Барлық елмен достық қатынаста болу тарихи тағдырымызға жазылған – Президент
Барлық елмен достық қатынаста болу тарихи тағдырымызға жазылған – Президент
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапары барысында Қытай Халық Республикасының CCTV телеарнасына сұхбат берді: халықаралық мәселелер талқыланатын Leaders Talk бағдарламасында қонақ болып, жүргізушінің сұрақтарына жауап берді. Президент қытай және ағылшын тілінде сөйледі деп хабарлады turkystan.kz.
Мемлекет басшысына алдымен «Қазақстанды қай бағытта дамытқыңыз келеді?» деген сауал қойылды. Президент Қазақстан Еуразия құрлығында жүріп жатқан үдерістердің ортасында болғанын қалайтынын жеткізді. Өйткені еліміз әлемнің осы бөлігіндегі сауда жолдары мен халықаралық қатынастарды реттеуде аса маңызды рөл атқарады.
«Қазақстан осындай сыртқы саясат ұстанса, табысқа жетеді. Бейбітшілікті жақтау, барлық елмен тиімді достық қатынаста болу біздің тарихи тағдырымызға жазылған. Ең алдымен, көршілес елдермен арадағы достығымызға баса мән береміз. Бұл ретте Қытай аса маңызды рөл атқарады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент әңгіме барысында Қазақстанның қазіргі сыртқы саясатындағы Қытайдың орнына тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, Қытай біздің сыртқы саясатымызда аса маңызды рөл атқарады.
«2019 жылы қыркүйек айында мен Қытайға мемлекеттік сапармен бардым. Біз ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен нәтижелі келіссөз жүргіздік. Халықтарымыздың ынтымақтастығын нығайту үшін екі жаққа да тиімді саясат жүргізу жөнінде уағдаластық. Демек, біз екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті, мәңгі достықты нығайта түсуіміз керек. Бұл қазақ халқының мүддесіне, нақтырақ айтқанда, ұзақмерзімді мүддесіне толық сай келеді. Мен осындай саясатты берік ұстануға ниеттімін. Жақын көршіміз – Қытаймен арадағы стратегиялық серіктестіктің маңызды екені сөзсіз», - деді Мемлекет басшысы.
Президент екі ел жастарының ынтымақтастығы мен достық қарым-қатынасын дамытуға ниетті екенін жеткізді. Айтуынша, жас буын бірін-бірі жақсы білуі қажет. Сонымен қатар Мемлекет басшысы сұхбат барысында Шанхай ынтымақтастық ұйымы келешегінен көп нәтиже күттіретін, өте ықпалды ұйым екенін дәлелдегенін тілге тиек етті.
«Ұйым құрылған кезден бастап оған Қытай зор қолдау көрсетіп келеді. ШЫҰ өз қызметін 1996 жылы Шанхайда бастады. Қазақстанның Сыртқы істер министрі ретінде ұйымның жұмысын бастау рәсіміне қатыстым. Яғни, Шанхай ынтымақтастық ұйымының қызметіне құрылған сәттен бастап атсалысқанымды мақтан тұтамын. Әрине, Қазақстан ұйымның келешек төрағасы және осы ұйымға мүше елдер саммитін ұйымдастырушы мемлекет ретінде ШЫҰ-ның әлеуетін арттыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Бұған дейін айтқанымдай, бұл ұйым – әлемде өте танымал әрі ықпалды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстанның болашағы жарқын болатынына сенімді екенін және елімізді экономикасы дамыған, озық елдердің қатарына қосу үшін бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.