«Еңбек адамы» жобасы аясында сала ардагерімен кездесу өтті

«Еңбек адамы» жобасы аясында сала ардагерімен кездесу өтті

«Еңбек адамы» жобасы аясында сала ардагерімен кездесу өтті
ашық дереккөзі
«AMANAT» партиясы Теміржол  филиалына қарасты «Локомотив пайдалану  депосы»  бастауыш партия ұйымының мүшелері партияның «Еңбек адамы» және «Ардагерлерді ардақтайық» жобалары аясында сала ардагерімен кездесу  ұйымдастырды. Сала ардагері Олжабай Қошанов іс-шарағ өзімен 65 жыл отасқан жары Нағима әжеймен келді. Бүгінде  бір әулеттің  мәуелі бәйтерегі болып отырған қариялар әлі тың. Қос ғасырдың куәгері болған ардагерлер ұжым құрметіне бөленген. Олжабай ақсақал  84 жасқа толса,  Нағима әже  82 жасқа келген. Бүгінде 5 перзенттен өрбіген 15 немере, 17 шөбере көріп отырған ардагерлер зейнеттерінің нанын 29 жыл бірге жеп келеді. Ардагер ақсақалымыз өзі қызмет еткен мекемесіне келіп, машинист әріптестеріне ақыл кеңесін берді. Сондай-ақ кейінгі ұрпақты адал, таза еңбек етуге шақырды.
«Қазақта еңбектің наны тәтті» деген керемет тәмсіл бар. Әрбір азамат өз ісін адал, таза істесе, еліміз көркейіп, дами түседі. Таза жұмыс жасаған азамат қашанда құрметті болады»,- деді ардагер.
Кездесу барысында ардагер локомотив цехында барып, өткен еңбек жолдарындағы естеліктермен бөлісті. Мекеме ауласындағы ҰОС қатысқан теміржолшыларға арналған мемориалда гүл шоқтарын қойды. Олардың ерлігіне тағзым етіп, сұрапыл жылдарды бір сәт еске алды.
«Біздің балалық шағымызды соғыс ұрлады. Ел басына күн туғанда мен 2 жаста, ал соғыс біткенде 6 жаста едім. Соғыстан киінгі қиын жылдарда анама көмек беру үшін ерте жұмысқа араластым. Жүк және жолаушылар тепловоз машинисі болдым. Еңбекпен шыңдалдым. Осы жасқа келіп, тың әрі құрметті жүруімнің сыры да адал еңбектің арқасы», -  деді ақсақал.
Саналы ғұмырының 30 жылында басшылық тарапынан ешбір ескерту алмай, темір тұлпарды тізгіндеген Олжабай ақсақал мекеме мұражайында тұрған «Селеверство» атындағы сыйлығын көрсетті. Расында өмір жолы өнеге, еңбек жолы үлгі болған ардагерден аларымыз көп. Тек тілеріміз амандық пен саулық  деп кездесуде естелік сыйлықтарды табыстаған партияның «Теміржол» филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Батырхан Базарбаев бүгінгі шараның маңыздылығына тоқталды.
«Еңбек адамына құрмет көрсету төңірегінде Президент өзінің халыққа арнаған Жолдауында ерекше атап өтті.  Партия осы бағытта «Еңбек адамы» жобасын іске қосып, жоба аясында еңбек адамдарын құрметтеу, олардың еңбегін кейінгі ұрпаққа насихаттау, жастарды адал еңбекке шақыруда көпшілікке үлгі болып келеді. Бүгінгі іс –шара соның бір көрінісі»,- деді ол.
Тағылымы мол кездесу барысында көрсетіліп жатқан құрметке риза болған ардагерлеріміз «AMANAT» партиясына жылы лебізін білдіріп,  ақ батасын берді.