Қанша қазақстандық зейнетақы жинағына баспана сатып алды?

12 мамыр, 2023 / Меруерт Сағымхан
ашық дереккөзі
Қанша қазақстандық зейнетақы жинағына баспана сатып алды? Еліміз бойынша миллионға жуық адам зейнетақы жинақтарын тұрғын үй сатып алуға және емделуге пайдаланды деп хабарлады turkystan.kz. 2021 жылдың қаңтарынан бастап осы жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша БЖЗҚ салымшылардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін зейнетақы жинақтарын пайдалануға 1 361 040 өтінішін орындады. Отандастарымыздың уәкілетті оператор-банктерде ашылған арнайы шоттарына БЖЗҚ 3,2 трлн теңгеден астам қаражат аударды.
«Бұл ретте біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы шамамен 2,35 млн теңге. Бірегей өтініш берушілер саны – 692 936 адам. Осылайша, кейбір салымшылар (алушылар) біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үйге алу құқығын бірнеше рет пайдаланған», - делінген хабарламада.
Бұл бағытта Алматы (17,55%), Астана қалаларының (13,96%) және Маңғыстау облысының (10,31%) тұрғындары белсенді болды.
«Салымшылардың өз жинақтарын пайдаланатын мақсаттарын талдай отырып, мынадай қорытынды жасауға болады: барлық өтініштердің шамамен 36% – азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алу және жеке тұрғын үй салу, өтініштердің шамамен 21% – тұрғын үй құрылыс жинақ бағдарламалары бойынша зейнетақы қаражатын салымшылардың пайдалануы үшін, өтініштердің шамамен 21% –тұрғын үй құрылыс жинақ ақшасына одан әрі жинақтау үшін салымды толықтыру мақсатында, өтініштердің шамамен 20% – ипотекалық тұрғын үй қарызын бастапқы жарнадан қайта қаржыландыруға және толық өтеуге дейін пайдалану мақсатында жұмсалыпты», - делінген хабарламада.