Жаңалықтар

Тазы баққандардың Үкіметке айтар «назы» бар

ашық дереккөзі

Тазы баққандардың Үкіметке айтар «назы» бар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Содан бері тазы мен төбет асырай­тын­дардың жалы көтеріліп қалды. Алдағы күнге үмітпен қарайды. Бірақ алаң­дайтын да тұстар бар. Біз Астананың іргесінде 20 тазы, бірнеше төбет асы­рап отырған Ұлағат Ханзадаға жолығып, осы шаруаның ретін білген едік.

Тазының екі түрі бар

Ұлағаттың айтуынша, қазақ дала­сын­да әу бастан тазының екі түрі бар – жар­ғақ құлақты тазы, шашақ құлақты тазы. Ауы­зекі тілде - жарғақ, шашақ. Кейін­гі кезде ай­тылып жүргендей, жарғақ батыс пен оң­түс­тікте, ал шашақ солтүстік пен шы­ғыста өсе­ді деген ұғым – қате. Бұл екі түр қазақ да­­­­­­ласының қай түкпірінде де әуел­ден бар. Тек батыс пен оңтүстіктің та­зы­сының бойы та­палдау, дене тұрқы қыс­қалау келеді. Ал сол­түстік пен шы­ғыс­тың тазысы, ірі, жүн­дес болады. Бұған қа­рап, ана жақтың та­зы­сы мықты, мына жақ­тыкі әлсіз деген ой ту­мауы керек. Мы­салы, Алатаудың тазылары ша­ғын бол­ға­ны­мен жүрдек келеді. Сол се­кілді жер та­би­ғатына байланысты дене тұр­қында айыр­машылық болғанымен, та­зы­ның аты та­зы, барлық жерде атқаратын «қыз­меті» бір­дей. Ақан серінің Басараласы бір күнде алты қас­қыр алған деген аңыз бар. Қарағандылық Қа­лиолла Жазғыбековтің Сұркиік, қар­қа­ра­лылық Тұяқ Қапановтың да тазыларының даң­қы қасқыр алумен шықты. Әміржан де­ген ағамыздың «Тұйғын» атты тазысы 17 қас­қыр алған. Міне, осы кісілер баптаған ит­тер Арқа өңірінің саятшылық өнерінің ата­ғын шығарды. Тазы тышқаннан бастап, қоян, киік, елік, қарақұйрыққа еркін қуып жетеді. Бор­сық, шағал, қабан, сілеусіндерді де ала бе­ре­ді. Әмбебап. Иісшіл. Өзі қуатын аңды өзі тауып алады. Еуропада аңға шыққанда оны тауып, қуып шығатын иттер бір бөлек, ау­лай­тын иттер бір бөлек болса, тазы соның бә­рін бір өзі істейді. Әлемде ат тізесіне шы­дас беретін жалғыз ит – тазы. Міне, біз дү­ние жүзіне оның осы қасиетін танытуымыз керек. Сонда түрікменнің алабайы, қыр­ғыз­дың тайғаны, испанның азавагы, саханың лай­касы, ирландтың қасқыр алатын иттері се­кілді тазының да атағы аспандайды. Әлем­дік брендке айналады. Ол үшін мем­ле­кет тазы асырайтындардың пікіріне құ­лақ түріп, жағдайын жасауы керек. Арланды босатуға асықпай отырға­ны­ның тағы бір себебі бар. Әу баста арланды ал­дырғандағы мақсаты киноға түсіру бола­тын. Кәнігі аңшы Қалиолла Жазғыбеков ақ­сақал туралы фильм түсірмек. Өзі сце­на­рийін жазып, әзірлеп те қойды. Тек қаржы жа­ғы қолбайлау боп тұр. «Қазір кинолардағы қас­қырдың «рөлін» боялған иттер орындап жүр», – дейді кейіпкеріміз. – Бірақ ешқандай ит қасқырдың жанарындағы жарқылды дәл «бе­ре алмайды». Сондықтан да мен түсіретін фильмде нағыз арлан болса деп ем. Мына қас­қыр маған сол үшін де керек. «Қорық­пай­­сың ба?» – деймін «Көксеректегі» Құр­маш есіме түсіп. «Әрине, сақтанамын. Тор­дың ішін тазалауға кіргенде қолыма күрек, айыр алып кіремін. Артық қимылын бай­қа­сам, қағып жіберемін. Ондайда арлан өзіме шап­пай, күректің сабын тістейді. Бұнысы «са­ған жамандық ойламаймын» дегені. Жа­ман ойы болса, өзіме тура шабар еді ғой. Қас­қыр жасаған жақсылығыңды ешқашан ұмыт­пайды! Ал ертіп жүргенде жетекке кө­неді. «Көксеректі» айтып қалдық қой. Ұла­ғат­тың пайымынша, Мұхтар Әуезовтің туын­ды­сына көркем шығарма ретінде ғана қа­ра­ған жөн. Сосын әлеуметтік желілерде оқ­тын-оқтын шығатын «Қасқыр бір-ақ рет жұп құратын көрінеді. Қолға үйренбейді екен...» деген әңгімелердің де негізі жоқ. Қас­қыр туралы білмейтін адамдардың тұжырымы. – «Қазақ қыран құсты да қолға үй­реткен, – дейді ол. – Мысалы бүркітке то­маға кигізу үшін сіз оның қырық күн ұй­қы­сын аласыз. Әткеншекке отырғызып қойып, тербетесіз. Маужырап бара жатқан кезде оятып аласыз. Титтей де қалғуға мұр­ша бермейсіз. Қырық күнде әбден талған бүр­кіт томағаға мойынсұнады. Яғни, бос­тан­­­дығынан айырылады. Оның қасында қас­қыр дегеніміз даланың иті ғой. Иә, рас, терісін тірідей іреп сойып жатқанда дыбыс шы­ғармайды, аштан өлуге де бар. Бірақ шөл­ге шыдамайды. Тұзды ет беріп, үш күн су­сыз қалдырсаңыз, өліп кете жаздайды. Сол кезде су берген адам – қасқырдың досы, оны және ешқашан ұмытпайды». Сенбей тұр­ғанымды аңғарса керек, Ұлағат бір жы­миып алып, мені анадай жерде тұрған темір қор­шауға бастады. Ой, Алла-ай, ішінде қас­қыр тұр. Арлан. Көзінен от шаша қарайды. – Кәні, келе ғой, жоныңнан сипайын, – деді Ұлағат қамқор үнмен. Арлан тордан басын шы­ғарып, оның алақанына тосты. ...Қазақ «Қасқыр да қас қылмайды жол­дасына» дейді. Қасқыр өз ортасынан жау із­де­мейді. Екі әуектен шыққан қасқыр қы­сыл­таяң сәтте бетпе-бет келсе, бір-біріне тиіс­­­пейді. Аңшылар тақап келіп қалғанда қан­шығы мен бөлтіріктерін сақтау үшін өзі қа­рауылға ілінетін тұсқа шығып, мүлде бас­қа бағытқа «ертіп» кетуге тырысады. Яғни, ұр­пағы үшін жан беруге бейіл. Қасқыр 1 жыл 8 айға толғанда күші то­лысып, жан-жағына қарай бастайды. Бұл кез­де арланы бөкей, қаншығы бөрте ата­ла­ды. «Ерте-ерте ертеде, ешкі жүні бөртеде» деп басталатын қазақ ертегісінің түп-төр­кі­ні осында жатыр. Қарашаның аяғы, жел­тоқ­санның басында «текебұрқақ» бас­тала­ды. Бір жарым, екі айдан соң «бөрісырғақ» келеді. Сол бөрісырғақтың алдында, әсіресе, бөрте аңшылығын көрсетіп қалуға тырыса­ды. Арландардың көзіне түсу үшін ешкі тұ­қымдас жануарларды қырып салады. Ана жер­де де, мына жерде де ешкі жүні ша­шы­лып жа­тады. «Ешкі жүні бөртеде» деген сөз­дің түб­ірі осында болуы мүмкін. Ал бөкей – өзіне сенімді жас арлан. Қа­зақ­тың баласына Бөкей деп ат қоятыны да со­дан. Бөкей ордасын, Әлихан Бөкейха­нов­ты еске алыңыз. Балқаштың, Ақтоғайдың, Шұбартаудың қазағы қасқыр атаулыны әлі күн­ге дейін бөкей дейді. «Бө­кей жүріп өтіпті», «Бөкейдің ізі жатыр...» дей­ді.

Ұлттық ұғымнан алыстамауымыз керек

Ұлағаттың айтуынша, тазы асырау оңай шаруа емес. Оған тамақ тауып беру арзанға шық­пайды. Бірақ олар бұл жөнінде ешқа­шан өкіметке шағым айтқан емес. Ем-до­мын да өздері жасайды. Чип салу керек деп еді, бұны да орындады. Президент пәрменінен кейін бұл са­ла­ға көңіл бөліне бастады. Біраз қар­жы бөлінетін де сыңайы бар. Міне, осы жер­де бір назар аударатын мәселе бар. Сол қар­жыны бөлетін комиссия құрамында, осы жайт талқыланатын жиындарда тазы өсі­ретін жігіттер болуы керек. Бұл өте-мөте ес­керілуге тиіс жайт. Әдетте бұндай кезде орыс­тілділердің дауысы басым болып жа­тады. Ит өсіруші қазақтар ожаудан қағыл­маса екен. Бұл – бір. Екіншіден ит өсіретін орын­дар көп болуы керек. Бәрін бір орынға жи­нау монополияға алып келеді. Ал мо­но­по­лияның неге алып келетінін көзіміз көріп отыр... Кинодром салынатыны белгілі болды. Ол Алматыдан орын тебеді деп ұйғарылып­ты. Ұлағаттың байламынша, бұл мәселені қай­та қарау керек. Кинодром Астана маңы­нан салынуға тиіс. Мысалы шаһар түбіндегі әйгілі Бозоқ қорғанының жанынан салынса, жү­зікке қас қондырғандай болар еді. Бірін­шіден, ит жүгіртуге жазық дала қолайлы. Екін­шіден, ескі тарихты жаңғыртамыз. Бо­­­­зоққа көңіл бөліне бастайды. Құсбегілік өнер­ді дамытуға да жол ашылады. Ұлттық өне­ріміз де өріс ала бастайды. Мысалы қыр­ғыз бауырларымыз бірнеше жылдан бері ұлы дала ойындарын өткізіп жүр. Қатысу­шы­лардың қатары жыл сайын көбейіп ке­леді. Олар қонақүй жалға алмайды. Өйткені қырғыздар киіз үй тігеді. Бір қызығы, соңғы жылдарда үй сатып алушылардың саны арт­қан. Қырғыздың үйшілері нәпақасын айы­ра бастады. Үй тігуді үйрету де – кәсіп. Үйін жалға беру де иесіне тәп-тәуір тиын-те­бен әкеледі. Шіркін, бізде де жылына бір рет салбурын ұйымдастырылса, талай қа­зақ­тың мұрты майланар еді ғой. Әрі ұлттық спортымыз да еңсе тіктер еді. Бұрын журналист болып қызмет етті, қа­зақтың аузы дуалы қаламгерлерімен ара­ла­сып жүр, байқағаны, қазақы дү­ние­та­ным­нан ажырап барамыз. Мысалы қазір бүр­кіт­тің төрт тырнағын ажырата алмайтын хал­ге жеттік. Өз пайымынша, саятшылық өнер­ден ажырап қалсақ, 4 мыңға жуық сөз­ден айырылады екенбіз. Қазір көп сөз ақын-жазушылардың шығармаларында ғана қалды. Кейінгі буын оны да басын жарып, кө­зін шығарып қолдана беретін болды. Мы­с­алы, «Атбегіден» құтыла алмай жүргенде соң­ғы жылдарда итбегі деген сөз шықты. Тура «мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шық­тының» кері. Атбегіңіз – сейіс қой. Бұрын қа­зақ атсейіс дейтін. Ал ит бағатын адамды кім дейтінін Әлкей Марғұлан таңбалап кет­кен – саятшы. Әйгілі ғалым өз еңбектерінде қар­­­шыға, ителгі, сұңқар, лашын, бидайықты саят құстары дейді. Яғни, тазы ұстаған саят­шыға көмекшілер. Ал қыран құстардың жө­ні бөлек. Олар кез келген аңды ала береді. Сон­дықтан тілімізді «атбегі», «итбегі» секілді арам сөздерден тазарту керек. Құсбегі ғана өз орнында тұр. Түбірін қуаласаң, тілімізде аңшылық та­нымнан енген сөз көп. Мысалы бәрі­міз жаппай қолданатын «ерсі» деген сөз. Алыс­тан ат үстінде келе жатып жауыры­ны­ның алды биік, арты жатаған тазы көрсе қа­зақ: «Ай, мынау ерсі екен» дейді. Теріс бұры­лып жүре береді. Ал жамбасы қоянның жоны секілді биік, жауырыны жамбасынан тө­мен жатаған болатын болса: «Ай, жарық­тық, қақпан бел, екен» деп сол үйге арнайы тоқтап, күшігін не өзін алуға ты­рысады. Тазының жаңа жүріп өткен аң­ның исін сезген сәттегі жортып-жортып, біре­се оңға біресе солға жосып отырған ша­лыс жүрісін сәтін «кербез», әлі толық ша­бысқа енбеген, бір жүгіріп тоқтап, жан-жа­ғынан із қарап жүрген сәтін «жосу» дейді. Қа­зір «жосуды» да орынды-орынсыз жо­сыл­та беретін болдық... Қуандық Шаңғытбаевтың шығар­ма­ларын­да қансүрек деген сөз кездеседі. Қан­сүрек – қасқыр мен иттің қосындысы. Жал­пы ит пен қасқырдың ДНҚ-сы бірдей. Бір ғана айырмашылық, қасқырдың ДНҚ спи­ралы түкті, иттікі тықыр болады. Ал екеуі будандасқанда 7 түйіннен өтіп, 8-інші түйін­ге келгенде негізгі ақпарат қасқырдың гені арқылы беріледі. Яғни, түкті болады. Ешқандай лабороториясы жоқ қазақ бұны қайдан білген десейші. Міне, сондықтан тазы мен төбет өсіру мә­селесін ұлттың тілінен, дүниетанымынан бөлек қарауға болмайды. Мемлекет басшысы жоғарыда атал­ған заң­ға қол қою арқылы тазы мен тө­бетті әлем­дік брендке айналдыруға мүм­кіндік жа­сап отыр. Тек осы мәсе­ле­де ұлттық мүдде ес­керілуге тиіс. Сонда ғана қазақтың маң­дайы жарқырайды. Тіліміз де дамып, туризм де еңсе тік­тейді. Соған назар аудару керек.

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ