Осы жолы Асланбектің бағы жанса екен – Тұрсынғали Еділов

Осы жолы Асланбектің бағы жанса екен – Тұрсынғали Еділов

Осы жолы Асланбектің бағы жанса екен – Тұрсынғали Еділов
ашық дереккөзі
Бокстан Ташкентте (Өзбектан) өтіп жатқан әлем чемпионатында бүгін Қазақстан құрамасынан бір боксшы жарыс жолынан шығып қалды. Ал ертең екі былғары қолғап шебері: Санатәлі Төлтаев пен Қамшыбек Қоңқабаев шаршы алаңда еліміздің намысын қорғайтын болады. Осы орайда бокстан Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Тұрсынғали Еділов Тurkystan.kz тілшісіне сұхбат беріп, боксшылардың өнеріне баға берді. Бокс маманының айтуынша, қазіргі әлем чемпионаты – алдағы Олимпиадаға апаратын жол. Сондықтан боксшыларымыз осы бастан дайындыққа көңіл бөлуі керек.
«Жігіттердің қарқыны жаман емес. Өнерін тамашалап, құрамаға жанкүйер болып отырмыз. Бұл дегеніміз Олимпиадаға дайындық қой. Алда үлкен дода күтіп тұр. Сондықтан Олимпиада салмағындағы боксшылар жақсы өнер көрсетіп, алда немен жұмыс істеу керегін түсініп, сабақ алуы керек. Осы жолғы жарысқа көп мемлекеттен боксшы келді, бұл бір жағынан қызық», - дейді бапкер.
Тұрсынғали Еділов осы жолы ұлттық құрамадан қанша жүлде күтетінін де жасырмады. Сонымен қатар жарыс жолынан бірінші болып шыққан Талғат Сырымбетовтің қандай қателік жібергеніне тоқталды.
«Менің ойымша, осы жолы бір-екі алтын болса, жақсы. Ресей, Куба, Өзбекстан жақсы командамен келген. Жалпы, Өзбекстан жақсы дайындалғаны байқалады. Боксшыларымыз Куба, Өзбекстан боксшыларымен міндетті түрде кездеседі меніңше. Ширек финалда Қамшыбек ресей боксшысымен жұдырықтасайын деп жатыр. Одан кейін Джалоловпен кездеседі. Шымбергенов те өзбек боксшысымен шығады. Негізі, өзіме Шымбергенов ұнайтын еді. Тәжірибесі бар ғой, ол Олимпиадаға баруы керек еді. Талай жыл жолы кесілді. Ол әлем чемпионатының, Олимпиаданың алтынына лайық. Сәттілік тілеп, жанкүйер болып отырмын. Кезінде Абылайхан Жүсіповпен кездесті. Олимпиадаға бара алмай қалды. Енді жолы ашылып, бағы жанса екен деймін. 60 келіде өнер көрсеткен Талғат Сырымбетовтің жекпе-жегін көрдім. Бірінші тайландтық боксшымен шықты. Жеңді, бірақ оған біраз жұмыс істеу керек. Міне, қазір иорданиялықтан ұтылғанын көріп отырмыз. Қазақстанның бокс мектебі бар. Өзбекстан, Куба сияқты жоғары деңгейде тұруымыз керек. Бұл – бізге сын. Бокс деген құры төбелес емес, баспен, ақылмен жұмыс істеп үйрену керек», - дейді Тұрсынғали Еділов.