресурсқа бай, Ұлттық қорда жинаған қаражаты бар Қазақстан кедей мемлекетке жатпайды. Керісінше, егер мемлекеттің қабілет-қарымын тиімді пайдалана білсе, бай да бақуатты ел болуы тиіс. Бірақ халықтың байлығы мемлекеттің өркендеуіне жұмсалып үлгірместен, не талан-таражға түседі, не түсініксіз бағытта бөлшектеніп, сайда саны, құмда ізі қалмайды. Президент мемлекеттің әр тиыны есепте болуы керек екенін баса айтты.

САЛЫҚ КОДЕКСІ МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАРСЫ

Бюджеттің кіріс бөлігі салық түсімінен едәуір тоғаятыны рас. Бірақ шала сауатты салық жүйесі онсыз да аяғынан тұра алмай жатқан шағын және орта кәсіпкерліктің шаруасын шатқаяқтатып жіберді. Салық жүйесінің кемшілігі көп екенін қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мойындап қалды. Ал Президент қазіргі Салық кодексінің үкіметке, халыққа қарсы бағытталғанын мәлімдеді. Себебі кәсіпкерлер қосымша құн салығын төлеу үшін бұл кодекстің 82 бабын жатқа білуі керек, ал бұл баптар басқа заңнамаларға 268 сілтеме жасайды, олардан тағы 206 сілтеме шығады. Сонда осыншама нормативті құжаттардың бәрін білу үшін және заң аясында әрекет ету үшін кәсіпкердің өзі заңгер болуы тиіс, әйтпесе, оның жұмысынан кез келген сәтте құқық бұзушылықты анықтауға болады деген сөз. Сондықтан салық заңнамасын барынша түсінікті етіп жазу кәсіпкерлікті дамытудың аса маңызды шарттарының бірі болмақ.

ЖАҢА МИНИСТР – ЖАҢА  БАҒДАРЛАМА

Үкімет отырысында баяндама жасаған ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов 2017 жыл – ауыр жыл болады деп болжады. Жаңадан тағайындалған министр ғаламдық экономикадағы ахуалдың әлі бір қалыпқа түспегенін алға тартады. Оның үстіне, барша әлем Ақ үйдің жаңа басшылығының қаржылық саясаты қандай боларын білмей дүдамал күйде отыр. Халықаралық жанжалдар мен аймақтық соғыстардың зардабы ғаламдық сауда-саттыққа, алыс-беріске зиянын тигізуде. Мұндай жағдайда сыртқы нарықтағы сұраныстың деңгейіне тым тәуелді ұлттық экономика созылмалы дағдарыстан шығады деп сену қиын, расында. Үкіметте қалыптасқан дәстүрге сәйкес, жаңа министр жаңа бағдарлама ұсынып отыр. «Ұлттық технологиялық бастама» деп аталатын жаңа құжат 2025 жылға дейінгі елдің даму жоспарын айқындайтын болады. Бұған дейінгі бағдарламалардың неге нақты нәтиже бермегенін талдауға уақыт тапшы. Президенттің алдында болашақ жоспарлар мен келешек жемісті жылдардың көрінісін сипаттап беру әлдеқайда тиімді. Сонымен, Сүлейменовтің айтуынша, жаңа бағдарлама еңбек өнімділігін арттырып, қазақстандық өндірістің ішкі және сыртқы нарықтағы бәсекелестігін арттыруға ықпал етеді. Бұл үшін экономиканың кейбір салаларына айрықша мәртебе беріліп, оларға мемлекеттік бюджеттен субсидиялар мен жеңілдіктер бөлінеді. Бұл дегеніңіз, тағы да қазіргі заңнамаларға көптеген өзгерістер мен толықтырулар енгізу деген сөз. Құжат, қағаз және келешек көрсеткіштер. Бүгінгі Кабинеттің ғана емес, бұған дейінгі Үкіметтің таптауырын жолы.

«ЖАЛАҚЫНЫ ЖҰМЫС  ІСТЕЙТІНДЕРГЕ ТӨЛЕҢДЕР»

2016 жылы министрліктер 36 миллиард теңгені игермеген. Тимур Сүлейменов мұны келісім-шарттардың өзгеруіне және жобаны жүзеге асыру мерзімінің кешігуіне байланысты деп түсіндірді. Бұған жауап ретінде Елбасы бөлінген қаржыны игермеген министрліктен қаражатты алып, басқа ведомстволарға беруді ұсынды. Келісім-шарттарды дер кезінде жасамай, жоспарланған жобаларды уақытылы жүзеге асырмайтын мекемелерге келесі жылға қаржыландыру көлемін азайту керектігін ескертті. Бюджет ақшасын тиімді және үнемді жұмсау мәселесі кәсіби кадрларды іріктеумен тығыз байланысты. Мысалы, «бір бөлімде 15 адам бар, бірақ олардың 3-уінің ғана басы істейді, олар күндіз-түні жұмыс істейді... қалғандарын жұмыстан шығарып, олардың жалақысын жақсы жұмыс істейтін адамдарға төлеу керек» деп төтесінен қайырды Елбасы. Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаровтың айтуынша, бүгінгі таңда республикада 94 мың мемлекеттік қызметкер бар, ал 17 мың қызмет орны бос тұр. Президент осы бос орындарды қысқартып, оларға бөлінген қаражатты жұмыс істейтін адамдарға беруді ұсынды. Осылайша, әкімдер мен министрлер штат санын қысқартып, жалақы деңгейін көтеріп, жұмысқа кәсіби қызметкерлерді іріктеу туралы нұсқау алды. Оның үстіне, мемлекеттік қызметкерлердің айлығын кәсіпкерлердің табысына теңестіру – мемлекеттік реформа аясында межеленген мақсаттардың бірі.

КӘСІПКЕРГЕ 28 МЫҢ ТҮРЛІ  ТАЛАП БАР

Ұлттық экономиканың тірегі – шағын және орта кәсіпкерлік. Дамыған елдердің тәжірибесі мұны айқындап отыр. Ал кәсіпкерлікті аяқтан шалатын үлкен кедергі – мемлекеттік қадағалау жүйесі. Соңғы он жылда бұл саладағы нормативті-құқықтық актілер саны төрт есе артқан. Ел аумағында 61 бақылаушы-қадағалаушы мекеме бар екен. Мұның бәрі шағын және орта кәсіпкерліктің тынысын тарылта түскен. Мысалы, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының дерегіне жүгінсек, отандық кәсіпкерлерге үкімет тарапынан қойылатын талаптар саны 28 мыңнан асып кетеді. Осындай тосқауылдар тұрғанда «жеке бизнес ашу мүмкін емес» деп тұжырды Президент. Соңғы екі жылда кәсіпкерлердің үстінен 17 мың қылмыстық іс қозғалып, оның 9 мыңы қылмыс құрамы толық болмағандықтан аяқсыз қалғаны көп нәрседен хабар береді. Елбасының сөзімен айтқанда, бұл ашықтан-ашық бопсалаудың талпыныстары. Заң нормасын бұзған кәсіпкерлерге айыппұл салып, оларды қылмыскерлермен теңестірмеу керектігін баса айтты. АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА  ҚҰЙЫЛҒАН ҚАРЖЫ ҚАЙДА? Осы жиында премьер-министрдің бірінші орынбасары – ауылшаруашылық министрі Асқар Мырзахметов баяндама жасап, өткен жылдың өзі басқарып отырған сала үшін оңтайлы болғанын айтып өтті. А.Мырзахметов бұл салада ілгерілеу бар екенін айтқан еді. Бірақ Президент агрохолдингтердің мүшкіл халін есіне салып, сала басшысының арынын басты. Шындығында, Қазақстан аграрлық саланың бар қуатын тиімді пайданала алмай отыр. Елбасының айтуынша, бұл саладағы былтырғы өндіріс көлемі осыдан бес жылғы көрсеткішпен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Мемлекеттің экспорттық мүмкіндіктерін арттыру ғана емес, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ауылшаруашылық саласын дамыту аса маңызды. Бірақ тәуелсіздік жылдары бұл салаға миллиардаған қаржы құйылса да, құмға сіңген судай із-түзсіз жоғалды. Президент бұл салада бөлінетін субсидиялардың жергілікті органдар мен құзырлы ұйымдар үшін «жылы-жұмсаққа» айналғанын айтып, Есеп комитеті мен Бас прокуратураға бұл істі қатаң тексеруді тапсырды.

«СЕН ЕШКІМНЕН ҚОРЫҚПА!»

Президент Ұлттық банктің бақылау мен реттеу функцияларын күшейтуді жөн көреді. «Ұлттық банктің жұмысына араласуды мемлекеттің қаржылық жүйесіне араласу деп танып, жазалау керек» деді Елбасы. Осы жиында Президенттің мақтау сөзін естіп, мерейі асқан лауазым иесі Данияр Акишев шығар. Елбасы: «Ешкімнен қорықпа, ешкімнен!» деп, Акишевті жөнсіз сынайтындарға шара қолданатынын ескертті. «Егер кімде-кім кедергі жасаса, маған оның аты-жөнін айт» деді тағы. Осылайша, Президент Данияр Акишев туралы тараған өсек-аяңнан хабардар екенін байқатты. Өткен айда Ұлттық банктің төрағасы ұсталыпты деген сөз желдей ескен болатын. Енді Президенттің «100 пайыз қолдауына» ие болған Акишевтің асығы түгел, банктерді біріктіру, қажет болса лицензиясын тартып алу сияқты шаруаларды алаңсыз атқара беретін болды.

ЭКСПО-ға ТӨРТ АЙ ҚАЛДЫ

Биылғы жылдың ең маңызды шарасы – ЭКСПО бүкіләлемдік көрмесін абыроймен өткізу. Көрмені кәсіби түрде ұйымдастырумен қатар, сырттан келген қонақтарды қабылдау және барлық қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету оңай жұмыс емес. Президент көрменің барлық ұйымдастыру жұмыстарын тағы да пысықтауды тапсырды. «Бұл көрменің ойдағыдай өтуі – біздің жалпыұлттық міндетіміз» деп нықтады Президент. Сонымен қатар, көрме аяқталған соң оның нысандарын тиімді пайдалану жолдарын қарастыру керек. Екі үлкен павильон тұрақты көрме орталығына айналса, тағы екі павильонда Халықаралық қаржылық орталық ашылатын болды. Ал басқа ғимараттардың қалай пайдаланылатыны әзірге белгісіз. Президенттің бұл тапсырмасын орындау үшін Үкімет құзырында санаулы айлар ғана бар. Төрт сағатқа созылған жиында талай мәселе айтылды. «Жыл оңай болған жоқ» деген Елбасы Үкіметтің былтырғы жылдағы жұмысын оң бағалады. «Бізде экономиканың аздаған өсімі бар» деп түсіндірді оны Президент. Рас, былтырғы ЖІӨ көрсеткіші 1 пайызға жеткен. Енді Үкімет биылғы жылғы өсім 2 пайыздан кем болмауы тиіс деп үміттеніп отыр. Бірақ Елбасы ұлттық экономиканың өсімін 5 пайызға жеткізу керектігін еске салды. Бұл межеге жету үшін әлі қыруар шаруа тындыру керек. Қағаздағы көрсеткіштерді сапырылыстырып, қолдан ақпар берумен іс бітпейді.   Елбасы айтқан уытты сын және ұрымтал сөз: Бізге осы мемлекетті басқару тапсырылды. Мемлекеттің қаржысын жаудың ақшасы сияқты аямай жұмсауға жол беруге болмайды. Біз – мемлекет қызметкерлеріміз. Мемлекетке, халыққа қызмет ету керек. Келіңдер, халыққа қызмет жасайық! Салық кодексін қараңызшы, оны біреулер бізге қарсы мақсатта жазып шыққан. Біреулер жақсы жұмыс істейді, ал басқа біреулер түк жұмыс істемейді. Әкімдер көрші облыстарға барып, онда не болып жатқанын көруге ерінеді. Үкіметтің ішіндегі «бесінші колонна» қай жерде отыр екен? Біз бір нәрсе айтамыз, шешім қабылдаймыз, бірақ іс жүзінде бәрі басқаша болады. Таңқаларлық көбею. Тексерушілер санын қысқартамыз, ал шенеуніктер саны сол күйі қалады. Ғажап жағдай! Бұл – кәсіпкерлерге жасырын рэкет жасау. Оны қорқытып, қылмыстық іс ашады, сосын ол жүгіріп, не айтса соны істеуге дайын тұрады. Өзіміз бұл кәсіпорындарды басқара алмаймыз, оны тиімді жұмыс істетіп, адамдарға жұмыс беретін жағдай жасай алмаймыз, сонда да ешкімге бермейміз! Қысқа қайырғанда, Президент тапсырмаларының бір парасы: Мемлекеттің кәсіпкерлікті қадағалаушы-бақылаушы функциясын толық тексеріп, қай орган қандай тексерулермен айналысатынын анықтау, бір айдың ішінде Президентке есеп беру. Мемлекет қарамағында қалуы тиіс ұйымдар мен кәсіпорындардың нақты тізімін жасау. Бұл тізімге енбеген кәсіпорындарды 2020 жылға дейін жекешелендіру немесе жабу. Жекешелендірудің кешенді жоспарын алдағы екі жылда аяқтау. Барлық министрліктер мен ведомстволардағы мемлекеттік қаражаттың қалай жұмсалатынын тексеретін арнайы комиссия құру. Ең әуелі, денсаулық сақтау және білім беру министрліктерін тексеру. 1 наурызға дейін үш солтүстік облыс басшыларымен бірлесе отырып, агрохолдингтердің мәселелері бойынша ортақ шешім табу. Ауылшаруашылық саласында бекітілген жоспарларды орындау. «СК-Фармация» ЖШС басшылығын түгел ауыстырып, дәрі-дәрмекпен және медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету ісіндегі сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабу. Отандық фармацевтиканы дамытуға, жергілікті фабрикалар салуға жағдай жасау. Әкімдермен және жергілікті бизнеспен бірлесе отырып әр кәсіпорындағы қазақстандық үлес көлемін арттыру. ЭКСПО-ның барлық ұйымдастыру мәселелерін пысықтау. Оның ішінде, тасымал, туристерді орналастыру, тамақтандыру мәселелерін назарда ұстау.