Берлинге жеткен жауынгер

Берлинге жеткен жауынгер

Берлинге жеткен жауынгер
ашық дереккөзі
Соғысқа бастан-аяқ қатысып, Жеңіс күнін Берлинде қарсы алған маңғыстаулық Асан Аймағамбетов айтары көп ақсақал­дардың бірі. Асекеңнің де ғасырлық ғұмыры өз замандастарының пешенесіне жазылған небір нәубеттермен айшық­талған. Ол Маңғыстаудың Елеғажы-Ешкіқырылған деген жерінде 1925 жылы туған. Әкесі үш ағайын­ды жігіттің бірі. Аймағамбет, Ыбыраш, Ыбырайым­жан­дар – мал баққан шаруа адамдар болған. Ай­ма­ғамбет үлкені, оның Әбдеш деген баласы бо­лып­ты. Ыбыраштың Асан, Үсен деген егіз баласы болып, Үсені жастай шетінеп кетеді. Асанның екі жасында әкесі қайтыс болып, шешесін қайнысы Ыбырайымжанға атастырады. Одан Түркіс, Өрік де­ген екі балалы болады. 20-жылдардың аяғын­да­ғы жұт қоянда бұл әулеттің бас көтерген азамат­тары Аймағамбет те, Ыбырайымжан да қайтыс болып, шиеттей үш баласын ертіп, шешесі күн­көріс қамымен Бесқа­лаға кетеді.

«Ең соңғы солдаттың денесі жер қойнына берілмей тұрып соғыс бітті деуге болмайды!» Г.Жуков

Асекең сол бір зар заманды еске түсіріп, бы­лай деп әңгімелейді: – Бес жастағы ба­ла­мын ғой, түйенің қомында келе жатқаным әлі есімде. Түйенің екінші жағындағы ке­бе­же ішінде інім мен қарындасым да қа­рын­дары ашып, жылап келе жатыр. Қанша уа­қыт жүргенімізді қайдан білейін, әйтеуір, өзе­гіміз талып, өлім халіне жеткенімізде ел ше­тіне келдік. Шешеміз үйді жабасалма қы­лып тікті де өзі әлдебір жаққа барып, жү­гері ме, тарының сөгі ме, әйтеуір, қал­та­сы­на салып дәнді-дақыл алып келді. Сөйтіп, же­деғабыл ас қамдап, түйенің сүтімен ара­ластырып көже-қатық жасап берді... Шешесі Бесқалада, Ташауыз маңында тұра­тын бір жігітпен тұрмыс құрады. Бір кү­ні Маңғыстаудан ағасы Әбдеш келеді. Аш­тық пен жұт жайлаған зар заманда күн­көріс қамымен жан-жаққа бытырап кеткен ағайын-туыстарын осы Аймағамбеттің Әб­деші ел-жұртымен табыстырып жүреді. – Әбдеш ағам келгесін үй ішінде өзара дау­рығысып, әлденеге келісе алмай жат­қа­нын білемін. Содан шешем мені шақырып алып: «Мына ағаң сені Маңғыс­тауға алып кет­пекші, барасың ба?» – деді. Мен: «Бара­мын», – дедім. Сөйтіп, Әбдеш ағам мені өзі­­­­­­мен бірге Маңғыстауға алып кетті. Көліктері – түйе. Маңғыстаудың халқын не­бір зұлмат дәуірлерде жол азабынан да, шөл азабынан да құтқарған осы Ойсыл қара тұқымы, Адай аруаналары ғой. Ұлы қырдың үс­тінде қараш Бейнеубай қазған құдық­тардан шөл басып, араға екі қонып ел ше­тіне жетеді. Бұлар Сенек, Бесоқты жерінде ұйымда­сып жатқан колхозға кіріп, Асанды ауыл­дағы сауат ашу мектебіне береді. Фамилия­сын Аймағамбетов деп жазғызады. Асанның 13-14 жасқа келген шағында, Әбдеш ағасы Ташауызға барамыз деп қасына ертіп алады. «Шешең қайтыс болыпты, соған барамыз»- деген. Ташауызға келгесін, бауырлары Түр­кіс пен Өрікті көріп, көңіл жұбатқасын, ер­те­сіне шешесінің қабірі басына барады. Әб­деш Құран оқып, басына белгі қойып ке­теді. Сол сапарында Түркіс пен Өрікті де ала қай­тады. Әбдештің Қағаз, Назым деген екі әйе­лі болған. Қағаз бен Назымнан Гүл­бар­шын, Дәмелі, Дәметкен есімді үш қызы бо­ла­ды. Асан мен іні-қарындасын да осы екі кей­­­уана баласындай бағып өсіреді. 1940 жылы Сенек, Сұмса мен Бесоқты, Тоңа­ша жерлерінде ұйымдасқан бес кол­хозды Жаңғақтының ойына көшіру туралы жо­ғарыдан ұйғарым келеді. Осында отыр­ған ызғындай ел мал-жанымен енді Жаң­ғақт­ың ойына көшеді. Әбдештің әулеті де елмен бірге Қошоба деген бұлақтың басына қоныс тебеді. Қошоба баурайында он екі бұла­ғы бар, малға да, жанға да жайлы қоныс болады. Осындай жайлы қонысқа енді жай­ласа бастаған шақта Ұлы Отан соғысы бас­талып, ел тағы да дүрлігеді. Желкілдеп өсіп келе жатқан өрімдей жас­тар тізімге алынып, соғысқа әзірлік шара­лары барлық жерде басталып кетті. Асанды 1942 жылы 17-ге толған бойда-ақ ар­мия қатарына алып кетеді. Бір айдай пулеметші-атқыштар кур­сы­нан өткізіп, Асандарды Воронеж майда­ны­ның 21-армиясы құрамында Белгород қа­ла­сын жаудан тазарту айқасына жібереді. Генерал-полковник Н.Ватутиннің қол­басшылығымен бұл майдан жауын­гер­лері Украина жеріне алғашқылар қатарында кір­ген болатын. Асан Украинаның Харьков, Пол­тава қалаларын жаудан азат ету айқас­та­рына қатысады, иығынан жеңіл жарақат ала­ды. 1943 жылдың қазан айында Воронеж май­даны 1-Украин майданы болып қайта жа­сақталып, Киевтің түстік бетіндегі жау­дың ең көп шоғырланған отты нүктелерін, қару-жарақ базасын талқандау міндеті жүктелді. Житомир-Бердичев операциясы кезінде Асан бүйірінен ауыр жарақат алып, майдан даласында ес-түссіз жатып қалады. Шабуылдаушы армияның соңын ала жүре­тін тыл бөлімшесі қансырап жатқан жауын­герді жанына санитар қызды қосып, ат жек­кен арбамен дала госпиталіне жөнелтеді. Асан есін жияды. Жедел операция жасалып, екі ай бойы емделеді. Сөз арасында айта кетелік, Бердичев-Ров­но қалалары аралығындағы қан-қасап ай­қастардың бірінде майдан қолбасшысы Н.Ватутин де санынан ауыр жарақат алады. Қолбасшыны жаудан тазартылған Киев­тегі әскери госпитальге жеткізіп, ая­ғы­на күрделі операция жасалады. Алайда оны ажалдан алып қала алмайды. Ержүрек қол­бас­шы Н.Ватутин Киев қаласындағы ор­та­лық алаңға жерленеді. Госпитальден шыққан соң Асанды 2-Бе­ларусь майданы құрамындағы армияға жі­береді. Бұл жауды ел шебінен әрі қуып, енді Еу­ропа елдерін азат ету айқастары басталған кез еді. 2-Беларусь майданы басшылығына 1944 жылдың қыркүйек айында Ұлы Отан со­ғысының даңқты қолбасшыларының бірі К.Рокоссовкий келді. Бұл майданның бас­ты бағыты Польшаны, Балтық жағалауы ел­дерін, Шығыс Пруссияны жаудан тазар­тып, Берлинді солтүстік беттен қоршауға алу болатын. Осы бағыттағы немістің Ландс­берг, Эберсвальде, Бранденбург деген кі­шігірім қалаларын жау әскерлерін тал­қандау кезіндегі айқастардың бірінде дәл жанынан жарылған зеңбірек снарядының жарқыншағы тиіп, Асекең басынан жарақат алады. Біразға дейін құлағы бітіп, басы ай­на­лып қалады, дала госпиталінің дәрігерлері ба­сындағы жарақаты жеңіл, бас сүйегі аман деп, контузияға ұшырағанын анықтайды. Сөй­тіп, екі аптадай емделген соң бөліміне қай­тарады. Бұл кезде кеңес армиясы жау­дың отты ошағын толық құрсауға алып, жан алып, жан беріскен айқастар Берлин қа­ласы түбінде жүріп жатқан еді. Орталық Еуропадағы мамыражай көк­темнің шырқын жер тітіреткен зеңбірек үні мен ерсілі-қарсылы зуылдаған ажал оғы, қи­раған ғимараттар, өртке оранған үйлер, жалын ораған танктердің үйіндісі бұзып тұрды. Асандардың бөлімі Берлин қаласына түс­тік бетінен кірген болатын. Қираған үй­лердің тасасымен жауынгерлер атыса жүріп, қала көшелеріндегі от шашып, оқ боратып тұрған ұяларын өшіріп, алға жылжыды. Жау Берлинді қолдан бермеуге қанша тырысып, жанталаса қарсыласқанымен үш жақтан қыс­паққа алған Қызыл армияның тегеу­рі­ні­не шыдай алмады. Рейхстаг төбесіне қы­зыл жалау ілінгенін көргенде қуаныш­тарын­да шек болмады. Бұл 1945 жылғы 2 ма­мыр күні еді. Жауынгерлер уралап Рейхс­тагқа қарай жүгіре жөнелді. Талай күндерден бергі жойқын жарылыстар, шуылдаған оқтың даусы сап тиылған. Рейхстаг ал­дын­дағы алаңда бірін-бірі құшақтап, құттықтап жат­қан жауынгерлерде есеп жоқ. Бір­қа­тар­лары Рейхстагтың қабырғаларына штык­­тарының жүзімен, бормен есімдерін, туған жер­лерін жазып жатыр. Асан да бір бұры­шы­на «Асан, Маңғыстау» деп ойып жазды. Майдангер қарт Асан Аймағамбетов Ұлы Отан соғысындағы ерлік әрекеттері үшін «Қызыл Жұлдыз», «Отан соғысы» ор­ден­дерімен, «Ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», Жуков медальдерімен, Бас Қолбасшы И.Сталиннің Алғыс хатымен, Жеңістің мерекелік дата­ларына орай берілген медаль-төсбелгі­лері­мен марапатталды. Асекең Берлин үшін болған ақтық ай­қас­қа қатысып, Жеңістен кейін Украина же­ріндегі соғыстың ауыр зардаптарын жою, қирап, бүлінген қалаларын қалпына келтіру жұмыстарына жіберіледі. Елге 1948 жылы оралады. Соғыста үш рет жараланса да, елге келген соң Красноводск қаласы маңындағы Ақтас поселкесіндегі құрылыс материал­да­рын өндіретін комбинатқа жүргізуші болып жұмысқа тұрады. Бұл құрылыс материал­дары комбинаты Батыс Түркменстандағы үй құрылысының негізгі тірегі күше тас өндірісімен айналысатын бірден-бір өндіріс орны еді. Соғыстан кейінге ауыр жылдар, тас кесетін комбайнның шықпаған кезі. Комбинатта мыңдаған жұмысшылардың жанқиярлық еңбегімен, кесіліп дайындал­ған ақ маржан тастардан талай ғимарат бой түзеп, ел игілігіне берілді. 1948 жылғы 6 қа­занда Түркменстанның астанасы Ашха­бад қаласы жойқын зілзаладан жермен-жексен болып құлады. Қаланы қайта тұр­ғызып, қалпына келтіру жұмыстарына осы Ақтас карьерінен өндірілген күше тастар пайдаланылды. Құбатау бөктеріндегі Гюша (атауы осы карьерде өндірілген күше та­сы­нан алынған) стансасынан Ашха­батқа күн­­діз-түні толассыз күше тас жөнелтіліп жат­ты. Зеңбірегі зіркілдеген майдан дала­сы­­нан келген Асекең енді еңбек майданы­ның иен ортасында жүрді. Сұрапыл соғыс­тың соңғы солдаты, ғасыр жасаған майдан­гер қария қазір Ақтау қаласында ұлы Есен­қос пен Зоя келінінің қолында бақуат өмір кешіп жатыр.

Есберген ІҢІРБАЙҰЛЫ, Ақтау қаласы