Алтай Көлгінов Түркістан облысындағы бірқатар нысанды аралады
Алтай Көлгінов Түркістан облысындағы бірқатар нысанды аралады
Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов Түркістан облысына сапарында Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, өңірдің әлеуметтік дамуының өзекті мәселелерін шешуге арналған кеңес өткізіп, бірқатар денсаулық сақтау және білім беру нысандарын аралады деп хабарлайды turkystan.kz Үкімет сайтына сілтеме жасап.
Түркістан облысында медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру мәселесі өткір тұр: өңірде 257 дәрігер маман жетіспейді, медициналық құрал-жабдықтардың 45%-ы, медициналық мекемелердің жартысы тозған.
«Түркістан облысында оқушы саны көп және апатты жағдайдағы мектептер мәселесін шешу үшін алдағы үш жыл ішінде 96 білім нысанын салу жоспарланған. «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында 63 мектеп, жергілікті бюджеттен 13 мектеп салынады. Сонымен қатар білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен республика бойынша 72 мектеп құрылысы жоспарланған, оның 11-і Түркістан облысында салынады», - деді Алтай Көлгінов.
Кеңес барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әкімдіктермен бірге нақтылап жатқан Цифрлық отбасы картасы деректерін жаңарту мәселелері де талқыланды. Жаңартылған деректер әрбір азаматтың мәртебесі мен әлеуметтік қолдауға мұқтаж және кепілдік берілген мемлекеттік қызметтермен қамтылмай қалған балаларды анықтауға көмектеседі.
Қоғамды алаңдататын мәселе — аймақтағы тұрмыстық зорлық-зомбылық деңгейі. Вице-премьер азаматтардың өмірі мен денсаулығына, отбасылардың амандығына тікелей қатысты бұл мәселе әрбір аудан әкімінің бақылауында болуы маңызды деп атап өтті.