«AMANAT» партиясы Шымкенттегі мектеп құрылысын бақылауға алды
«AMANAT» партиясы Шымкенттегі мектеп құрылысын бақылауға алды
Шымкентте аманаттықтар екі білім беру мекемесіне негізделген жаңа оқу ғимараттарының құрылысын тексерді. Ол – М.Х. Дулати атындағы №8 мамандандырылған гимназия және Н. Оңдасынов атындағы № 38 мектеп.
Айта кетейік, партиялықтар құрылыс жұмыстарының сапасын бірінші рет тексеріп отырған жоқ. Бұған дейін мұнда құрылыс жұмысы кестеден кешіктірілгені анықталды. Құзырлы органдар қалалық партиялық бақылау комиссиясының ұсынысы бойынша мердігерге айыппұл салды. Бүгінде барлық кемшілік жойылды.
Мәселен, №8 гимназия Шымкенттегі ең көне мектеп саналады. Ол 1879 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Осылайша, 1100 балаға негізделген жаңа ғимараттың құрылысы биыл аяқталады деп жоспарлануда.
Еске сала кетейік, «AMANAT»-тың сайлауалды бағдарламасы аясында ел аумағында салынып жатқан нысандарда партиялық бақылау бекеттері ашылып жатыр. Әрбір нысанда шағым немесе өтініш жіберуге болатын жауапты тұлғаның байланыс нөмірлері көрсетілген техникалық паспортқа ұқсас тақтайша орнатылады. Жұртшылықты көптеп тарту және партиялық бақылау бекеттері жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында оның құрамына мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, БАҚ өкілдері, блогерлер, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен белсенді мүшелері кірді.