ЕҰУ-да «Біріккен Ұлт жеңеді» атты халықаралық бейне-материалдар байқауы өтті
ЕҰУ-да «Біріккен Ұлт жеңеді» атты халықаралық бейне-материалдар байқауы өтті
Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде Республика күніне ұлттық мереке мәртебесінің берілуіне орай «Біріккен ұлт жеңеді» атты III халықаралық бейне-материалдар байқауының жеңімпаздары жарияланды.
Байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімін Еуразия Ұлттық университетінің проректоры Серік Мақыш құттықтау сөзімен ашты. Ол халықаралық байқаудың мақсаты «қазақ елінің жаңа дәуірдегі жаңару жолын, жетістіктерін насихаттау, жастардың бойындағы болашаққа сенім мен отансүйгіштік сезімдерін нығайту» екенін атап өтті.
Биылғы байқаудың шарты бойынша қатысушылар әлемдік саясаттағы өзгерістерге, жаңару тенденцияларына, тәуелсіздік пен ұлтымыздың рухани, мәдени мұрасын, бейбіт өмір мен келісім тақырыптарына арналған бейне материалдар ұсынған.
Халықаралық байқаудың гран-при жүлдесін Түркияның Анталия қаласындағы Akdeniz University магистранты Жанайым Қуандық жеңіп алды. Жанайымның «Мен саған ораламын, туған жер» атты видео материалы марапаттау рәсіміне қатысушылардың ерекше қолдауына ие болды.