ІІМ қылмыстық құқықбұзушылықты тергеудің жаңа стандартын енгізеді
ІІМ қылмыстық құқықбұзушылықты тергеудің жаңа стандартын енгізеді
Полиция қызметін цифрландыру және қағазбастылықтан арылту аясында өткен жылдың желтоқсан айынан бастап Ақмола облысы Қосшы қаласының полиция бөлімінің базасында «Полиция тергеуі» пилоттық жобасы іске қосылды.
Ал биылғы 20 ақпанынан бастап осы жоба елорданың «Сарыарқа» ауданының Полиция басқармасында жүзеге асырылып жатыр деп хабарлады turkystan.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Айта кету керек, бұл ұсақ және ауырлығы орташа теріс қылықтар бойынша айқын қылмыстық құқықбұзушылықтарды тергеудің жаңа стандарты. Мұнда бірыңғай есеп үшін барлық тергеу әрекеттеріне бейнетіркеу жүргізіледі. Ол тергеудің жеделдігін арттырып, азаматтардың құқықтарын теріс пайдалану мен бұзу тәуекелдерін азайтады, дәлелдерді бұрмалаудан қорғайды, тергеудің объективтілігі мен сапасын арттырады.
Қызметкерлердің өздері үшін бұл формат ыңғайлы, өйткені ол тергеу әрекеттері хаттамасын жүргізбейді, яғни уақыт үнемдейді.
Аталған бастаманың негізі 17 наурызда Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық сот ісін жүргізу саласындағы адам құқықтары, жазаны орындау, сондай-ақ азаптау мен басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас түрлерінің алдын алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң шеңберінде тергеушінің қалауы бойынша қысқаша хаттама жасауды көздейтін заңнамалық түзету арқылы іске асырылды.