Қорға неге қол соза береміз?
Қорға неге қол соза береміз?
Үкімет Ұлттық қорды ортайтып барады. Бюджеттің кем-кетігін жабу үшін ел болашағы үшін сақталуға тиіс қорға қайта-қайта қол сала беру ақыры әдетке айналды. Бұған дейін Ұлттық қордағы қаражатқа тәуелділіктен арылу туралы бастама бірнеше рет көтерілді. Былтыр жыл соңында Мемлекет басшысы осыған байланысты нақты тапсырма берген болатын. Дегенмен соған қарамастан биыл қордан алған ақша мөлшері жоспардағыдан асып кеткен.
Өткен аптада Мәжіліс депутаттары да Үкіметке осы мәселеге қатысты сауал жолдап, мәселені шешудің жолдарын ұсынды. Олар қандай механизмдер ұсынып отыр, тәуелсіз сарапшылар не дейді? Ұлттық қор трансферттеріне неліктен тәуелдіміз?
Жинағанға емес, жұмсағанға бейімбіз
2000 жылы елімізде Ұлттық қор құрылды. Оның активтерін Ұлттық Банкі басқарады, Ұлттық қорды басқару кеңесі қызметін үйлестіреді. Ұлттық қор қаражатын қалыптастыру және пайдалану қағидалары Бюджет кодексінде жазылған. Онда қорды толықтыру көздері туралы да ақпарат бар. Атап айтқанда, мұнай секторы ұйымдарынан түсетін тікелей салықтар, республикалық меншікті жекешелендіруден түсетін түсімдер және тағы да басқа қаражат осы қорға құйылады. Жалпы, ұлттық қордың активтері екі портфельге бөлінеді: жинақтаушы және тұрақтандырушы немесе реттеуші. Яғни, сәйкесінше, қордың екі қызметі бар. Сонымен қатар, әр портфельдің функциясына байланысты әртүрлі құралдар бекітілген. Осыған дейін, қазір де Ұлттық қордағы қаражат теңгенің айырбас бағамына және инфляцияға байланысты мәселелерді реттеу, дағдарысқа қарсы саясат жүргізу, қаржы секторын тұрақтандыру, жылжымайтын мүлік нарығындағы проблемаларды шешу, шағын және орта бизнесті қолдау, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, халықты жұмыспен қамтуды қолдау, инновациялық, индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру сияқты бастамаларға қыруар қаражат бөлініп келеді. Жалпы айтқанда, Ұлттық қордағы қаражатты жұмсауға дағдыланып алғанымыз сонша – оның негізгі жинақтаушы функциясы ұмыт қалып отыр. Мәселен, былтыр Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт мөлшері 4 триллион теңге болды. Ал биыл 2,2 триллион теңге алу жоспарланған еді, дегенмен қазірдің өзіне жоспарланғаннан көп ақша алып үлгердік.Ұлттық қорда қанша қаражат бар?
3 сәуірде жариялаған Қаржы министрлігінің Ұлттық қорда жинақталған қаражат көлемі, қорға түскен түсім мен алынған ақша жайлы есебіне сүйенсек, 1 сәуірде қордағы қаражат 29,3 триллион теңгеге жеткен. Жыл басынан бері аталған уақытқа дейін қорға 1,1 триллион теңгеден астам кіріс түскен. Соның ішінде, мұнай секторындағы ұйымдардан тікелей ұлттық қорға аударылатын салықтан 1 триллион теңге, мұнай секторы ұйымдары жүзеге асыратын операциялардан – 800 миллион теңге, республикалық меншікті жекешелендіруден – 218,9 миллион теңге, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін сатудан – 7,9 миллион теңге, Заңнамада тыйым салынбаған өзге де түсімдер мен кірістерден 1,2 миллиард қаражат түскен. Түсімдердің былтырғыға қарағанда өсуі мұнай секторы ұйымдарынан түсетін салықтан түсетін қаржының өскенінен, сондай-ақ республикалық бюджетке трансферттердің төмендегенінен болып отыр. Ал осы уақыт кезеңінде Ұлттық қордан 984 млрд теңге қаражат алынған. Соның 621 млрд теңгесі – кепілдік берілген трансферттерге, 360 млрд 620 миллионы – мақсатты трансферттерге, 2,4 миллиарды Ұлттық қорды басқаруға және жыл сайынғы сыртқы аудитті жүргізуге байланысты шығыстарды жабуға жұмсалыпты. Былтырғы тамыздағы мәлімет бойынша, соңғы 8 жылда қордың қаражаты 73 миллиард доллардан 57 миллиард долларға дейін төмендеген. Ұлттық қордың жинақтаушы функциясына қарағанда реттеуші функциясы көбірек пайдаланылады. Тіпті, тым көп деп айтуға болады. Бюджеттің кем-кетігі осы қордағы ақшамен толықтырылып отырады. Міне, осы мәселе Ұлттық қорды басқару мен пайдалану және жұмысын үйлестірудегі басты проблемаға айналып отыр.Қордың кірісі басқа елдің қорларынан әлдеқайда аз
Былтырғы желтоқсан айының басында Мемлекет басшысы Ұлттық қорға иек артуды қою керек екенін айтқан еді. Үкімет отырысы кезінде сөйлеген сөзінде Ұлттық қордың инвестициялық табысы басқа елдердің қорларынан әлдеқайда төмен екенін алға тартқан болатын. – Үкімет бюджетті тұрақтандырып, Ұлттық қордан алынатын трансферттерге тәуелділіктен арылуға тиіс. Қазір бұл мәселеде олқылықтар бар. Ұлттық қордың инвестициялық кірісі өзге елдердің мұндай қорларымен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Ұлттық қордың жылдық табысы соңғы 10 жылда 1,6 пайыз болды. Сингапурдағы осындай қор 6,4 ал Норвегияның қоры 7,5 пайыз табыс тапқан. Демек, біздегі қорды басқару міндетін атқаратын органның жұмысы айтарлықтай тиімді деп айтуға болмайды. Ұлттық банкке Үкіметпен бірлесіп, Ұлттық қорды басқару ісін жетілдіру туралы ұсыныс енгізуді тапсырамын. Онда мен айтып өткен кемшіліктер түгел ескерілуге тиіс. Ұлттық банкке Үкіметпен бірлесіп, жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Ұлттық қорды басқаруды жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырамын, – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұдан соң Республикалық бюджетті талқылау кезінде Сенат спикері Мәулен Әшімбаев соңғы 5 жылда, трансферттерді қоспағанда, бюджет кірісі шамамен 66 пайызға өскенін айтты. Бірақ осы уақыт ішінде шығындар 120 пайызға ұлғайған. Осы мәселеге мән берген Мәулен Әшімбаев, бұл проблеманы шешу үшін министрлерді қаржы саласында тәртіп сақтауға және қаражатты үнемдеуге шақырды. – Бізде кірістерден шығыстар екі есе көп екені байқалады. Сондықтан да, Үкімет бұл ақшаны бюджет тапшылығын ұлғайту есебінен Ұлттық қордан алатыны түсінікті де қисынды. Немесе салық базасын ұлғайту керек. Осыған байланысты барлығымыз қаржы саласында тәртіпке көшуіміз керек, Ұлттық қор қаражатын тек стартегиялық мақсаттарға бағыттауымыз керек, жалпы Ұлттық қор активтерін ұлғайтуға қатысты айқын стартегия болуы керек», – деді Мәулен Әшімбаев. Сондай-ақ ол Ұлттық қор активтерін 100 миллиард долларға жеткізу туралы Мемлекет басшысының тапсырмасы орындалуы қажет екенін еске салды. Содан кейін Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Ұлттық қордан трансферттерге тәуелділіктен құтылудың бірнеше жолын ұсынған еді. – Бұл бірінші кезекте республикалық бюджеттің өзіндік кіріс базасын арттыру есебінен жасалатын болады. Мұнайдан тыс тапшылықты азайту керек және бұл кірісті көбейту керек. Бұл тұтастай алғанда экономиканың дамуына, индустрияландыруға және салық салынатын базаны кеңейтуге, оның ішінде экономиканы әртараптандыру мен шағын және орта бизнесті дамытуға байланысты, – деп айтып өтті ол. Министр сондай-ақ Бюджет кодексінде биылдан бастап Ұлттық қордан трансферттер шектелетін ережелер табылғанын еске салды. Одан бөлек, сәуір айының аяғында Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Ұлттық қорға тәуелділіктен арылуға қатысты мәселе көтеріп, бірқатар ұсыныс айтып, Үкіметке жолдаған болатын. Бүгінге дейін көптеген ірі инвестициялық, инженерлік, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылымдар мен басқа да жобаларды дамыту, мемлекеттік бюджеттен, Ұлттық қордан қаржыландырылып отырғанын алға тартқан ол соңғы үш жылда әртүрлі жобаларға мемлекеттің кепілдігімен тартылған несие 2,2 триллион теңгені, ал Үкіметтің алған қарызы 1,8 триллион теңгені құрағанын айтады. Ал бұл инвестициялық жобаларға бөлінген ақшаның негізгі бөлігі екінші деңгейдегі жекеменшік банктерге орналастырылған. Сонымен қатар, 2022 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша «Самұрық-Қазына» қорының жекеменшік банктерде орналастырылған қаржы активтері мен ақшасы 5,9 триллион теңгеге жеткен. Яғни, депутаттың сөзінше мемлекеттегі қаржының көбі жекеменшік банктер арқылы айналымға жіберілген. – Мысалы, жоғарыда айтылған қаржылардың 1,0 триллион теңгесін бір жекеменшік банкке орналастырсақ, бұл банк жылына орташа есеппен 150 миллиард теңге табыс табады екен. Енді есептеңіз, қанша мемлекет қаржысы мен Үкімет алған қарыздар осы жекеменшік банктер арқылы өтті?! Осындай оңай қаржылық схемалар арқылы пайда тапқан банкирлеріміз Форбстың тізімнен бір-ақ шықты. Ай сайын инвесткірістер мен қызмет көрсетуден түсіп жатқан миллиардтар, жекеменшік банктерді Қазақстан экономикасын дамытуға мүмкіндік беретін бизнес жобаларды қаржыландыруға ынталандырмайды. Өйткені олар басын ауыртып, ойланбайды. Оп-оңай табыс келіп тұр. Бұлар әбден қаржылық монополист болып алған, – деді депутат. Депутат Үкіметтің бұл жағдайды неге бақыламай отырғанын сұрап, мемлекеттік компаниялардың қаржысын халыққа тиімді пайдалану жөнінде жан-жақты талдау жасалынып, тиісті шешімдер қабылдануы керек екенін айтқан. Сарапшы мамандар да Ұлттық қордың трансферттеріне аса тәуелді екенімізді растайды. Олардың сөзінше, бізде бюджет тапшылығы басым. Ал Ұлттық қордағы ақшаны пайдалануды бірден тоқтату мүмкін емес. Шенділерге де басқа жол іздегеннің орнына тапшылықты қордың ақшасымен толықтыра салған ыңғайлы болып отыр.Елдар Шамсутдинов, экономист:
Біз экономикалық ғажайып жасағымыз келеді...
– Егер жалпылама тұжырымдайтын болсақ, Ұлттық қордың көмегімен экономикалық ғажайып жасағымыз келеді. Ең басты проблема деп осы нәрсені айтуға болады. Дегенмен қанша тырыссақ та ондай ғажайып болмайды, тек шығын ғана келеді. Ұлттық қордан түсетін трансферттер есебінен бюджеттің мұнайдан тыс тапшылығы жабылады, өйткені ол бюджет қажетті салық мөлшерін жинауға қауқарсыз. Сондықтан қалған жеткіліксіз қаражат Ұлттық қордан алынады. Одан бөлек, Ұлттық қор үлкен әлеуметтік жобалар, бастамалар мен ірі инвестициялық жобаларға да пайдаланылады. Ал өкінішке қарай, олардың қаншалықты тиімді екенін, қаншалықты ақталатынын бағалау өте қиын. Ол үшін ең алдымен ағымдағы операцияларға толыққанды аудит жүргізу қажет. Ұлттық қорға байланысты мәселелерді шешу үшін біз осылай жұмсай беруіміз керек пе немесе үнемдеуге көшуіміз керек пе, соны анықтап алуымыз керек. Бірақ өкінішке қарай, мемлекет Ұлттық қор трансферттеріне қатты тәуелді, егер одан ақша алуды толық тоқтатса, бұл рецессияның басталуына әкеліп соғады. Сондықтан Президент 100 миллиард долларға дейін үнемдеу керек деген міндет қойды, бірақ, сонымен қатар шығын мен кірісті нақты есепке алуымыз керек. Ұлттық банк Ұлттық қорды басқару саясатын өзгертіп, жоғары кірісті активтер портфелін ұлғайтып, жылдық мәнде 4,3-4,5 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр. Кіріс көлемінің ұлғаюы тәуекелді де арттыратынын түсіну аса маңызды.