Халықаралық «Ортеке» фестивалі өтті
Халықаралық «Ортеке» фестивалі өтті
Алматы қаласында «Ортеке» VI Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалі ұйымдастырылды. Іс-шараға Мәдениет және спорт министрлігі қолдау білдірді. «Ортеке» фестивалінің мақсаты – қуыршақ театры өнерін дамыту, осы бағыттағы халықаралық байланыстарды дамыту, отандық мамандардың біліктілігін көтеру. Фестивальге әр елден келген өнер театрлары мен белгілі өнер қайраткерлері – осының айқын дәлелі.
Апта бойы өткен өнер мерекесіне Грузия, Түркия, Корея, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы және еліміздің қуыршақ театрлары қатысып, балалар
мен ересектерге арналған үздік қойылымдарын
қойды. Фестиваль аясында конкурстық және конкурстан тыс спектакльдердің көрсетілімдері Республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театрында, Мемлекеттік қуыршақ театрында және Тотальный театры сахналарында өтті.
Фестивальдің қойылымдарын құрамында Қазақстан, Корея, Грузия және Түркияның жетекші театр қайраткерлері бар халықаралық қазылар алқасы бағалады. Театр сыншысы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Еркебай Анар Сайымжанқызы жетекшілік етті. Қазылар алқасының шешімімен үздіктер анықталып, арнайы номинацияларға ие болды.
«Ортеке» VI Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалінің «Ең үздік қойылым» номинациясы бойынша Иакоб Гогебашвили атындағы Кутаиси мемлекеттік кәсіби қуыршақ театры Г.Х.Андерсеннің «Ұсқынсыз үйрек» қойылымы үшін марапатталды. «Ең үздік актерлік шеберлік» номинациясы бойынша Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры Е.Локшинаның «Мен бір жұмбақ адаммын. Абай» қойылымы үшін марапатталды. «Ең үздік қуыршақ жүргізуші» номинациясы бойынша FFWANG театрының актеры Кван Со Ёнг «Хонг Доджи мен Исими» қойылымы үшін марапатталды. «Ең үздік сценография» номинациясы бойынша Тотальный театрының суретшісі Юлия Чернова Г.Х.Андерсеннің «Дюймовочка» қойылымы үшін марапатталды. «Ең үздік қуыршақ суретшісі» номинациясы бойынша «Алақай» Ақтөбе облыстық қуыршақ театрының суретшісі Асия Курманалина «Ақ кеме» (Ш.Айтматов) қойылымы үшін марапатталды.
Фестивальге қатысқан 14 театр мен 9 қатысушыға алғыс хат табысталды. Жалпы, фестивальдің жүлде қоры қомақты болды. Барлық номинация жеңімпаздары үлкен ақшалай сыйлық иеленді.
Қазылар алқасының мүшесі, Шота Руставели атындағы кино және театр Грузин мемлекеттік университетінің профессоры Лаша Чхартишвили «Ортеке» VI Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалінің ұйымдастырылуына жоғары бағасын беріп, қазақстандық театрлардың өнерін ерекше бағалады. Мұндай өнер сайысы халықтарды жақындастырып, рухани байланысты арттырады деген қонақ осы іс-шараның басты ұйымдастырушысы Корей академиялық театрына алғысын айтты.
«Ортеке» VI Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалі екі жыл сайын еліміздің әр қаласында өтіп тұрады. Биыл бұл өнер додасы Алматы қаласында өтті. Бастауын сонау ерте кезеңнен алатын қуыршақ өнері, аса күрделі де қызықты жанр. Әрбір халықтың, әрбір ұлттың мәдени негізі, рухани дамуы болады. Қуыршақ өнері осындай үлкен мәдениеттің бастауы.