Исатай-Махамбет көтерілісіне себепші болған Қарауыл қожа кім еді?
Исатай-Махамбет көтерілісіне себепші болған Қарауыл қожа кім еді?
ХІХ ғасырда ғұмыр кешкен тарихи тұлғалардың бірі – Батыс Қазақстан территориясындағы қожа өкілдерінің ішінде бірден-бір қуатты, мейлінше күшті және ықпалды, Исатай-Махамбет бастаған шаруалар көтерілісінің шығуына себепші болған адам Қарауыл Бабажанов еді. Өлкемізде азды-көпті қалдырған ізі бар бұл қожа туралы тарих қойнауынан бүгінге жеткен сараң деректер не дейді? Соған бір шолу жасағанымыз өткенімізді тануға, тарихымызды жаңаша зерделеуге пайдасы тимесе, зияны тие қоймас деп ойлаймыз.
Жалпы, қазақ жеріндегі қожалар шығу тегіне қарай тоғыз үлкен әулеттік бөлімдерге, одан тармақтарға бөлінген. Бөкей Ордасында Сейіт қожа бөлімінен: төре қожа, мырза қожа, кедей қожа, фарсы қожа сынды төрт тармағы тараған. (История Букеевского ханства 1801-1852г) Бабажановтар әулеті сейіт қожаның Мырза қожасынан тарайды. Мырза қожаның Бабажан, Есмұрат, Өтеп, Игентақ, Батыр, Тілеу атты алты баласы болған. Бабажан қожадан бес ұл – Қабдір, Дарый, Жантұр, Қарауыл, Хан тарап, одан әрі қарай ұрпақтары жалғаса береді.
805 жылдан бері старшын болып, Бөкей берген билет бойынша көктем мен күзде Жайықтан әрі-бері өтіп қана жүрген Қарауыл қожа 1809 жылдың 27 наурызында беріш руының старшыны болып, немере ағасы Төке қожа Тілеуқожаев екеуі өздерінің 15 түтін жақын туыстарымен бірге Бөкей сұлтанның түпкілікті қарамағында болу үшін Еділ бетіне қоныстануға рұқсат алады. Қарауыл 1823 және 1825 жылдары орыстың әскери қызметкері, мемлекет қайраткері, дипломат, географ, топограф Ф.Бергтің Арал мен Каспий жағалауының әскери-топографиялық сипаттамасын жасау бағытындағы экспедициясына қатысқаны үшін оған 1826 жылдың 17 қыркүйегінде Николай патша әскери капитан дәрежесіне сай келетін есауыл шенін берген. 1834 жылдан бастап І Теңіз бөлігі адай руы қазақтарын басқарған ол, дәл осы уақытта ірі саудагерге де айналып үлгереді.
Бабажанов орыс помещиктерімен келісімшарт жасасып, қазақтар үшін жалға қыстайтын жер алып, халықты ақылы жұмысқа тартып, сауданы дамытып, қазақ арасынан капиталистік кәсіпкерлікке алғаш ден қойған адам екені жайында дерек мол. Қарауыл қожа өзінің іскерлігімен Астрахан, Орынбор, Орал қалаларының мемлекеттік шенеуніктеріне, көпестеріне, помещик саяжайларының қызметкерлеріне танымал болды. Теңіз өңірінің халқына сырттан көтерме саудамен астық сатып алып, азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін Шекара комиссиясынан куәлік алды. Астрахан алпауыттарымен соттасып, княгиня Багратион тарапынан салынған айыппұлдардың заңсыздығын дәлелдеп, Қарауыл сырт қарсыластарымен айқасып жүрді. Бұл істе Орынбор ресейлік Багратионды емес, ордалық Бабажановты жақтады. Қарауыл 1832 жылғы жерді жалға алуға қабілеті болмаған Каспий өңіріндегі халықты ашаршылықтан құтқару үшін Юсупов иелігінен балық аулауға үкіметтен рұқсат әперді. Қарауындағы қазақтардың қыстап шығуы үшін 1829 жылы помещиктер Юсупов пен Безбородко жерлерін жалға алып, келісімшарт бойынша ақы төледі. Сонымен қоса Орынборда, Оралда мешіт салдыруға қаражат берген имандылық істерін айтпағанда, Астрахан мен Орынбордың зиялы адамдарымен аралас болған. Орынбор шекаралық комиссиясының төрағасы Г.Генс өзімен жақын қарым-қатынаста болған Қарауылдан қазақтарға қатысты бірқатар тарихи аңыздарды жазып алған. Сонымен қоса Каспий бойынан алғашқылардың бірі болып қарағай үй мен басқа да шаруашылық құрылыстарын салған.