Дәулетіне сәулеті сай аудан
Дәулетіне сәулеті сай аудан
Елордадағы Алматы ауданының құрылғанына 25 жыл толды. Мерейтойға орай Алматы ауданы әкімдігі елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында шаһар тұрғындары мен қонақтарына арнайы мерекелік концерт ұйымдастырды.
Алматы ауданы – көне Ақмола мен кеңестік Целиноград тарихынан сыр шертетін, дәулетіне сәулеті сай аудан. Бүгінде дамуына әрбір тұрғыны үлес қосып жүрген ауданның негізі алғаш рет 1998 жылы 6 мамырда қаланған болатын. Содан бергі 25 жылда аудан адам танымастай өзгерген. Алматы ауданы бүгінде 15 471 гектар аумақты алып жатыр. Халық саны 194 мыңнан 368 мыңға дейін өскен. 2000-жылдардың басында ауданға Промышленный, Железнодорожный, Интернациональный, Мичурино және Күйгенжар тұрғын алаптары қосылды.
25 жыл ішінде 520-дан астам көппәтерлі тұрғын үй, 22 жалпы білім беретін мектеп, 18 мемлекеттік балабақша, 3 жаңа емхана, 4 аурухана пайдалануға берілді, 14 аула клубы ашылды.
Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, Бейбітшілік және келісім сарайы, Тәуелсіздік сарайы, Оқушылар сарайы, Қазақ драма театры, Достық үйі, «Қазақ Елі», «Отан қорғаушылар» монументтері, «Бейбітшілік» қабырғасы, «Нұрлы жол» теміржол вокзалы сияқты көрнекті нысандар салынды.
– 2008 жылы аудан аумағының бір бөлігі Есіл ауданына, ал 2018 жылы Байқоңыр ауданына берілді. Сондықтан бұл тарихи, қасиетті аудан. Ауданда 900-ден астам көпқабатты тұрғын үй болса, соның 120-сы соңғы бес жылда салынды. Алда үлкен жұмыс күтіп тұр. Әлі де біз елордамызды, ауданымызды дамытуға үлкен үлес қосамыз деген үміттеміз, – деді аудан әкімі Мақсат Саматұлы өзінің құттықтау сөзінде.
25 жыл уақыт аралығында Әл-Фараби, Күйші Дина, Жамбыл Жабаев, Бауыржан Момышұлы, Рахымжан Қошқарбаев, Мұстафа Кемал Ататүрік, Иван Панфилов, Александр Пушкин және Шарль Де Голль сынды 20 тарихи тұлғаға ескерткіш орнатылды. Сондай-ақ саябақтар жөнделіп, субұрқақтар салынып, абаттандыру жұмыстары атқарылды.
– Ширек ғасыр ішінде ауданымыз адам танымастай өзгергеніне куә болдық және күннен-күнге көркейіп келеді. Алда көптеген жұмыстар күтіп тұр, ауданымызды одан әрі дамытуға бар күшімізді саламыз, – деп түйіндеді сөзін аудан әкімі.
Іс-шарада ҚР еңбек сіңірген әртістері Досымжан Таңатаров, Қыдырәлі Болманов, Алтынай Жорабаева, Бауыржан Исаев, Нұрболат Арзамас, Ибрагим Ескендір сынды өнер жұлдыздары әннен шашу шашса, «Гүлдер» ансамблінің бишілері мың бұрала би билеп, көпшіліктің көңілінен шықты. Ибрагим Ескендір өзінің «Алтын домбыра» жас домбырашылар ансамблімен белгілі «Көк тудың желбірегені» әнін шырқады. «Алтын домбыра» жас домбырашылар ансамблі күй тартып, жиналғандардың делебесін қоздырса, «Turan» этно-фольклорлық ансамблі өнерімен көпшілікті таңдай қақтырды. Сонымен қатар жиналғандар әр өнерпаз сахнаға шыққан сайын аудан тарихына қатысты фильмнен үзінділер тамашалады.