AMANAT және Halyk bank қолға алған қаржылық сауаттылық жобасы жалғасуда

AMANAT және Halyk bank қолға алған қаржылық сауаттылық жобасы жалғасуда

AMANAT және Halyk bank қолға алған қаржылық сауаттылық жобасы жалғасуда
ашық дереккөзі

«AMANAT» партиясы мен Halyk Bank қолға алған «Қарызсыз қоғам» қаржылық сауаттылықты арттыру жобасына 1,5 мыңға жуық отандасымыз қатысып жатыр. Кеше алғашқы дәріс өтті.

Партия Хатшысы Эльдар Жұмағазиев жобаға қатысушылар қаржылық мәселелер қалай пайда болатынын, дәл қазіргі уақыттағы қарыздар санын азайтудың қандай жолдары бар екенін, алаяқтардың негізгі алгоритмдерін, несиелік тәртіп мәселелерін және т.б. зерттейтінін атап өтті.

«Осындай жобаның қажет екені бұрыннан байқалып келеді. Қарызға белшеден батқан көп адам одан өз бетінше құтыла алмайды. Тіпті, қайда барып, кімнен көмек сұрайтынын да білмейді. Бұл әсіресе ауылдық елді мекендердің тұрғындары үшін өте өзекті мәселе. Сондықтан бірінші кезекте курстар облыс орталықтарында емес, аудандарда өтеді», - деді ол.

Жобаға қатысушылар күндізгі форматта сауатын арттырып, бір топта 50 адамға дейін оқытылады. Оқу процесінің ұзақтығы – 5 жұмыс күні.

Қаржы мамандарының дәрісінен бөлек, оқу процесіне қатысушыларға заңгер көмегі көрсетіледі. Олар әр қарыз алушының несие тарихын жеке-жеке зерттеп, қарыз жүктемесін жеңілдету бойынша тәжірибелік кеңес береді.

Еске сала кетейік, бұған дейін «AMANAT» партиясы Halyk Bank-пен бірге «Қарызсыз қоғам» жобасының басталғанын жариялап, тиісті меморандумға қол қойған болатын. Жобаны Halyk Bank қаржыландырады.

Жобаның басты мақсаты азаматтардың әсіресе, берешегі бар қарыз алушылардың (жеке тұлғалар) қаржылық сауатын арттыру. Оқыту жұмысы жыл соңына дейін жалғасады.

«Қарызсыз қоғам» жобасы аясында алғашқы кезеңде Ақтөбе, Алматы, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Атырау және Маңғыстау облыстарының 80 мыңға жуық тұрғыны оқытылады.