Жаңалықтар

Жеңіс күні 13 мыңнан астам алматылық төлем алады

ашық дереккөзі

Жеңіс күні 13 мыңнан астам алматылық төлем алады

Алматы қаласы мәслихатының кезектен тыс III сессиясында Жеңістің 78 жылдығына орай біржолғы көмек көрсету мәселесін депутаттар бірауыздан қолдады деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. Бұған дейін Алматы қаласының әкімдігі әрбір ардагерге 1 миллион теңге көлемінде қаражат беруді қарастырған болатын. Алайда, мегаполис басшысы Ерболат Досаевтың ұсынысы бойынша, биыл Алматыдағы 58 соғыс ардагері 1,5 миллион теңге көлемінде ақшалай төлем алатын болды. Сондай-ақ Алматының 13 233 тұрғынына мерекеге орай 889,9 млн теңгеге ақшалай төлем қарастырылып отыр. Бұл – Екінші дүниежүзілік соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген азаматтар, еңбек майданының қатысушылары, басқа мемлекеттердің аумағындағы соғыс ардагерлері, соғыста қайтыс болған қатысушылары мен мүгедектерінің әйелдері, Ауғанстанда және басқа мемлекетте қаза тапқандардың отбасылары. - ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне 1,5 млн теңгеден; - ҰОС қатысушыларына теңестірілгендерге 100 мың теңгеден; - Еңбек майданына қатысушыларға 50 мың теңгеден; - Басқа мемлекеттер аумағындағы соғыс қимылдарының ардагерлеріне 100 мың теңгеден; - ҰОС-да қайтыс болған қатысушылардың, мүгедектердің әйелдеріне 50 мың теңгеден; - Ауғанстанда және басқа мемлекеттерде қаза тапқандардың отбасыларына 100 мың теңгеден. Өз кезегінде, депутаттар ардагерлерді құттықтауға және оларға қосымша көмек көрсетуге қатысатынын жеткізді.