Шығысқа шырай берген ALTAI арнасы
Шығысқа шырай берген ALTAI арнасы
Өңір тарихының өрнегін таспалап, жаңалығын жұртқа жеткізіп «халықтың құлағы һәм көзіне» айналып жүрген бұқаралық ақпарат құралдарының өзіндік тарихы бар. Солардың бірі – көгілдір экран арқылы көпшіліктің көңіл көгінен орын алған Шығыс Қазақстан облыстық «ALTAI» телеарнасы. «ALTAI» телеарнасының ақпарат айдынында қанат қаққанына биыл 65 жыл толып отыр. Осыған орай Шығыс Қазақстан облыстық «ALTAI» телеарнасының директоры Нұртас Солтанұлымен сұқбаттасқан едік.
– Жарты ғасырдан астам уақыт шығыстағы жаңалықтың жаршысына айналып келе жатқан бұл ақпарат құралы еліміздегі телеарна тарихында екінші болып ашылған екен. Әңгімені телеарнаның қалыптасып даму жолынан бастасақ.
– Біз адамзат тарихы Алтайдан бастау алатындығын мақтан етіп келе жатқан жұртпыз. Сол сияқты телеарна тарихын да алғашқы болып бастаған облыстардың бірі ретінде мақтана аламыз. Қазіргі ALTAI телеарнасы елімізде екінші арна болып 1958 жылғы 16 наурыздан бастап хабар тарата бастапты. Бұл енді біздегі журналистика мектебінің ерте қалыптасқандығының бір дәлелі. Шығыс өңірінде алғаш болып телеарна ашылуына облыстың экономикалық жағдайының жоғары болғандығы әсер еткен шығар деп ойлаймын. Өйткені Өскемен ерте бастан өндірістік қала ретінде ел экономикасына елеулі үлес қосқан өңір. Ал телеарна тарихына аз-кем тоқталар болсақ, 1959 жылдан бастап аймақта киноөндіріс құрыла бастаған. Қазіргідей заманауи технология болмағаны белгілі, сондықтан да алғаш рет операторлардың «Киев-С» деген қарапайым камерамен жұмыс істегенінің өзін бір тарих деуге болады. Ол камераларда түсірілім 15 метрлік пленкасы бар касеталармен жүргізіліпті. Ең қызығы сол, 15 метрлік пленка тек 1 минуттық түсірілімге жеткен екен. Осылай жұмысқа кіріскен телеарна таралу ауқымын кеңейтіп, 1968 жылы 1 мамырдан бастап Өскемен мен бірқатар аудандарға жаңалық тарата бастапты. Ал 1974 жылдан бері жұрт республика және одақ көлеміндегі жаңалықтардан құлағдар болып отырған.
– Тарихы терең телеарна шығыс өңірінде журналистика мектебінің қалыптасып, дамуына ықпал етті деуге бола ма?
– Әрине, әуел бастан жоғары деңгейде жұмыс істей білген деуге болады. Сонау 1980 жылы Шығыс Қазақстан облыстық телевизиялық студия кинооператорлары Мәскеу олимпиадасын түсіруге қатысты. Осыдан-ақ облыстық телеарнада мықты мамандардың жұмыс істеп, мектеп қалыптастырғанын білуге болатын шығар. Тіпті, арғы тарихтың тереңіне бойламай-ақ бертінгі біз білетін жылдардың өзінде телеарна журналистиканың мықты мектебін қалыптастыра білді. Мысалға айтар болсақ, бір кездері Қытай, қазір АҚШ-тың жаңалығын жеткізіп жүрген журналист, Нұрбек Бекен осы телеарнаның мақтанышы. Еліміздегі танымал журналистер Айдос Жұқан, Айнұр Омар қатарлы бірқатар журналистер ALTAI телеарнасынан түлеп ұшқандығын жұрт біледі. Өңірдегі меншікті тілшілердің біразы осы телеарнадан қанат қаққандар. Ал әр жылдары телеарна үшін тер төккен Қайсағали Қалидолдин, Мұрат Тастағанов, Әсира Нажмаддинова сынды ардагерлеріміздің еңбегін бізге салып кеткен даңғыл жол деп білеміз. Осыған дейін талай-талай журналистерді баптап келген телеарна өңірдегі тілшілер мектебінің қалыптасуына әлі де үлесін қоса бермек. Қазір жаһандық технология тетігін меңгеріп, заман үрдісін санаға сіңірген тілшілеріміз көгілдір экран бетіне көпшіліктің көңілінен шығатын ақпараттық өнімдерін ұсынып келеді.
– Телеарна осы жылдар арасында көптеген құнды медиаөнімді көрерменге ұсынып келгені белгілі. Ел есінде ерекше қалған қандай бағдарламаларын айтар едіңіз?
– Бұл енді көрермендердің берер бағасына байланысты ғой. Десе де, бір кездері бізде бұл телеарнаның көрермені болғандықтан өз тарапымнан жауап берейін. Жалпы, уақыт талабына, ұлттың рухани сұранысына қарай талай-талай бағдарламалар жарыққа шығып, көрерменнің көңілінен шыққанына тарих куә. Дер кезінде көгілдір экранға шығып өз миссиясын атқарып кеткен шығарылымдар бүгінгі таңда арнамыздың бай мұрасына айналып, мұрағат қоржынын толтырып отыр. Ал енді менің замандастарымның есінде қалғаны «Ақжолтай» хабары деп ойлаймын. Бұл хабар өз кезегінде қазіргі таңдағы әлеуметтік желілердің міндетін атқарған болатын. Толассыз құттықтауларға толы хабар болатын. Бұдан өзге әр салаға қатысты көптеген хабар болды. Жалпы, кез келген телеарнаның басты бағдарламасы, жүрегі – жаңалықтар. Сондықтан ALTAI телеарнасының да 65 жыл бойы тікелей эфирде тынбай жаңалық таратып келе жатқандығын ерекше атап өтуге болады.