Антикор Абылай Мырзахметовтің қандай қылмысқа қатысты ұсталғанын айтты

11 мамыр, 2023 / Анель Жарылғасын
ашық дереккөзі
Антикор Абылай Мырзахметовтің қандай қылмысқа қатысты ұсталғанын айтты Антикоррупциялық қызмет «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының экс-төрағасы Абылай Мырзахметовті қандай қылмысқа қатысты ұсталғанын жария етті деп хабарлады turkystan.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«10 мамырда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының экс-төрағасы Абылай Мырзахметов ұсталды. Ол алаяқтық пен кәсіпкерді оның туысын қылмыстық жауапкершіліктен босатуға жәрдемдескені үшін аса ірі көлемде пара беруге итермелеген деген күдікке ілінді. Күдікті Астана қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды», - делінген хабарламада.
Ведомствоның мәліметінше, қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша жедел-тергеу іс-шаралары кешені жүргізілуде. Оның басқа да қылмыстарға қатысы туралы ақпарат тексеріліп жатыр. Тергеу жалғасуда. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды. Сонымен бірге, Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі. Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кеңесшісі Арман Тілеукенов Абылай Мырзахметовтің ұсталғаны туралы ақпаратты растаған болатын. Айта кетерлігі, БАҚ бетінде Абылай Мырзахметовтің 30 млн доллар пара алғаны үшін тұтқынға алынғаны жайлы ақпарат тарады.