Елордадағы еңбек жәрмеңкесі
Елордадағы еңбек жәрмеңкесі
Кеше елордада Халықты жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен бос жұмыс орындарына арналған кезекті жәрмеңке өтті. Бұл жәрмеңкенің ерекшелігі – жұмыссыз азаматтарға, оның ішінде бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға, сондай-ақ алимент бойынша қарызы бар адамдарға арналған.
Жазасын өтеп шыққаннан кейін азаматтарға қоғамның қалай қарайтыны белгілі жағдай. Олардың жұмыс табуы тіптен қиын. Бұл мәселе әлем елдерінде де күн тәртібінен түскен емес. Оның үстіне жұмыссыздық жазасын өтеп шыққандарды тағы да қылмысқа ұрындыруы мүмкін. Сондықтан олардың уақытылы жұмыс тауып, қоғамға сіңісіп кетуі өте маңызды.
Осы орайда ұйымдастырылған жәрмеңкенің мақсаты – жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасында байланыс орнатып, мамандық дайындау мәселелерін еңбек нарығындағы жұмыс күшінің қажеттілігіне сәйкес ұйымдастыру.
– Өзім музыка пәнінің мұғалімімін. Астанада тұрып жатқаныма 5 жыл болды, соның 4 жылында жақсы жұмыс іздеп келемін. Мамандығым бойынша лайықты, тұрақты жұмыс таба алмай жүрмін. Осы жәрмеңке арқылы өзіме қолайлы жұмыс тапсам деймін, – дейді жәрмеңке қатысушысы Асқар Жомартов.
Жәрмеңкеге барлығы 8 мекеме қатысып, 127 бос жұмыс орны ұсынылды.
– Мен «Катрин» жиһаз фабрикасынан келдім. Компаниямыз 2005 жылы құрылды. Алғашқы бес жыл бойы фирма тек жиһаз өндірушісі ретінде жұмыс істеді. Ал 5 жылдан кейін, 2010 жылы жиһаз жабдықтарына арналған қосымша дүкенімізді аштық. Алты мың шаршы метр өндірістік алаңы және дүкендер желісі бар. Компания үй мен кеңсеге арналған жиһаз жасау, материалдарды сату, перде тігу, қабырға панельдерін жасау, тас төсеу және жүк тасымалы қызметтерін ұсынады. Бүгін біз 20 бос жұмыс орнын ұсынып отырмыз. Ағаш ұстасы, ұста, шкаф жиһазын құрастырушы, тегістеуші, сырлаушы, сату бойынша менеджер, әртүрлі жалдамалы жұмысшылар керек. жұмыс іздеушілер өте белсенді. Мұндай мамандықтар жәрмеңкесінің ұйымдастырылуы жұмыс беруші мен
жұмыс іздеуші үшін де маңызды, – дейді Татьяна Копылова.
Айта кетсек, жұмыс берушілер жолдар мен автокөлік жолдарын салу, құрылыс, ақпарат және байланыс, сауда, ет және құс еті өнімдерін өндіру бойынша бос жұмыс орындарын ұсынды.