Димаштың Джеки Чанға жапқан шапанын Шыңжаңдағы қандастар жеткізіп берген
Димаштың Джеки Чанға жапқан шапанын Шыңжаңдағы қандастар жеткізіп берген
Димаштың атақты актер Джеки Чанға жапқан шапаны мен домбырасын Қытайдағы қандастарымыз түнделетіп тауып, ертесінде Үрімшіден Бейжіңге жеткізіп берген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аты әлемге мәшһүр актердің жас әнші Димаш Құдайбергеновпен кездесуі - кешегі бір күннің ғана емес, биылғы бір жылдың ең үздік жұлдызды кездесуі деп айтуға әбден болады. Супер жұлдыз бұл жолы қазақтың көк шапанын киіп, қасиетті домбырасын қолына ұстап қайтты. Қытайдың вичат әлеуметтік желісіне тараған ақпаратқа сәйкес, атақты актерге сыйлаған домбыра мен қазақы шапанды Шынжаңдағы «Халықаралық Керуен» серіктестігінің өкілі Есбол Мұхамаданұлының тапсырысы бойынша, Уәлибек Тұрдақынұлы түнделетіп Шынжаңдағы ұлттық бұйымдар дүкендерін аралап, ең сапалы қазақы шапан мен нағыз шебердің қолынан шыққан қазақтың қара домбырасын тауып, күндізгі сағат 11-де Бейжіңге жеткізіп берген. «Мен үшін түн ішінде домбыра мен шапанды табу оңай болған жоқ. Әлеуметтік желілер көмегімен жедел іздестіру арқылы «Айна» саз орталығынан домбыраны, «Жасбұлақ» киім-кешек дүкенінен шапанды таңдап алдырдым. Сөйтіп, шұғыл түрде Үрімші уақыты бойынша таңғы сағат алтыларда ұшақпен жолға шығып, түске жақын Бейжің қаласында Димаш Құдайбергеновке өз қолыммен табыс еттім», - дейді «Мансұрсофт» серіктестігінің құрылтайшысы Уәлибек Тұрдақынұлы.