Шымкентте Жер қатынастары басқармасының басшылығы ұсталды

Шымкентте Жер қатынастары басқармасының басшылығы ұсталды

Шымкентте Жер қатынастары басқармасының басшылығы ұсталды
ашық дереккөзі
Шымкент қалалық Жер қатынастары басқармасының басшылығы жемқорлық фактісі бойынша күдікке ілінді. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Дәурен Ерғарин Facebook-парақшасында жазды деп хабарлады turkystan.kz. Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі қаланың Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшы құрамына қатысты бірқатар қылмыстық істерді тергеп жатыр. Басқарма басшысы қызметтік міндеттерін орындау кезінде қамқорлық көрсеткені үшін бөлім бастықтарынан 200 мыңнан 800 мың теңгеге дейінгі мөлшерде пара алды деген күдікке ілінген. Оның орынбасары мен бөлім бастығы адамдар тобымен алдын ала сөз байлау арқылы кәсіпкерден 5 миллион теңге көлемінде пара алды деп айыпталып отыр. Кәсіпкер параны жер учаскесін мемлекет пайдасына алу кезінде бюджеттен ақшаны кедергісіз төлеу үшін берген.
«Сот күдікті тұлғаларға қатысты бұлтартпау шараларын санкциялады. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне орай өзге ақпарат жария етуге жатпайды. Сонымен бірге, Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, әр адам оның қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі сот үкімі заңды күшіне енбейінше кінәсіз деп есептеледі» деп жазды Дәурен Ерғарин.