АРМИЯМЫЗ ЗАМАНАУИ ҚАРУЛАРМЕН ЖАБДЫҚТАЛЫП, ҚУАТЫ АРТЫП КЕЛЕДІ
Қазақ армиясының құрылымына келсек, ол – Құрлық күштері, Әуе қорғанысы күштері, Әскери-теңіз күштері, Әуеұтқыр әскерлері, Ракета әскерлері мен артиллериясы және Арнайы әскерлерден тұрады. Қазақ армиясының құрылуы туралы дерек берсек, оның алғашқы қадамы 1991 жылы 25 қазанда Қазақстан Президентінің Жарлығымен Қазақ КСР-інің мемлекеттік қорғаныс комитетін құрудан басталды. 1992 жылғы 7 мамырда Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрылғаны заңды түрде бекіп, Қазақстанның бірінші Қорғаныс министрі болып Кеңестер Одағының Батыры генерал-полковник Сағадат Нұрмағанбетов тағайындалды. 1998 жылы 1 маусымда еліміздің әуе шебі қорғанысын қамтамасыз етіп, мемлекеттік, әскери және әкімшілік нысандарды әуе шабуылынан қорғау және Қарулы Күштердің басқа құрылымдарына авиациялық көмек көрсету міндетін орындайтын Әуе қорғанысы күштері пайда болды. Соңынан Құрлық күштерінің «Астана», «Шығыс», «Батыс», «Оңтүстік» аталған төрт өңірлік қолбасшылығы, Каспий теңізі шекара аймақтарын қорғайтын Әскери-теңіз күштері құрылды. Қазақстанда кеңестік дәуірде үлкен әскери күш шоғырланғандықтан КСРО тараған шақта елімізде сол кездегі жоғары техникамен қаруланған 200 мыңнан астам жеке құрамы бар қуатты арсеналға ие армия болды. Одан бөлек Ембі, Сарышаған, Семей, Байқоңыр әскери полигондары, ғарыш айлағы, бірнеше әскери қару-жарақ қоймасы бар еді. Қазақстанда мұндай қуатты әскери күштің шоғырланып тұруына ХХ ғасырдың екінші жартысындағы саяси жағдайлар себеп болып, шекараны нығайтуға мән берілген болатын. Сол себептен Қазақстанда 68, 80, 155, 203-ші мотоатқыштар дивизиясы, 78 танк дивизиясы, 22 арнаулы бригада, 57 арнаулы десанттық бригада тұрды. Сонымен бірге, әрбірінде 48 оқ тұмсығы қойылған үш дивизиядан тұратын КСРО-ның стратегиялық зымыран арнаулы кешендері, 240 қанатты зымырандармен жарақтанған, 40 «Ту-95» ұшағынан тұратын бомбалаушы 79-авиация армиясы, Семейдегі 1350 танкке ие 5202-танк дивизиясы қазақ жерінде орналасқан-ды. Бұдан бөлек 5203, 5204-әскери қоймаларда мыңдаған түрлі қару-жарақтар, артиллериялық қарулар болды. Қазақстанның оңтүстік облыстарында төрт мотоатқыштар дивизиясы, Талдықорған мен Аягөздегі әскери ұшақ базалары да әскери жағдайға сақадай сай тұрды. Кейін Кеңес Одағы тарағанда осының бәрі елімізде қалды. Сонымен бірге 1989 жылы Ауғанстанда он жылдай әскери іс-қимылдар жүргізген 40-армия Қазақстанға әкелініп, 32-армия болып қайта құрылып, оның басшылығы Алматыда тұрды. Сондай-ақ Кеңес Одағының ядролық оқ тұмсықты арсеналдары қазақ жерінде қалды. Дегенмен еліміздің басшылығы бұл қауіпті қарудан бас тартты. Солай десекте, сол тұста қолданыста болған әскери қарулар өз армиямызды жабдықтауға пайдаланылды. Ал бүгінде уақыты өткен қарулардың орнын жаңа қарулармен алмастырылып, Қазақстанның Қарулы Күштері үлкен әскери әлеуетке ие армияға айналып келеді. Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Қазақстан армиясын реформалау бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Осыған орай Қарулы Күштердің құрылымы мен құрамын жаңғырту, әскери дайындықты жетілдіру, заманауи қару-жарақпен және әскери техникамен жарақтандыру, цифрландыру ісін одан әрі жалғастыру, әскери инфрақұрылымды дамыту, әскери қызметтің беделін арттыру жөніндегі басым бағыттар айқындалды. Қазақстан армиясын сапалық тұрғыда жетілдіру міндеттері аясында жеке құрамның кәсіби шеберлігі мен білім-біліктілігін арттыру үдерісі жалғасуда. Әлемдік стандарттарға сай заманауи қару-жарақпен жабдықталып, кәсіби шеберлігі жоғары жеке құраммен жасақталған жауынгерлік әзірлігі мен қабілеті жоғары армияның болуы ұлттық қауіпсіздігіміз бен мемлекет мүддесін сенімді қорғау шарттарының бірі екені анық. Қорғаныс министрлігінде Қазақстан армиясын заманауи, жоғары технологиялық қару-жарақпен және әскери техникамен жабдықтау жұмыстары тұрақты негізде жүргізіліп келеді. Бүгінде Құрлық әскерлері қару-жарақ пен әскери техниканың, жоғары дәлдіктегі қарудың, байланыс, барлау және автоматтандырылған басқару жүйелерінің заманауи үлгілерімен жабдықталған. Оның ішінде заманауи электронды барлау және күрес жүйелері, жауынгерлік броньды машиналар мен бронетранспортерлер, зымыран-артиллериялық қару-жарағы, ауыр отшашу жүйелері, мобильді байланыс кешендері, отандық радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс машиналары, жанар-жағар май жеткізу құралдары, далалық госпитальдар және түрлі медициналық техникалар бар. Әуе қорғанысы күштерінің авициялық паркі қазіргі заманғы жойғыш ұшақтармен, әскери-көлік ұшақтарымен, соққы беруші және көліктік-жауынгерлік тікұшақтармен толықтырылды. Оның ішінде 4++ Су – 30СМ буынындағы заманауи жауынгерлік ұшақтары бар. Су-27 және Су-25 ұшақтары ауқымды жаңартудан өтті. Сонымен қатар авиациялық паркке өз класында үздік саналатын С-295 әскери-көлік ұшақтары, Zlin оқу-жаттығу ұшақтары, ЕС-145, Ми-171Ш көліктік-жауынгерлік тікұшақтары, Ми-35М көп мақсатты соққы беруші тікұшақтары келіп түсті. Жеке құрамды, ауыр қару-жарақты, арнайы техникалар мен өзге де жүктерді Қарулы күштердің қажеті үшін алыс қашықтыққа тасымалдау, сондай-ақ арнайы операциялар мен өзге де жалпы мемлекеттік тапсырмаларды орындау үшін орта және үлкен жүктерді көтеретін әскери-көліктік ұшақтарды сатып алу жоспарлануда. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері жаңа және жаңғыртылған зымырандық кешендер мен радиолокациялық стансалармен қамтамасыз етілген. Бүгінде еліміздің әуе шебін С-300ПС, С-200, С-125 сенімді зениттік-зымыран кешендері, сондай-ақ отандық «Нұр» радиотехникалық кешендері күзетеді. Әскери-теңіз күштері «Зенит» Орал зауытында» жасалған зымыран-артиллериялық кемелерімен жарақтанған. 2013 жылы 7 мамырда отандық «Қазақстан» зымыран-артиллериялық кемесі мен «Жайық» гидрографиялық кемесі «Мәтібұлақ» полигонында өткен жауынгерлік парадқа қатысып, Каспий теңізінің қазақстандық секторында онлайн режимде өздерінің атыс мүмкіндіктерін көрсетті. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында әскери ведомство отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенімен өзара ықпалдаса отырып, әскерді техникалық тұрғыдан қайта жарақтау шараларын қабылдап жатыр. Бүгінде отандық кәсіпорындарда өндірілген «Арлан» брондалған дөңгелекті машиналары, зымыран-артиллериялық корабльдері, «Нұр» радиолокациялық стансалары жауынгерлік кезекшілікті лайықты атқарып келеді. Бұл тізімді жаңа үлгідегі байланыс құралдарымен, оптикалық көздегіштермен, автомобильдік техникалармен де толықтыруға болады. Мұнан өзге осы отандық қорғаныс өнеркәсібі кешеніне қарасты кәсіпорындарда қару-жарақ пен әскери техникаларды күрделі жөндеу мен жаңғыртудан өткізу мүмкіндігі бар. «Нұр» радиолокациялық стансасын қорғаныс-өнеркәсіп кешеніміздің серпінді даму көрсеткіштерінің бірі деуге болады. Қазақстандық-француздық әзірленімдегі «Нұр» РЛС GM 403 аналогы заманауи элементтік базада жобаланған және радиоэлектрондық әсер ету жағдайларында тиімді жұмыс істеуге қабілетті. Аталған әскери техника «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ құрамына кіретін қазақстандық «Гранит-Талес Электроникс» кәсіпорнында өндірілді. 2019 жылдан бастап Қазақстан әскерінде қолданыста, пайдалану нәтижелері бойынша әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері мамандарының пікірі жақсы. Десанттық-шабуылдау әскерлерінің жауынгерлік мүмкіндіктері жыл сайын артып келеді. Биылғы жылы Қарулы Күштердің қазықты құрылымы дербес әскер тегіне айналды. Бүгінде Қарулы Күштердің элитасы – Десанттық-шабуылдау әскерлері Жоғарғы Бас қолбасшының резерві саналады. Президент Жарлығымен Қарулы Күштердің құрылымында Арнайы операциялар күштерінің қолбасшылығы құрылды. Арнайы операциялар күштеріне қорғаныс және әскери қауіпсіздік жөніндегі тапсырмаларды орындау, терроризмге қарсы операцияларға қатысу және заңсыз қарулы құралымдарға қарсы іс-қимыл жүргізу жүктелген. Қазіргі заманғы әскери іс-қимылдарда ұшқышсыз ұшу аппараттары сияқты әсер ету жүйелері кеңінен таралуда. Осы перспективалық бағытты дамыту мақсатында Қарулы Күштердің Бас штабында Ұшқышсыз авиациялық жүйелерін дамыту департаменті құрылды. Бүгінде Қазақстан әскері қорғаныс пен шабуылдағы классикалық ұрыс түрлерін қолданудан қазіргі қарулы қақтығыстар тәжірибесіне сәйкес ұрыс дағдыларын игеруге көшті. Бұл қалалық және таулы жерлерде ұтқыр қимылдайтын, техникалық жағынан жақсы жарақталған, шағын топтардан тұратын заңсыз қарулы топтарға қарсы ұрыс түрі. Мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүргізілген іс-шаралар Қазақстан Республикасының қорғаныс қабілетін нығайтуға және мемлекеттің әскери ұйымының әскери қатерлерге қарсы тұруға дайындығын арттыруға мүмкіндік берді.
ӘСКЕРИ ТӘРТІПТІҢ БОЛУЫ – АРМИЯНЫҢ МЫҚТЫЛЫҒЫНЫҢ КЕПІЛІ
Әскерилердің бас амандығы олардың алаңсыз әскери борышын өтеуі үшін ең керекті талап. Соңғы жылдарда қазақ армиясында кездесіп жатқан кейбір келеңсіздіктердің алдағы кезде орын алмауы үшін, көптеген ата-аналардың арасында балаларын әскерге жіберуге алаңдаушылық тумауы үшін осы бір түйткілді мәселенің алдын алып, әскери тәртіпті күшейтуде бірталай жұмыстар қолға алынып жатыр. 2022 жылғы тамыз айында Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың бастамасымен «Өміріңді сақта» ведомствоаралық бағдарламасы бекітілді. Бұл құжат құқықбұзушылықтың алдын алуға, билікті асыра пайдалану фактілерін ескертуге, жарақаттану мен әскери ортадағы орны толмас шығынды азайтуға, әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған. Оны әзірлеуге Мемлекеттік күзет қызметінің, ҰҚК Шекара қызметінің, Ұлттық ұланның, Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері, ғалымдар, қоғам қайраткерлері мен психологтар қатысты. Құжат алдын алудың тиімді шараларын әзірлеуге, әскерлерде жүргізіліп жатқан жұмысты қоғамның оң қабылдауы мен қолдау көрсетуіне бағытталып отыр. Бағдарламаның мазмұны тәжірибеде қолдануға барынша ыңғайлы. Ақпараттық-имидждік блоктан бастап, әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әскери инфрақұрылым объектілерін жетілдіру жөніндегі жұмыстардан заң шығару қызметіне дейінгі алдын алу бағыттарының барлық кешені қамтылған. Қазіргі әскер – ашық әлеуметтік институт. Сондықтан бұл мәселеде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты басты ұстаным болып отыр. Бағдарлама қазірдің өзінде нәтижесін беріп жатыр деуге болады. Мәселен, 2022 жылдың қорытындысы бойынша қайтарымсыз шығындар мен қылмыстық әрекеттердің санын едәуір қысқартуға қол жеткізілген. 2022-2025 жылдарға арналған «Өміріңді сақта» бағдарламасы үш кезеңде жүзеге асырылмақ. Оның нәтижелерін 2026 жылғы қаңтарда өтетін Қорғаныс министрлігінің бірлескен алқа отырысында шығару жоспарлануда. Сонымен қатар құқықтық және әскери тәртіпті сақтау, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне әлеуметтік қолдау көрсету, Қарулы күштердің қоғамдық ұйымдармен, оның ішінде сарбаз аналары комитетімен өзара қарым-қатынасын жетілдіру бағытындағы жұмыстың жаңа тәсілдері енгізілген. Әскерлерде қазіргі заманғы байланыс құралдарын пайдалана отырып, мерзімді қызметтегі сарбаздардың туыстары және жақындарымен қарым-қатынас жасау мүмкіндіктерін кеңейту шаралары да қабылданып жатыр. Оның нақты мысалы ретінде «Отбасымен бейнеқоңырау» қызметінің бұқараның сұранысына ие болғанын айтуға болады.
ЕЛІМІЗДЕ ӘСКЕРИ САЛАНЫ ЗАМАНҒА САЙ ДАМЫТЫП, ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ТҰРҒЫДА ЖАҢҒЫРТУДА ЖАҢАШЫЛДЫҚТАР БАР
Қазір Армия қызметінің барлық саласына цифрлық технологияларды енгізу жалғасуда. Әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды есепке алу цифрлық форматқа ауыстырылды, бұл жергілікті әскери басқару органдарының жұмысын автоматтандыруға мүмкіндік береді. Жергілікті әскери басқару органдарын цифрлық трансформациялаудың мақса- ты – қызметтің тиімділігін арттыру, жұмылдыру ресурстарын есепке алу сапасын жақсарту, оларды цифрландыру және автоматтандыру арқылы қызметтің барлық бағыттары бойынша үдерістерді оңтайландыру. Енді мобильді азаматтар базасында тіркелген қазақстандықтар хабарлама ала алады. Қазіргі күні 300 мыңнан астам әскерге шақырылушы 1414-тен ЅМЅ хабарламалар алып үлгерген. Бұл жоба – азаматтардың өмірлік жағдайларын негізге ала отырып, оларға белсенді қызмет көрсету арқылы «көрінбейтін мемлекет» жүйесін енгізудегі тағы бір қадам болып отыр. Қарулы Күштерді цифрландыру үш блокқа бөлінген. Оған қарулы күштерді жасақтау және жұмылдыру әзірлігі процесі, жауынгерлік даярлау және әскерді жауынгерлік басқару процесі кіреді. Бірінші блоктың міндеттері мерзімді қызметке шақыру және келісімшарт бойынша әскери қызметшілерді қабылдау рәсімін 100 пайыз цифрландыру, армияны жарақтандыру қызметін цифрландыру болса, екінші блок барлық процесті цифрлық форматқа ауыстыру арқылы қарулы күштердің жауынгерлік даярлығын жетілдіруді көздейді. Ал үшінші блок әскерді жауынгерлік қолдануды цифрландыруға бағытталған. Бұдан өзге Қорғаныс министрлігі клиентке бағдарланған тәсіл саясатын ескере отырып, ел азаматтарының қатысуы мен қамтылуын арттыру, халықты ақпараттандыру мақсатында QR-код көмегімен халықты ақпараттандыруға болатын өзіндік ақпараттық панель әзірленген. Аталған QR-код тұжырымдамалық тұрғыдан жаңа нәрсе емес, дегенмен QR-код – бұл шындық пен виртуалды әлем арасындағы байланыс түрі. Қорғаныс ведомствосы әзірлеген ақпараттық панельдің арқасында азаматтар Қарулы күштердің құрылымы туралы білуге мүмкіндік алады. Мұнда Шекара қызметі, Мемлекеттік күзет қызметі, Ұлттық ұлан, Төтенше жағдайлар министрлігі сияқты басқа әскерлер мен әскери құралымдар туралы да жан-жақты ақпарат орналастырылған. Азаматтар ақпаратты телефонды немесе компьютер-планшетті QR-кодқа апару арқылы ала алады. Сондай-ақ мемлекеттік органның эмблемасының астында орналасқан QR-кодты көрсете отырып, орталық мемлекеттік органдардың басшылығына тікелей жүгінуге де болады. Сонымен қатар бұл панельде жергілікті әскери басқару органдарының байланыс телефондары орналастырылған. Азаматтар кез келген уақытта әскери комиссариаттардың байланыс нөмірлерін таба алады. Сондай-ақ телефондар мен мекенжайларды Instagram аккаунтынан да табуға болады. Ақпараттық панельде жергілікті әскери басқару органдары көрсететін бірқатар мемлекеттік қызметтер де орналастырылған.
Армия үшін тәртіп пен кәсібилік және замануи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі ең негізгі нәрсе. Бұл жағынан алғанда, Қазақстан Қарулы Күштері жыл сайын күшейіп, қуатты армияға айналып келеді. Қазір әлемде Андорра, Вануату, Ватикан, Коста-Рика, Лихтенштейн, Палау, Микронезия және Маршалл аралдары, Панама сияқты елдерде армия жоқ. Ал 18 жыл бойы Global Firepower веб-сайты әлемнің 145 елінің әскерлерін мұқият бақылап келеді. Әлемде қай армия мықты деген сұраққа жауап беру үшін сайт мамандары қаржыландырудан бастап логистикалық және географиялық ерекшеліктеріне дейін 50-ден астам критерийді пайдаланады. Биылғы рейтинг бойынша АҚШ, Ресей, Қытай, Үндістан, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Пакистан, Жапония, Франция, Италия, Түркия, Бразилия, Индонезия, Египет, Украина сияқты мемлекеттер армиясының күштілігі жөнінен алғашқы 15 елдің қатарында тұр. Ал бұл сараптауда Қазақстан 63 орында. Демек, біздің армиямыз қазіргі жағдайда әскерінің мықтылығы жөнінен әлемде ортадан жоғарыда орын иеленіп тұр. Алдағы уақытта Қарулы Күштеріміздің дәрежесі жоғары қарай көтеріле бермек. Ол үшін мемлекетіміз де, халқымыз да отансүйгіш жандардың көбеюі үшін жұмыс жүргізсе, жақсы нәтижелерге жетуіміз бек мүмкін. Қазақ армиясының даңқы арта берсін!Материалды Қорғаныс министрлігі берген мәліметтер негізінде дайындаған Ахмет ӨМІРЗАҚ