Париждегі Паралимпиада ойындарында топ жарғым келеді – Ақмарал Науатбек

Париждегі Паралимпиада ойындарында топ жарғым келеді – Ақмарал Науатбек

Париждегі Паралимпиада ойындарында топ жарғым келеді – Ақмарал Науатбек
ашық дереккөзі
Сәуір айында өткен парадзюдодан Азия біріншілігінде Қазақстан ерлер және әйелдер құрамасы 4 алтын, 4 күміс және 6 қоламен жалпыкомандалық есепте көш бастады. Екінші орынды Өзбекстан құрамасы еншілесе, Үндістан үздік үштіктен көрінді. Елордадағы жарыста парадзюдодан Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанған Ақмарал Науатбекпен сұхбаттасудың сәті түсті. – Ақмарал, күміс жүлде құтты болсын! Азия чемпионатына дайындығың ойдағыдай өтті ме? Финалға дейін қарсыластарыңнан оқ бойы озық болдың. Алтынға таласта өзбек қызын жеңуге не кедергі болды? – Құттықтауыңызға көп рақмет. Негізі, бұл жарысқа үлкен дайындықпен келгем. Оның үстіне әлем чемпионатынан кейін біраз уақыт демалған болатынмын. Нақтырақ айтқанда, денсаулығыма көңіл бөлдім. Сол себепті ұлттық құрамадан бөлек жаттықтым. Азия чемпионатында топ жарамын деген мақсат болды. Өйткені дүбірлі дода өз елімізде өтті. Біріншілікте жеңіске жету үшін аянып қалған жоқпын. Тек финалда өзбек қызымен белдескен кезде қателікке бойалдырдым. Жаңа ережеге сай емес әдіс жасадым. Осылайша жеңіс қолдан сусып кетті. Бұйырғаны күміс болды. Алдағы жарыстарда өзбек қызынан есе қайырар кез келер. – Алда сені әлем чемпионатынан басқа қандай жарыстардан көруіміз мүмкін? – Енді Ұлыбританияда жалауы желбірейтін әлемдік ойындарға, Қытайда өтетін Азия ойындарына барамыз. Сол жарыстарға дайындықты пысықтау керек. Жазда құрамамен бірге Грузияда болатын оқу-жаттығу жиындарына қатысамын. – Өз салмағыңда мықты қарсылас деп кімдерді айтар едің? Риода алтын, Токиода күміс жүлде алған франциялық балуан Аурериес Мартинет Сандринді менің салмағымдағы мықты спортшылардың бірі деуге болады. Сосын украиналық қарсыласым бар. Онымен әлем чемпионатының бірінші кездесуінде жолымыз түйіскен. Ал, бұл жарыста маған ыңғайсыз қарсылас өзбек балуаны болды. Бірақ біз екеуміз аса ұзақ күрескен жоқпыз. Қарсыласым қателігімнің арқасында жеңіске жетті. Алдағы уақытта Азия ойындарында есе қайыруға мүмкіндік бар. – Татамиге шығар алдында қобалжуды қалай жеңесің? – Әрине, әр жарыс, әр белдесу алдында қобалжу болады. Бірақ сол уайымның, қобалжудың бәрін бірінші кездесуден соң ұмытып кетемін. Ең бастысы, кездесуге дайындығың, сенімің, ерік-жігерің сол қорқынышты жеңуге жәрдемдеседі. Жарыс алдында жақсы жаттықсаң, соны іс жүзінде көрсете алсаң жеткілікті. – Бір сұхбатыңда «Ендігі мақсатым – Парижде өтетін Паралимпиадада алтын медаль алу» деген екенсің. Әзірге төртжылдықтың басты додасына лицензия алуға талпынысың көз қуантады.  Иә, Париждегі Паралимпиада ойындарында топ жарғым келеді. Бұл менің – басты мақсатым. Қазіргі кезде осы дүбірлі додаға қатысу үшін ұпай жинап жатырмыз. Бұған дейін мен екінші орында тұрдым. Осы жарыстан кейін бірінші орынға көтерілуім керек. Ендігі жоспарымыз – Паралимпиадаға дейін әр жарыста жақсы өнер көрсетіп, барынша көп ұпайға қол жеткізу. Одан кейін Паралимпиада алтынына таласуға болады. – Әңгімеңе рақмет, Ақмарал! Келесі дүбірлі додаларда сені алтын тұғырдан көрейік!  

Сұхбаттасқан -

Абылайхан ЖҰМАШ.