Тәжиева соңғы қоңырауда мұғалімдерге сыйлық беретін оқушыларды сынға алды
Тәжиева соңғы қоңырауда мұғалімдерге сыйлық беретін оқушыларды сынға алды
Шымкент білім бөлімінің бастығы Жанат Тәжиева соңғы қоңырау күні тікұшақ, қымбат көлік, коттедж жалдаған ата-аналар туралы айтты деп хабарлады turkystan.kz Massaget.kz сайтына сілтеме жасап.
"Басқарма басшысы болғандықтан, көптеген арыз-шағым келіп түсіп жатыр. 31 мамыр соңғы қоңырау деп жалдамалы қымбат көліктерге, аспанға адамдарды алып ұшатын шарларға, ақылы вертолеттерге тіпті котедждерге дейін тапсырыс беріп қойған ата-аналар кездесіп жатыр. Оны қалай түсінуге болады? Барлығы баламыздың көңілі үшін дейді. Ол қандай көңіл? Ал бала қауіпсіздігіне кім жауап береді? Апат айтып келмейді, "Сақтансаң, сақтайды" деген сөз бар емес пе? Соңғы қоңырау күндері қаншама мектеп бітірушілер жол апатына ұшырап, таудан құлап мерт болған жоқ па? Ол да сабақ болар уақыт жеткен сияқты", - дейді ол.
Ол сонымен бірге оқушылардың мұғалімдер мен мектепке сыйлық беруіне қатысты да ойын жазған.
"Мектеп бітірушілерден мектепке, ұстаздарға сыйлық не үшін керек? Олар ақша тауып жатқан жоқ қой? Мектепті 20-30-40 жыл бұрын бітіргендер болса, онда қарсы емеспіз. Өз алтын ұясына өзі өз болғанда қолұшын созса.
Алайда, мектептердің материалдық базасы қанағаттанарлық жағдайда, тіпті жақсы десек те болады. Мемлекет онсыз да қамқорлығына алып отыр емес пе? Мектеп бітіру кешін емтихандар аяқталған соң аттестатпен бірге салтанатты түрде мерекелік кеш ұйымдастыра отырып табыс еткен дұрыс болар?! Ол үшін ақша жинаудың, сыйлық берудің, не қажеті бар? Ал сол күні де балалар тойханаларда тойламай-ақ, өз мектеп қабырғасында балалық шағының қызықты сәттерін еске алып, ұстаздарымен бірге өткізсе", - деді Жанат Тәжиева.