Қорға неге қол соза береміз?

Қорға неге қол соза береміз?

Қорға неге  қол соза береміз?
ашық дереккөзі
Үкімет Ұлттық қорды ортайтып барады. Бюд­жеттің кем-кетігін жабу үшін ел бола­ша­ғы үшін сақталуға тиіс қорға қайта-қай­та қол сала беру ақыры әдетке айналды. Бұған дейін Ұлттық қордағы қаражатқа тәуел­діліктен арылу туралы бастама бірне­ше рет көтерілді. Былтыр жыл соңында Мем­ле­кет басшысы осыған байланысты нақты тап­сырма берген болатын. Дегенмен соған қа­рамастан биыл қордан алған ақша мөл­шері жоспардағыдан асып кеткен. Өткен аптада Мәжіліс депутаттары да Үкі­мет­ке осы мәселеге қатысты сауал жолдап, мәселені ше­­шудің жолдарын ұсынды. Олар қандай ме­ха­низмдер ұсынып отыр, тәуелсіз сарапшылар не дей­ді? Ұлттық қор трансферттеріне неліктен тәуел­­діміз?

Жинағанға емес, жұмсағанға бейімбіз

2000 жылы елімізде Ұлттық қор құрылды. Оның активтерін Ұлттық Банкі басқарады, Ұлттық қорды басқару кеңесі қызметін үйлестіреді. Ұлттық қор қаражатын қалыптастыру және пай­далану қағидалары Бюджет кодексінде жазыл­ған. Онда қорды толықтыру көздері туралы да ақ­парат бар. Атап айтқанда, мұнай секторы ұйым­дары­нан түсетін тікелей салықтар, республикалық мен­шікті жекешелендіруден түсетін түсімдер және та­ғы да басқа қаражат осы қорға құйылады. Жалпы, ұлттық қордың активтері екі порт­фельге бөлінеді: жинақтаушы және тұрақ­т­­ан­дырушы немесе реттеуші. Яғни, сәйкесінше, қор­дың екі қызметі бар. Сонымен қатар, әр порт­фель­дің функциясына байланысты әртүрлі құрал­дар бекітілген. Осыған дейін, қазір де Ұлттық қордағы қаражат тең­генің айырбас бағамына және инфляцияға бай­ланысты мәселелерді реттеу, дағдарысқа қарсы сая­сат жүргізу, қаржы секторын тұрақтандыру, жыл­жымайтын мүлік нарығындағы проблемаларды ше­шу, шағын және орта бизнесті қолдау, агро­өнер­кәсіптік кешенді дамыту, халықты жұмыспен қам­туды қолдау, инновациялық, индустриялық және ин­фрақұрылымдық жобаларды іске асыру сияқты бастамаларға қыруар қаражат бөлініп келеді. Жалпы айтқанда, Ұлттық қордағы қаражатты жұм­сауға дағдыланып алғанымыз сонша – оның не­гізгі жинақтаушы функциясы ұмыт қалып отыр. Мәселен, былтыр Ұлттық қордан кепіл­ден­діріл­ген трансферт мөлшері 4 триллион теңге болды. Ал биыл 2,2 триллион теңге алу жоспарланған еді, де­­­генмен қазірдің өзіне жоспарланғаннан көп ақша алып үлгердік.

Ұлттық қорда қанша қаражат бар?

3 сәуірде жариялаған Қаржы министрлігінің Ұлттық қорда жинақталған қаражат көлемі, қорға түскен түсім мен алынған ақша жайлы есебіне сүйенсек, 1 сәуірде қордағы қаражат 29,3 триллион теңгеге жеткен. Жыл басынан бері аталған уақытқа дейін қорға 1,1 триллион теңгеден астам кіріс түскен. Соның ішін­де, мұнай секторындағы ұйымдардан тікелей ұлт­тық қорға аударылатын салықтан 1 триллион тең­ге, мұнай секторы ұйымдары жүзеге асыратын опе­­рациялардан – 800 миллион теңге, респуб­ли­ка­лық меншікті жекешелендіруден – 218,9 миллион тең­ге, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учас­ке­лерін сатудан – 7,9 миллион теңге, Заңнамада тыйым салынбаған өзге де түсімдер мен кірістерден 1,2 миллиард қаражат түскен. Түсімдердің был­тыр­ғыға қарағанда өсуі мұнай секторы ұйымдарынан тү­сетін салықтан түсетін қаржының өскенінен, сон­дай-ақ республикалық бюджетке транс­ферттердің төмендегенінен болып отыр. Ал осы уақыт кезеңінде Ұлттық қордан 984 млрд теңге қаражат алынған. Соның 621 млрд теңгесі – кепілдік берілген трансферттерге, 360 млрд 620 миллионы – мақсатты трансферттерге, 2,4 миллиарды Ұлттық қорды басқаруға және жыл сайын­ғы сыртқы аудитті жүргізуге байланысты шы­ғыстарды жабуға жұмсалыпты. Былтырғы тамыздағы мәлімет бойынша, соңғы 8 жылда қордың қаражаты 73 миллиард доллардан 57 миллиард долларға дейін төмендеген. Ұлттық қордың жинақтаушы функциясына қа­рағанда реттеуші функциясы көбірек пайда­ла­нылады. Тіпті, тым көп деп айтуға болады. Бюд­жет­тің кем-кетігі осы қордағы ақшамен толықтырылып отыра­ды. Міне, осы мәселе Ұлттық қорды басқару мен пайдалану және жұмысын үйлестірудегі басты проб­лемаға айналып отыр.

Қордың кірісі басқа елдің қорларынан әлдеқайда аз

Былтырғы желтоқсан айының басында Мем­ле­кет басшысы Ұлттық қорға иек артуды қою керек екенін айтқан еді. Үкімет отырысы ке­зін­де сөйлеген сөзінде Ұлттық қордың инвести­ция­лық табысы басқа елдердің қорларынан әлдеқайда тө­мен екенін алға тартқан болатын. – Үкімет бюджетті тұрақтандырып, Ұлттық қор­дан алынатын трансферттерге тәуелділіктен арыл­у­ға тиіс. Қазір бұл мәселеде олқылықтар бар. Ұлт­тық қордың инвестициялық кірісі өзге елдердің мұн­дай қорларымен салыстырғанда әлдеқайда тө­мен. Ұлттық қордың жылдық табысы соңғы 10 жыл­да 1,6 пайыз болды. Сингапурдағы осындай қор 6,4 ал Норвегияның қоры 7,5 пайыз табыс тапқан. Де­мек, біздегі қорды басқару міндетін атқаратын ор­ганның жұмысы айтарлықтай тиімді деп айтуға бол­майды. Ұлттық банкке Үкіметпен бірлесіп, Ұлттық қорды басқару ісін жетілдіру туралы ұсыныс ен­гізуді тапсырамын. Онда мен айтып өткен кем­ші­­­ліктер түгел ескерілуге тиіс. Ұлттық банкке Үкі­мет­пен бірлесіп, жоғарыда айтылғандарды ескере оты­рып, Ұлттық қорды басқаруды жетілдіру жө­нін­де ұсыныстар енгізуді тапсырамын, – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұдан соң Республикалық бюджетті талқылау кезінде Сенат спикері Мәулен Әшімбаев соң­ғы 5 жылда, трансферттерді қоспағанда, бюджет кірі­сі шамамен 66 пайызға өскенін айтты. Бірақ осы уақыт ішінде шығындар 120 пайызға ұлғайған. Осы мә­селеге мән берген Мәулен Әшімбаев, бұл проб­ле­маны шешу үшін министрлерді қаржы саласында тәр­тіп сақтауға және қаражатты үнемдеуге ша­қыр­ды. – Бізде кірістерден шығыстар екі есе көп екені бай­қалады. Сондықтан да, Үкімет бұл ақшаны бюд­жет тапшылығын ұлғайту есебінен Ұлттық қордан ала­тыны түсінікті де қисынды. Немесе салық базасын ұлғайту керек. Осыған байланысты бар­лы­ғымыз қаржы саласында тәртіпке көшуіміз ке­рек, Ұлттық қор қаражатын тек стартегиялық мақ­сат­тарға бағыттауымыз керек, жалпы Ұлттық қор ак­тив­терін ұлғайтуға қатысты айқын стартегия болуы ке­рек», – деді Мәулен Әшімбаев. Сондай-ақ ол Ұлттық қор активтерін 100 мил­лиард долларға жеткізу туралы Мемлекет басшы­сы­ның тапсырмасы орындалуы қажет екенін еске салды. Содан кейін Ұлттық экономика министрі Әлі­бек Қуантыров Ұлттық қордан транс­ферт­­терге тәуелділіктен құтылудың бірнеше жолын ұсынған еді. – Бұл бірінші кезекте республикалық бюджеттің өзін­дік кіріс базасын арттыру есебінен жасалатын бо­лады. Мұнайдан тыс тапшылықты азайту керек жә­не бұл кірісті көбейту керек. Бұл тұтастай ал­ған­да экономиканың дамуына, индустрияландыруға жә­не салық салынатын базаны кеңейтуге, оның ішін­де экономиканы әртараптандыру мен шағын жә­не орта бизнесті дамытуға байланысты, – деп ай­тып өтті ол. Министр сондай-ақ Бюджет кодексінде биылдан бастап Ұлттық қордан трансферттер шектелетін ережелер табылғанын еске салды. Одан бөлек, сәуір айының аяғында Мәжіліс де­пу­таты Еділ Жаңбыршин Ұлттық қорға тәуел­ділік­тен арылуға қатысты мәселе көтеріп, бірқатар ұсы­ныс айтып, Үкіметке жолдаған болатын. Бүгінге дейін көптеген ірі инвестициялық, ин­женерлік, көліктік және әлеуметтік инф­рақұры­лым­дар мен басқа да жобаларды дамыту, мем­ле­кеттік бюджеттен, Ұлттық қордан қаржылан­дыры­лып отырғанын алға тартқан ол соңғы үш жылда әртүрлі жобаларға мемлекеттің кепілдігімен тартылған несие 2,2 триллион теңгені, ал Үкіметтің алған қарызы 1,8 триллион теңгені құрағанын айтады. Ал бұл инвестициялық жобаларға бөлінген ақ­шаның негізгі бөлігі екінші деңгейдегі жекеменшік банк­терге орналастырылған. Сонымен қатар, 2022 жыл­ғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша «Самұрық-Қа­зына» қорының жекеменшік банктерде орналас­ты­рылған қаржы активтері мен ақшасы 5,9 трил­лион теңгеге жеткен. Яғни, депутаттың сөзінше мем­лекеттегі қаржының көбі жекеменшік банктер ар­қылы айналымға жіберілген. – Мысалы, жоғарыда айтылған қаржылардың 1,0 триллион теңгесін бір жекеменшік банкке ор­на­ластырсақ, бұл банк жылына орташа есеппен 150 миллиард теңге табыс табады екен. Енді есеп­теңіз, қанша мемлекет қаржысы мен Үкімет алған қарыздар осы жекеменшік банктер арқылы өтті?! Осындай оңай қаржылық схемалар арқылы пайда тапқан банкирлеріміз Форбстың тізімнен бір-ақ шықты. Ай сайын инвесткірістер мен қызмет көр­сетуден түсіп жатқан миллиардтар, жекеменшік банк­терді Қазақстан экономикасын дамытуға мүм­кіндік беретін бизнес жобаларды қаржыландыруға ынталандырмайды. Өйткені олар басын ауыртып, ой­ланбайды. Оп-оңай табыс келіп тұр. Бұлар әбден қар­ж­ылық монополист болып алған, – деді депутат. Депутат Үкіметтің бұл жағдайды неге бақыла­май отырғанын сұрап, мемлекеттік компа­ниялардың қаржысын халыққа тиімді пайдалану жөнінде жан-жақты талдау жасалынып, тиісті шешімдер қабылдануы керек екенін айтқан. Сарапшы мамандар да Ұлттық қордың транс­ферт­теріне аса тәуелді екенімізді растайды. Олар­дың сөзінше, бізде бюджет тапшылығы басым. Ал Ұлт­тық қордағы ақшаны пайдалануды бірден тоқ­тату мүмкін емес. Шенділерге де басқа жол іздеген­нің орнына тапшылықты қордың ақшасымен то­лық­тыра салған ыңғайлы болып отыр.

 width=Мақсат Халық, экономист:

Ұлттық қор болашаққа арналған қор ретіндегі функциясын атқаруы керек

– Бұл жердегі негізгі мәселе – Ұлттық қордың та­лан-таражға түсуі болып отыр. Жылда Ұлттық қордан жоспарланған аударым 2,2 триллион теңгеге жоспарланады, бірақ ылғи да одан тыс өте көп мөлшердегі қыруар қаражат бөлінеді. Өткен жылы да 4,6 триллион теңге аударылған. Бұл дегеніміз – қаншама қаражат елдегі ақша массасын ұлғайтып, инфляцияның одан әрі қарқынды түрде өсуіне ық­пал етіп отыр. Сондықтан да Ұлттық қор ауда­рым­дарын тежеп, оны орнымен жұмсау керек. Биыл да 2,2 триллион теңге жоспарланған болатын, бірақ, тағы да 800 миллиард теңге қосымша ақша алын­ған. Яғни, қазірдің өзінде 3 триллион жұмсалып отыр, жыл соңына дейін тағы да өсуі мүмкін. Яғни, Үкімет ұлттық қордан түсім түскен соң ар­қа­сын кеңге салады, сол арқылы әлеуметтік тө­лем­дердің барлығын төлейді. Шенділер жан салып жұ­мыс істегеннің орнына, осы жеңіл жолды таң­дайды. Сондықтан, шектеулер нақты қойылуға тиіс. Ұлттық қор болашаққа арналған қор ретіндегі функциясын атқаруы керек.

 width=Елдар Шамсутдинов, экономист:

Біз экономикалық ғажайып жасағымыз келеді...

– Егер жалпылама тұжырымдайтын болсақ, Ұлт­тық қордың көмегімен экономикалық ғажайып жасағымыз келеді. Ең басты проблема деп осы нәр­сені айтуға болады. Дегенмен қанша тырыссақ та ондай ғажайып болмайды, тек шығын ғана келеді. Ұлттық қордан түсетін трансферттер есебінен бюд­жеттің мұнайдан тыс тапшылығы жабылады, өйт­кені ол бюджет қажетті салық мөлшерін жи­науға қауқарсыз. Сондықтан қалған жеткіліксіз қара­жат Ұлттық қордан алынады. Одан бөлек, Ұлттық қор үлкен әлеуметтік ж­о­ба­лар, бастамалар мен ірі инвестициялық жобаларға да пайдаланылады. Ал өкінішке қарай, олардың қан­шалықты тиімді екенін, қаншалықты ақта­ла­ты­нын бағалау өте қиын. Ол үшін ең алдымен ағым­дағы операцияларға толыққанды аудит жүргізу қажет. Ұлттық қорға байланысты мәселелерді шешу үшін біз осылай жұмсай беруіміз керек пе немесе үнемдеуге көшуіміз керек пе, соны анықтап алуымыз керек. Бірақ өкінішке қарай, мемлекет Ұлттық қор трансферттеріне қатты тәуелді, егер одан ақша алуды толық тоқтатса, бұл рецессияның басталуына әкеліп соғады. Сондықтан Президент 100 миллиард долларға дейін үнемдеу керек деген міндет қойды, бірақ, сонымен қатар шығын мен кірісті нақты есепке алуымыз керек. Ұлттық банк Ұлттық қорды басқару саясатын өзгертіп, жоғары кірісті активтер портфелін ұлғай­тып, жылдық мәнде 4,3-4,5 пайызға жеткізуді жос­пар­лап отыр. Кіріс көлемінің ұлғаюы тәуекелді де арттыратынын түсіну аса маңызды.

 width=Андрей Чеботарев, экономист:

Жоспарлағаннан 800 миллиард теңгеге көп ақша алып үлгердік

– Ең басты мәселе – Ұлттық қордың жұмсала беруі. Біз оны үнемі жұмсай береміз, біздің бюд­жеті­міз – дефицитті бюджет. Түсініктірек, қарапайым мысалмен айтайын, мем­лекетімізді отбасы деп алатын болсақ, біздің от­басымыздың кірісінен шығыны көп. Яғни жұм­саған ақшасы табысынан асып кетеді. Жетпей тұр­ған ақшаны біз екі жақтан аламыз. Бірінші, не­сиеден, ішкі-сыртқы нарықтан ақша ала тұрамыз да, облигация шығарамыз. Қалған жетпей тұрған бөлігін біз ақша жасырып қоятын тартпамыз – Ұлт­тық қордан аламыз. Ол тартпадағы қаражат, негізі болашақта жаңа үй салуға, үйге жөндеу жұмыстарын жасауға жинап, сақтап жүрген ақша, бірақ біз оны ай сайын, күн сайын жұмсай береміз, жұмсай бере­міз. Тек өткен жылы мұнайдың бағасы тым жоғары бол­ғанының арқасында ғана соңғы 8 жылда Ұлттық қорға салған ақшамыз алғанымыздан көп болды. Біз ұлттық қордан жай ақша алып қана қоймай­мыз, біз ылғи өте көп мөлшерде қаражат жұмсаймыз. Со­ның салдарынан әу баста сол ақшаға жоспар­лан­ған істерді кейінге қалдыра береміз. Сондықтан Мем­лекет басшысы Ұлттық қордан ақша алуды азай­туды тапсырып отыр, өйткені ол қаражат – біздің балалаларымыздың болашағына, болжап-біл­меген стихиялық апаттардың салдарын жоюға, бе­тін ары қылсын, сондай жағдайлар бола қалса, пан­демия кезінде берілген 42 500 теңге сияқты ха­лыққа көмек беруге арналған ақша. Негізінен, мәселенің шешімі өте қарапайым: Ұлттық қордан ақша алуды қою керек. Бірақ ондай жағдайда қайдан алатынымыз белгісіз. Өйткені, әу баста айтқан сөзіме қайтып ораламын, біздің табысымыз шығындарымызды толық жабуға жеткіліксіз. Сондықтан жағдайды бірден реттейтін шұғыл шешім жоқ. Ұлттық қорға деген тәуелділікті жайлап, тұрақты түрде төмендетіп, ақша алуды біртіндеп азайтып отыру керек. Дегенмен өкінішке қарай, біз керісінше одан сайын тәуелді болып бара жатқынымыз байқалады. Биылдың өзінде мақсатты трансферт ұлғайтылды, біз Ұлттық қордан жоспарлағаннан 800 миллиард теңгеге көп ақша алдық. Иә, ақша алуды, тәуелділікті азайту керек. Алай­да, мұны істеу өте қиын, өйткені біз тап қазір жаңа әде­мі диван мен жаңа iPhone алғымыз келеді, бірақ дәл қазір оған ақшамыз жоқ. Қорыта айтқанда, Ұлттық қор болашаққа арналған қор емес, қауіпсіздік жастығы да емес, жетпей тұрған ақшаны оңай толтырудың құралына айналған. Бұлай кете берсе, біріншіден, қордың түбі көрінеді, екіншіден, қорға иек артып үйреніп қалған Үкіметтің жұмысы ілгерілейді дегенге сену қиындай бермек. Бірақ қордан ақша алуды бірден тоқтату мүмкін емес, мәселенің шешімі ұзақ уақытты, шыдамдылық пен еңбекті қажет етеді.