Жаңалықтар

Өт жолдарын қалай емдеуге болады? - Дәрігер жауап берді

ашық дереккөзі

Өт жолдарын қалай емдеуге болады? - Дәрігер жауап берді

Кейінгі кезде өт, бауыр ауруына шалдыққандар қатары көбейген.  Жалпы, өттің, бауыр қызметінің бұзылуы – әлемде ең кең таралған проблемалардың бірі. Сонымен, өт неден толады? Бауырдың майлануына не себеп? Оны қалай емдеуге болады? Бұл туралы дәрігер, диетолог, нутрициолог Гүлбала Есенбекқызы Тurkystan.kz тілшісіне айтып берді.  Дәрігердің айтуынша, өттің толуына бірінші себеп – дұрыс тамақтанбау. Егер адам күніне үш мезгіл уақтылы тамақтанатын болса, ағзада өт жақсы бөлінеді. Ал бұл мезгілді өткізіп алып,  түнгі уақытта тамақтансаңыз, өт дұрыс бөлінбей, ауру пайда болуы мүмкін. Өйткені ағзаңыз ол кезде асқазанаға ас келетінін білмейді. Осының салдарынан өт дұрыс тамбай, өт қалташасында ұйып тұра береді. «Режим дұрыс болмағандықтан өт ұйып, қоюлана бастайды. Осылай құмға, тасқа айналып, адам өтін алдырып тастап жатады. Содан кейін түрлі торт, тәтті, қуырылған тағамдарды көп жегеннен бауырды май басады, холестерин көбейеді. Мысалы, маргарині бар тамақтарды алайық. Түрлі печенье, шоколад жеп жатамыз. Оның құрамы пайдалы май емес, керісінше зиянды холестерин пайда болуына әкелетін маргариндер. Ол ағзамызға барған кезде дұрыс сіңбей, қорытылмай қалады. Қантамырларымызға барып қатып, тоңмай сияқты ұйып қалады», - дейді Гүлбала Есенбекқызы. Диетолог адам су нормасына да көңіл бөлу керектігін айтады.  Сонымен қатар мейлінше пайдалы майларды тұтынған жөн. «Біз көбіне арзан болғандықтан рафинатталған күнбағыс майын қолданамыз. Тамақ істегенде қазанымызда ол май екі жүз градустан аса ыстықта қызады. Содан майдың құрамында токсиндер бөлінеді. Ол ағзамызға барып, артық қалдық ретінде жабысады. Мұның бәрі өт пен бауырға кері әсер етеді. Ол токсиндер ағзамызда тұрады, шықпайды», - дейді диетолог. Ағзаның саулығы үшін тамақтану режиміне пайдалы майларды қосу маңызды. Адамдар зәйтүн, зығыр, кокос, қолдың сары майы қымбат болғандықтан көп тұтынбай жатады. Маман таңертең пайдалы май тұтыну керегін айтады. Өйткені ол өт бөледі әрі өтті сұйылтады. «Тамақтанғанда ағзамызға қажетті пайдалы майлар, ақуыздар, көмірсулар жетіспей жатады. Ұнды, сүтті, жалпы глютені бар тағамдар өттің қоюлануына алып келеді. Сосын қимыл қозғалыстың аздығы. Таңертеңнен кешке дейін бір орында отырып жұмыс істейміз. Содан да өт дұрыс бөлінбейді», - дейді маман. Өт дұрыс бөліну үшін арнайы жаттығуларды жасауға болады. Ал өт толып, бауыр майланған жағдайда қалай емделу керек? Дәрігердің айтуынша, ең алдымен режимді дұрыстау қажет. Уақтылы ұйықтауға тырысқан жөн. «Бетке түрлі дақ шықса, шаш түсіп, тырнақ сынып, денеде жағымсыз иіс пайда болса, өт пен бауырда проблема бар деген сөз. Сол үшін тамақтану режимін сақтау керек. Уақтылы ұйықтап, уақытында тұрыңыз. Көбірек қимыл-қозғалыс қажет. Пайдалы майларды тұтыныңыз. Рационыңызда көп мөлшерде ақуыз, күрделі көмірсу болуы қажет. Ал өтте тас болса, дәрігердің кеңесімен емдік дозада дәрі тағайындалады. Сонымен қатар маманның айтуымен тюбаж процедурасын жасап, түрлі минералды су арқылы өтті тазартуға болады», - дейді Гүлбала Есенбекқызы.