Жаңалықтар

"Шымбұлақта" қаза тапқан ресейлік төреші тыйым салынған аумақта сырғанаған

ашық дереккөзі

"Шымбұлақта" қаза тапқан ресейлік төреші тыйым салынған аумақта сырғанаған

Қар көшкінінен ресейлік төрешінің қаза табуына байланысты «Қазгидромет» РМК мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «7 ақпан күні 14.05-те екі шаңғышының әрекетінен қар көшкіні туындады. 2650 м. биіктіктен құлаған көшкін 2400 м. биіктіктегі кіші Шымбұлақ өзеніне құлаған», - делінген мекеме хабарламасында. «Қар көшкіні шығуға төселген трассадан тыс, рұқсат берілмеген жерде болды. Бұған дейін 2017 жылдың 31 қаңтарында «Қазгидромет» РМК Іле Алатауында 31 қаңтар-1 ақпан күндері қар көшкіні болады деген дауылды ескерту жариялады. Қар көшкіні жағдайына болжам бойынша, 2017 жылдың 6-7 ақпан күндері Қазақстанның таулы өлкелерінде ешқандай қар көшкіні күтілген жоқ», - деп нақтылады «Қазгидромет» РМК. Еске сала кетейік, 7 ақпан күні сағат 14:06 кезінде Шымбұлақ құтқарушыларына Спартак Алемасов есімді РФ азаматы хабарласқан. Ол таудың батыс бөктерінде трассадан тыс сырғанау кезінде қар көшкіні орын алып, қар құрсауында адам қалғандығын айтқан. Оқиға орнына шұғыл түрде Универсиада нысанын күзетуге жұмылдырылған күштер бағытталды. Жалпы, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің республикалық жедел-құтқару жасағының 50-ге жуық адамы қар көшкіні орнына барды. Сағат 15:23-те құтқарушылар 1986 жылы туған Белослудцев Алексей Николаевич есімді Ресей Федерациясы азаматының денесін қар құрсауынан алып шықты. Сағат 16:14-те іздестіру тобында болған медициналық көмек дәрігерлері реанимациялық әрекеттерден кейін спортшының өлгендігін нақтылады. Мерт болған азамат ресейлік Красноярск қаласынан фристайл бойынша делегация құрамында келген және техникалық төреші болған. Марқұмның досы оның қарға із салынбаған тау бөктерін арнайы таңдап отырғандықтарын айтты. Олар бұл аумақта сырғанауға тыйым салынғанын біле тұра, фрирайдпен айналысқан. Мұның соңы қайғылы жағдаймен аяқталды.