Тілектес МЕЙРАМОВ: Қазіргі қазақ қоғамында театрға деген көзқарас өзгерді

Тілектес МЕЙРАМОВ: Қазіргі қазақ қоғамында театрға деген көзқарас өзгерді

Тілектес МЕЙРАМОВ: Қазіргі қазақ қоғамында театрға деген көзқарас өзгерді
ашық дереккөзі
Қазақ мәдениетін өзге елдерге танытқан бек­зат өнердің бірі театр еді. Оның да негізі қаланғанына бір ғасырға жуықтады. Бүгінде көрерменнің театрға деген талғамы бас­қаша. Біз сахна саңлағының бірі, атақты актер Тілектес Мейрамовпен оның өнердегі жолы мен бүгінгі қазақ театры жайлы әңгімелескен едік. – Актерлік қасиет – адам бойын­дағы тума таланттың көрінісі екені сөз­сіз, бірақ оған да бір қозғаушы күш бо­лары анық. Қарағандының бір ше­тін­дегі ауылда өскен баланы театр се­кілді бекзат өнерге ынтықтырған не нәр­се? – Театр әлеміне кездейсоқ келдім десе де болады. Бала кезімде театр дегеннің не еке­нін білген жоқпын. Театр түгіл, ауылға ки­­­ноның өзі жылында бір-екі-ақ рет келеді (ол кезде Жаңаарқа ауданының «Өркендеу» кол­хозында тұрамыз). Ең алғаш көрген фи­­льміміз кәдімгі «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» еді. Сол киноны келесі ауылға соңы­нан қуып барып тағы көреміз, сонсоң ке­ле­сі ауылға... Екі-үш рет көрген соң кәдім­гі­дей жаттап алып, өзара рөльдерді бөлісіп «ойнаймыз». Ал театрдан бір рет қана Қарағанды теат­рының «Еңлік-Кебегін» көрдік. Шы­ным­ды айтайын, оқиғасы ширақ, көрі­ніс­тері жылдам ауысып отыратын кинодан кейін спектакль деген онша тарта қойған жоқ. Бірақ сананың бір түкпірінде «бұл да өнер­дің бір түрі-ау» деген ой қалды. Бала күнімнен әнші болғым келген-ді. Оған себеп болған анам Рым­жан­ның күнде кешкісін айтатын әндері, жыр-қис­салары, сонсоң түнгі 12-ге дейін үзбей сай­рап тұратын қазақ радиосы, содан бе­рі­­летін әндер. Жүсіпбек Елебеков, Жамал Омарова, ағайынды Абдуллиндер, бертін ке­ле Рашид Мұсабаев пен Суат Абусеитов, т.б. әншілердің орындауындағы әндерді тың­дап өстім. Жалғыз мен емес, ауыл балаларының бәрі солай. Әнге деген қызығушылық көр­ке­мө­нер­паз­дар үйірмесіне қатысуға да себепші бол­ды. Мектепте жүріп түрлі байқауларға қа­­тысып, ауызға іліне бастадым. Сол әдет кейін, қалаға ауысқанда да жалғасты. Об­лыстық, қалалық байқауларда Р.Бейбутов, М.Магомаевтың репертуарындағы әндерді айтамын. Бірақ ылғи да «жүлделі екінші орын­нан» көрінетінмін. Бәрі дауысымды мақ­тағанмен, репертуарым келмейтін. Бас­қа­лар тәрізді «патриоттық, комсомолды, пар­­­тияны жырлайтын» әндерден гөрі лири­калық, махаббат жайлы әндерге әуес болдым. Әншілік жолына түсейін дегенімде әке-шешем (әсіресе әкемнің ағайын­дары) үзілді-кесілді қарсы болды, «Тұ­қымыңда бақан жонып, оқтау жасаған жан жоқ, қайтесің» деп. Оның үстіне, ән­ші­лікті қайдан оқу керегін де білмеймін. Со­дан Алматы зоотехника-малдәрігерлік инс­титутына түстім де үш айдан кейін тас­тап кеттім. Келесі жылы әкем Қара­ған­ды­ның политехникалық институтына алып барды. Онымен түспей жатып-ақ, ем­­­тиханына кірмей қоштастым (түсетінім әл­деқашан шешіліп қойған-ды). Себебі сол емтиханға кіргелі отырғанымда «Орталық Қа­зақстан» газетінен «Қарағанды облыстық театры жанынан ашылатын студияға қа­былдау басталады» деген хабарландыруды оқып, қолымдағы «геометрия» оқулығын қақ бөліп жырттым да, сонда тарттым. Абы­­рой болғанда, қабылдандым. Оны бі­тір­­ген соң Алматыға келдім. Дәл сол жылы Ас­қар Тоқпанов курс қабылдап жатыр екен, соған түстім. О кісінің бізге туыстық жа­­қындығы бар, бәрібір алған бетімнен қайт­пайтынымды көрген әкем Асқар аға­мен өзі хабарласып, жіберді. Бірақ емтихан үстін­де ешқандай «туысқаншылық жеңіл­дік» болған жоқ, ел қатарлы барлық сын­нан өттім, әйтеуір. – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлт­тық консерваториясында қазақ сах­насының корифейлері Асқар Тоқ­па­нов пен Шолпан Жандарбековадан са­бақ алдыңыз. Олар сізге не берді? Он­дай үлкен тұлғаларға шәкірт болып се­німін ақтау оңай емес қой! – Әлбетте, ондай кісілерге шәкірт болу оңай емес. Асқар аға өте қатал (әсіресе, тәр­­тіп жағына) талапшыл еді. «Тоқпанов­тың тоқпағынан өтпеген актер болмайды» деген Асанәлі Әшімов ағамыздың сөзі бар. Сол тоқпақтан өттік. Бір ғана мысал: «ак­тер шеберлігі» дейтін негізгі сабақтан ең ал­­ғашқы «бес» деген бағаны тек екінші се­­­­мес­трде ғана қойды, қазір Шымкент теат­рында істеп жүрген Мұқан Шәкіровке. Оған дейін қанша тырысса да ең жоғарғы баға «төрт» болатын. Оның бергі жағында әң­гімешілдігі қандай еді! «Абай жолын» кез келген жерінен іліп алып баяндай жө­не­летін. Абай атамыздың өлеңдері, қара сөз­дері, неше түрлі шешендік сөздер, на­қыл сөздер... Орыс мектебін бітірген мен үшін оның бәрі жаңалық, тосын еді. Кейін сол әңгімелердің орасан зор пайдасын көр­дік, әлі де көріп келеміз. Асқар аға қызмет бабымен Жамбылға (қа­­зіргі Тараз) ауысқанда, бізді атақты акт­ри­са Шолпан Жандарбековаға тап­сырып кет­ті. Апайдың сабақ беру тәсілі мүлде бө­лек, негізінен, актерлік шеберліктің қыр-сы­рын тәжірибе жүзінде түсіндіреді, оның үс­тіне қатал емес, жұмсақ, мейірімді, бәрі­міз­ге баласындай қарайды. Жасыратыны жоқ, Асқар ағадан кейін кәдімгідей «ар­қа­мыз кеңіп», өзімізді еркін ұстайтын халге жет­тік. Бірақ шеңберден шыққамыз жоқ. Ме­нің Мұхтар Әуезов театрына (жалғыз мен емес, тағы төрт-бес шәкіртінің) келуі­ме де тікелей себепші болған сол апамыз. Бер­тінге дейін, біраз тәжірибе жинақтап, орта буын қатарына қосылғанға дейін назарынан тыс қалдырған емес. Жалпы, Әуезов театрының жақсы дәстүрі болатын. Кез келген жаңа спек­такль сахнаға шыққан кезде марқұм Сер-ағаң – Серке Қожамқұлов, Сәбира Май­­­­қанова, Хадиша Бөкеева, Бикен Римова, Хабиба Елебекова, Шолпан Жандарбекова апай­лар залдан қарап, кемшін тұстары­мыз­ды айтып, ақыл-кеңесін аямайтын. Біз де сол ескертпелерін жүрдім-бардым тың­да­май, тезірек түзеуге тырысатынбыз. «Ме­нің ең үлкен, ең әділ сыншым – театр­дың көркемдік кеңесі» дейтінім содан. Жа­нашырлықпен, жақсы бола түссін деп айтылған кеңес екенін бәріміз түсінетінбіз. Ұстаздарымыз риза болып арқадан қақса, со­ған кәдімгідей марқайып, мақтанып қалу­шы едік.  width=– Оқуды бітірген соң еңбек жо­лыңыз­ды М.Әуезов атындағы драма теат­рында актер болудан бастап, осы жер­де ұзақ жыл еңбек еттіңіз. Бас­шы­лық қызметте де болдыңыз. 100-ден аса рөльді сомдадыңыз. Қазақстан ға­на емес, одан тысқары жерлерге де бел­гілі мұндай театрда еңбек ету кез келген актердің арманы екені белгілі. Сізге М.Әуезов театры не берді, сіз театр­ға не бердіңіз? – Иә, ол театрда 30 жыл еңбек еттім. Не бергенімді айта алмаймын, тек еншіме ти­ген рөльдерді барынша абыроймен орын­дап шығуға талпындым. Үлкен-кіші деп бөлгенім жоқ, бір-екі қойылым бол­ма­са, бәрінде дерлік басты рөльдерді ойна­дым, ондай рөльдердің жауапкершілігі де күш­ті. Қалай десеңіз де қай спектакль бол­сын, басты кейіпкерге байланысты еке­ні белгілі ғой. Бірде-бір рөліме сын айтыл­ған жоқ (Сәкен Жүнісовтің «Өліара» спек­так­ліндегі Жақайдан басқа. Ол енді бөлек әңгіме). Ал театрдан алғаным өте көп. Ең әуелі, қазақ театрының қалыптасуына өл­шеусіз үлес қосқан ұлыларды көргенім, әріп­тес болып бір сахнада еңбек еткенім, со­лар­дан алған тәлім-тәрбие әлі күнге сері­гім болып келе жатқаны; актерлердің ғана емес, бүкіл ұжымның бір-біріне деген мейі­рі­мі, адалдығы, жанашырлығы, еліміздің әр түкпірінен жиналсақ та бірге туған бауыр­д­ай болып кеткеніміз. Қайсыбірін ай­тайын, қазір сол күндерді сағынышпен ес­ке алып, көңілім босап жататын жайым бар. – М.Әуезов театрынан кейін бір жыл­дай ғана Мәдениет министрлігінде Театр бөлімінің жетекшісі болдыңыз. Сол кезде қазақ театрына қатысты қан­дай мәселелерді көтеріп, қандай мә­селелерді шештіңіз? Жалпы, өнер ада­мы үшін басшылық қызметтің қан­дай кедергісі немесе пайдасы бар? – Иә, 1980-90-жылдары сол кездегі Мә­де­ниет министрі М.Ахметованың шақы­руы­мен Театр бөлімін, кейін, 2001-2007 жыл­дарда Ғабит Мүсірепов атындағы Жас­тар мен жасөспірімдер театрын бас­қар­­дым. Жалпы, менің өмірімдегі кез келген өзгеріс менің еркімнен тыс бо­лып жатқан дүние. Өз бетімше қызмет, дә­­реже қуып талпынған емеспін. Ұсыныс түсті, біраз ойланып, қабылдадым. Мү­сіре­пов театрына да солай бардым. Мәдениет ми­нистрі Мұхтар Құл-Мұхаммед «екі театр­дың біріне басшы болып барасыз» де­ген соң жаңа, етім үйренбеген жер ғой деп сол театрды жөн көрдім. Министрлікте ауыз толтырып айтар­лық ештеңе жасай қойған жоқпын, күн­де­лік­ті қатынас қағаздарын жазып, түскен арыз-шағымға жауап қайтарудан басқаға мұрша болмады. Ал театрда анда-мұнда шап­қылап, жылап-сықтап жүріп қырық жыл жөндеу көрмеген ғимаратты күрделі жөн­деуден өткіздік. Үш жыл өмірім соны­мен кетті, ара-арасында репертуар түзу, жаңа спектакльдер шығару, гастрольдік са­пар, ұжыммен жұмыс дегендей. Абы­рой­сыз болғаным жоқ, бірнеше фестивальдің бас­ты жүлделерін жеңіп алдық. Марқұм Жа­нат Хаджиев, қазір Астанадағы Нұр­қа­нат Жақыпбаймен тізе қосып, бірге жұмыс іс­тедік. Осы орайда бір базына айта кетейін: қазір сол театрдың тарихында мен мүлде болмаған, еңбек етпеген тәріздімін, кеше театрдың қазіргі көркемдік жетекшісі Фар­хад Молдағали інім «актерлер әлі сіз­дер­дің еңбектеріңізді аузынан тастамай ай­тып отырады» дегені болмаса. Ол да бол­са көңілге медеу. Ал енді басшылықтың пайда-зияны де­ген әркімнің өзіне байланысты болар. Мен министрлікте жүргенде де, Мүсірепов театрында да мамандығымнан қол үзгем жоқ, өзіме тиесілі рөльдерді ойнадым. – М.Әуезов атындағы қазақ мем­ле­кеттік академиялық драма театрында, Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемле­кет­тік академиялық балалар мен жа­сөс­пірімдер театрында, Астана қа­ла­сын­дағы Жастар театрында, Қ.Қуа­нышбаев атындағы қазақ мемлекеттік ака­демиялық музыка театрында ди­рек­тор, көркемдік жетекшісі және ак­тері болдыңыз. Негізгі, кәсібі актер бол­ған адам үшін бір жерде ұзақ жұ­мыс істегені дұрыс па, әлде әртүрлі ор­тада өзін сынағаны жақсы ма? – Жоғарыда айттым: менің өмірімдегі өз­герістердің бәрі менің еркімнен тыс бол­ды деп. Директорлықтан кетіп (себебін еш­кім түсіндірген жоқ, жұмысымнан да еш­қандай кемшілік тапқан жоқ, таппайтын да еді), өз театрыма қайтып барамын деп жүр­генімде Астана қаласының Мәдениет де­партаментінің басшысы хабарласып «жаңа театр ашуға көмектессеңіз...» деген соң көркемдік жетекші болып соған ауыс­тым. Бас-аяғы бір айдың ішінде алғашқы спек­таклімізді де көрсеттік. Бірақ түрлі се­бептермен өз еркіммен орнымды боса­тып бердім. Маған салса, бір орында жұмыс іс­теген дұрыс-ау деймін, қанша дегенмен үйрен­ген орта, қалыптасқан, бір-бірін қаба­ғынан танитын сахналас әріптестер. Дей тұрғанмен, қазіргі қызмет етіп жүрген Қал­леки театры еш бөтенсімей, бұрыннан та­ныс адамындай қарсы алды. Шүкір. Бұл да адамның өзіне ғана байланысты шаруа ғой. Мақтанды демеңіз, «өзі жақсыға бір кі­сілік орын бар» деген осындайда айты­латын шығар. (Қалжың ғой!) – Елге мәлім тұлғалардың қала­мы­нан туған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қан мен тер», «Жетінші палата», «Өт­тің дүние», «Шыңғыс хан», «Абылай хан», т.б. пьесаларда түрлі рөлдерді сом­­­­дадыңыз. Қайсы кейіпкердің өзіңіз шығарған образы жаныңызға жа­қын? – Бұл сұраққа талай рет жауап бер­ген­мін. Әлбетте, театрдағы жолымды ашқан – Қозы. Біраз жыл осындай біркелкі лири­ка­лық бейнелермен ғана қалып қоям ба де­ген қаупім жоқ емес еді. Марқұм, ұлы акт­­­­­риса Фарида Шәріпова «әрбір актер дер ке­зінде басқа рөльдерге өтіп алуы керек» деп айта беретін. Менің бағыма, 89-жылы ре­жиссер Ә.Рахымов «Өттің дүние» спек­такліндегі Жәңгір ханның рөлін берді. Содан кейін-ақ басқа кезең басталды. Шың­ғыс хан, Еділ патша, Исатай сияқты рө­льдер. Теңдесі жоқ актеріміз Әнуар Мол­дабеков ағамыз дүниеден өткен соң, сол кісі ойнаған Ваня ағай рөлі де менің ен­ші­ме тиді. Соның бәрі актер үшін жәй белес емес, үлкен мектеп. Сонан кейін өзіме ыс­тық рөльдердің бірі марқұм Болат Ата­баев қойған А.Чеховтың «Шағала­сын­дағы» Со­рин, Қаллеки театрында Талғат Теменов қой­ған «Тыраулап ұшқан тырналардағы» пол­ковник Лукьянов. Бұл спектакльмен Мәс­кеуге де бардым, сыншылардың жақсы баға­сын алдым. Нақты не дегенін айтпай-ақ қояйын, мақтанып отыр деп қаларсыз. Не де­генін сонда барған әріптестер түгел ес­ті­ген. Актер деген тәуелді мамандық болған­дық­тан, бойыңдағы бар қасиетіңді, мүм­кіндігіңді ашатын рөль алда шығар деген үмітпен жүрміз әлі. – Драматург қаламгерлермен бірі­гіп пьесалар жаздыңыз, Ш.Айтматов, І.Есенберлин секілді жазушылардың шығармалары бойынша инсцени­ров­калар жасадыңыз, сол сияқты өзге елдің драматургтарының туындыла­рын қазақшаладыңыз. Сонымен бірге режиссер ретінде көптеген автордың шығармаларын сахналадыңыз. Бұл ак­терлікті айтпағанда, сіздің дра­ма­тургтық, режиссерлік қабілетіңізді бай­қатса керек? – Иә, біраз дүниені аударып, инс­це­ни­­ров­калар жасаппын, кейбірі сахна көрді, кө­бі әлі сол жазылған күйінде жатыр. Театр­лар­ға ұсынып, қойғызатын мінез жоқ мен­де. Анда-санда сөз арасында басшы­лар­ға құлаққағыс еткен боламын, шын қы­зы­ғуш­ылық танытпаса одан әріге бар­маймын. Қа­зір бір-ақ өкініш бар, ертеректе марқұм Рахымжан Отарбаев досымның «Дү­ние­ғайып» деген повесін оқып, инсцениров­ка­сын жасап өзіне көрсетіп ем (таныстығы­мыз содан басталды), қатты риза болды. Обалы нешік, сол кездегі театр басшысы Тұңғышбай құрдасым қоюға рұқсат та бер­ді, бірақ актерлердің басын құрай ал­май, сол күйінде қалды. Одан кейін Ра­хым­жан «Ақырзаман» деген пьесасын берді. Мен драматургиядан бірдеңе түсінсем, төрт аяғын тең басқан нағыз пьеса сол еді. Оқи­ғасы да шымыр, тартымды, тілі қан­дай!.. Өзінің өтінішімен бірер жерін сахна заң­дылығына сай өзгерткенім рас (біл­ге­нім­ше, әрине). Сөйтсем, кейбір басылымда «Ра­хымжан Отарбаевпен бірлесіп жазды» деген ақпарат кетіп қалыпты. Олай емес. Ол – Рахымжанның өз қиялынан, өз қала­мы­нан шыққан төл туындысы. Марқұм қа­ламгердің шығармасына ортақтасу – әруа­ғына обал. Осы мүмкіндікті пайда­ла­нып әдейі қадап айтып отырмын. Өзім қою­ға жүрексініп, бір-екі режиссерге ұсы­нып көріп ем, мардымды жауап ала ал­ма­дым. Өкініштісі, сол пьеса жоғалып кетті. Өзін­де де жоқ боп шықты. Ұлы Ермерейге «кейін қағаздарының арасынан табылып жат­са, хабарлас» деп тапсырғанмын, әлі жоқ. Сол сияқты, 70 жылдығымның қар­саңын­да Талғат досым (Теменов) репер­туар­ға маған арнап Ф.Бордонның «Қар үстін­дегі көгершіннің ізі» деген пьесасын алған, оны да аударып, ойнап шықтым, алай­да кейбір сәтіне көңілім толмай, өзім өті­ніп репертуардан алғызып тастадым. Қа­зір міне, француз драматургі Ф.Зеллердің «Әке» деген пьесасын аудардым. 75-жыл­ды­ғымды сол қойылыммен қарсы алам ба деп едім, театрдың басқа жұмыстарына бай­ланысты әлі бастаған жоқпыз. Негізі, өте жақсы материал, қазір біздің арамызда да арагідік кездесіп қалып жатқан әке мен ба­ла арасындағы қарым-қатынас туралы. Қойы­лып жатса, көрерменнің де көңілінен шы­ғарына сенімдімін. Режиссерлік қабілет дейтінге келер бол­сақ, әрине, өнердегі 50 жылдық тә­жі­рибе деген аз емес, дегенмен өз бетім­ше спектакль қоюға шамам жететінін се­зе­мін, бірақ тәуекелім, батылым жетпейді. Өзім режиссерлерді көп сынайтын болған соң, сол талап деңгейінен шыға алам ба де­ген ой тежей береді. Кейде, солардың ор­тақол қойылымдарын көріп отырып, «мен де солай қоя аламын ғой» деген ойға қа­ла­мын. Қалай болғанда да бұл туралы әң­гі­мені ертеңгі күннің еншісіне қал­дырайық.  width=– Кейінгі кезде халықтың театрға де­ген ықыласы бұрынғыдай емес де­ген сөзді естіп қаламыз. Бұл ерекше өнер­ге деген елдің назарын қайта бұру үшін не істеу керек деп ойлайсыз? – Иә, қазіргі қазақ қоғамында театрға де­ген көзқарас өзгерді. Жақсы жағына. Ең әуелі, көрерменнің ынтасы күн санап ар­туда. Астанада бұл үрдісті театрдың жаңа ғи­маратқа көшуімен байланыстырғанбыз. Сөйт­сек, олай емес екен, өз бетімен, қа­лауы­мен келетін көрермен және саналы, тал­ғампаз, ойлы көрермен саны өте көп. Кей күндері залда орын болмай, сыртта қа­латындары қанша? Жекелеген артис­тер­ге, спектакльге арнайы келетіні қаншама? Елдің назары ауды деген осы емес пе? Сон­да да болса жұмыс көп. Театр деген әлі күнге екі оттың орта­сын­да тірлік кешуде. Баяғыдан телеарна­мыз­ды жаулап алған неше түрлі «күлкі керуені», әзіл-сықақ отаулары, «Жайдар­ман­ның» сапасыз қойылымдарымен ауыз­данған көрермен театрдан да соны күтеді. Ал біз ондайға барғымыз келмейді. Бірақ кейде көрермендердің талап-тілегімен санасуға мәжбүр боламыз... Бір кезде көрерменнің санына мәз бол­­сақ, қазір сапасының, санасы­ның өскенін қалаймыз, иншалла, сол қа­лауы­мыз күн өткен сайын көрініс тауып ке­леді. – Бүгінде драма театрлары көп, ара­­сында түрлі бағыттағы эксперимен­та­льды театрлар да бар. Олар қазақ театр­ларын жаңа бағытта дамытуға сеп­тігін тигізе ме? – Жалпы қай ел, қай ұлт болмасын, театр ешқашан көптік еткен емес. Біздің са­лаға да бәсеке қажет, бізден бұрын кө­рер­менге қажет, кім-кімнің де таңдау құ­қы­ғы болуы керек. Соның ішінде экспери­мен­тальды театр да бар. Көрермен өзіне жа­қын, өзіне керегін тапсын. Бәсеке, жарыс бар жерде алға жылжу бар. Біз (жасы кел­гендер) қанша тыртыссақ та, қарсылассақ та өмір өз дегеніне көндіреді. Қазіргі жастардың талғам-талабы мүл­де бөлек, интернеттен, әлеуметтік же­лі­лер­ден көретіні басқа. Баяғы 80-90-жылдардағы дәстүрлі ізбен жүргізбейді. Иә, театрдың әу бастағы мақсаты – көре­менді толғандыру, тебіренту, тазарту еді, қазір басқа жағы басым түсіп жа­тыр, яғни, таңғалдыру. Осыны жалғыз біз емес, көрші елдердің де ақсақал-қара­са­қал актерлері, театр мамандары айтудай айтып дабыл қағып жатыр, бірақ қайталап айтамын: бәрібір өмір өз дегеніне көндіреді. Өзіңіз жақсы білесіз, кезінде Әзірбайжан Мәмбетовтің де спектакльдерін сынаған­дар, қабылдамағандар болған. Аяғы не бол­ды? Әзекеңнің ұлы режиссер екенін уа­қыт өзі көрсетті. Қазіргі жастардың аяқ алы­сын өз басым солай қабылдаймын, тек солардың талабына сай бола біліп, сол көштен қалып қоймасам деймін. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан Ахмет ӨМІРЗАҚ