«Тұранда түрік ойнаған ұқсап отқа»

«Тұранда түрік ойнаған ұқсап отқа»

«Тұранда түрік ойнаған ұқсап отқа»
ашық дереккөзі
Қасиетті Рамазан айының соңғы екі күнгі ауызашарына қатысу несібесі киелі Түркістан топырағында бұйырды. Біраз күн бұрын профессор Жамбыл  Артықбай телефон шалды. «Сен Мағжанды білесің ғой. Түркістанда азаматтар Мағжанға арнап хабар түсіреді екен. Соған барып қатысып келсең. Қалай қарайсың?», – деді. Жақын сыйласатын тарихшы ағаның тілектестігіне риза болдық. Мәселенің мән-жайын «Түркістан Медиа Холдинг» серіктестігінің басқарушы директоры, белгілі журналист, ел азаматы Тельман Бейсен телефон шалып түсіндірді. Уакыттың тығыздығын, қызметтен өтініш жазып сұрану керегін сылтау етіп, бірден келісе қоймадық. Ара­да жарты сағат өтпей белгілі әдебиет сыншысы, қаламгер Құлбек Ергөбек телефон соқты. Дүйсенбі күні сағат кешкі жеті болып қалған уақыт еді. «Айналайын, Қайырбек, Түркістанға келіп кет, хабарға қатыс, аруақ риза болады, бірнеше хабар тү­сіреміз», – деп шегінуге жер қалдырмады. Осылайша, бір күн ішінде шұғыл шешім қабылдап, университет басшылығынан өтініш жазып сұранып, сәрсенбі түс­тен кейін Түркістан қаласына жолға шығып кеттік. Қайта түлеген шаһардың әуежайында телефон арқылы танысқан Тельман Бейсен күтіп алды. Әңгімелесе келе, журналистика, руханият саласында қызмет істейтін ортақ таныстар табылды. Ел аймақтарында басшылық қызмет атқарған іскер журналист Тельман Бейсен Түркістан облысы ашылған кезде туған же­ріне оралған екен. Содан бері бес жыл көлемінде Түркістан телекомпаниясының талай игі жұмысын мойнына алған. «Түркістан Медиа Холдингінің» Бас ди­рек­торы Жанахмет Ағыбаев істің тетігін білетін шебер ұйымдастырушы, білікті маман көрінді. Күлімдеп қарсы алды, Түркістан қаласына қош келдіңіз деді. Бейсенбінің таң сәресін ішіп, ауыз бекіттік. Бұл биылғы Рамазан айының соңғы күні еді. Киелі жердің құдіреті ме, ойға өлең жолдары келді. Қасиетті топырақтың шапағаты шығар деп көңілге қонған құсым жеріп кетпесін дегендей, өлең шумақтарын қимадық, телефонға түсіріп қойдық. Жаратқанмен сырласу мазмұнында жаңа өлең туды. Жазылған күйінде таңғы жетіде әлеуметтік желіге жарияладық. Түркістан теларнасында біздің қа­ты­суымызбен үш хабар түсірілді. Журналист Айдар Сейдазым жүргізген «Түркістан төрінде» хабарында түркілік рухани бірлік жайлы әңгіме қозғалды. Биыл – Түркістан қаласының облыс орталығы мәртебесіне ие болғанының бес жылдығы. Осы аралықта жасалған игі жұмыстар, бұл шешімнің тарихи маңыздылығы, Түркістан қаласының түркі дүниесінің рухани орталығына айналдыру бағытындағы алдағы жоспар, жаңа міндеттер жайында ой өрбіді. Мағжан Жұмабайұлы­ның 130 жылдығына және әйгілі «Түркістан» жыр-толғауының 100 жылдығына арналған «Түркістан – екі дүние есігі ғой» атты екінші хабарда Алаштың айтулы ақынының қилы тағдыры, өлмес туындыларының тағылымы, бүгінгі күнмен тарихи-рухани сабақтастығы туралы сөз болды. Қошке Кемеңгерұлының өмірі мен ғылыми-шығармашылық мұрасына арналған үшінші хабарда ұлы атамыздың ұлт тарихындағы орны туралы әңгіме айтылды. Соңғы екі хабарды тігісін жатқызып отырып Құлбек аға жүргізді. Мағ­жан шығармашылығына арналған хабарға татардың көрнекті ақыны, Алаш ақы­нын татар тілінде сөйлеткен Радиф Га­таш, соңғысына филология ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, алаштанушы Орынай Жұбай онлайн қатысып, әңгіме мазмұнын көркейтті. Тарих ғылымдарының докторы, алаштанушы Тұрсын Хазрет, белгілі сазгер, әнші Сауранбек Елеуов хабарлардың тақырыбын терең ашуға көмектесті. Телеарнадан шабыттанып шыққан бойда биыл Түркістан жеріне қоныс аударған ғалым Шәкір Ыбыраевқа сәлем беруге бардық. Көкшетауда, Астанада ұзақ жыл қасында қызмет істеп, ақылын тыңдап, ғылым жолында бағытын ескерген ағаның есен-саулығын көріп, амандығын білдік. Ғылыми-шығармашылық болашақ жұмыстар жөнінде пікірлесіп, дидарласып қалдық. Түркістан телеарнасы басшылығы кеш­кі ауызашарға «Құлатай ата» мешітіне алып барды. Сол жерде қалың жамағат ортасында биылғы жылғы ора­заның соңғы ауызашарына қатысуға, дұғада отырып ниет етуге нәсіп етті. Рамазан айында Түркістан шаһарына Құдай қолдап келіп, рухани азық жинап, ойы, пікірі бір, елдік, ұлттық мүдде жолында риясыз қызмет істеп жүрген тілектес азаматтармен танысып қайттық. Түркістан дегенде, алдымен тамыры көне заманға тартатын көне шаһарды еске аламыз. Сол топырақта тыныштық тапқан әулие Қожа Ахмет Ясауиді, ұлы хандар мен сұлтандарды, баһадүр батырлар мен билерді, ұлт тарихындағы игі жақсыларды ойлаймыз. Одан кейін Пат­ша заманында түрік бауырлары мекен еткен үлкен аймақты елестетеміз. ХІХ ғасырда Түркістан облысының құрылғанын, қазақ тілді тұңғыш мерзімді басылым – «Түркістан уалаятының газетін» ескереміз. Және, ең бастысы – тамыры Тұраннан тартатын түрік бұтағынан өрбіген Түркістан атты алып кеңістікті ойша шолып шығамыз. Осындайда Қошке Кемеңгерұлының «Түріктің алтын бесігі – Алтай, ер жетіп, өсіп-өнген ордасы – Түркістан» атты сөзінің мағынасына терең бойлаймыз. Түркістан облысының орталығы Әзірет Сұлтан бабамыз жатқан қасиетті қалаға ауыстырылғанына ризамыз. Себебі бүгінгі Түркістанның түлегені – түркілік рухтың жаңғырғаны. Ескі шаһар заманға сай жаңарып, түрленіп жатқанына тәнті болдық. 1923 жылы, тура бір ғасыр бұрын Түркістанның то­пы­рағында Мағжан ақын: Тұранда түрік ойнаған ұқсап отқа, Түріктен басқа от болып жан туып па? Көп түрік енші алысып тарасқанда, Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?, – деген отты өлеңінің астарында не айтқысы келетінін зерделедік. Рамазанның соңғы күнінде қазақтың қилы тағдырында, Тұранның терең тарихында қасиеті мен киесі бөлек Түркістан еліне гүлденуді, одан әрі көркейе беруді тіледік.  

Қайырбек Кемеңгер,

Л.Гумилев атындағы ЕҰУ

Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі