Жаңалықтар

Еліміздің тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы бәрінен қымбат – Президент

ашық дереккөзі

Еліміздің тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы бәрінен қымбат – Президент

27 сәуір күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясының отырысы өтті. Жиында Мемлекет басшысы Ассамблеяның ал­қалы жиынын жыл сайын ел бірлігі күніне орай өткізу дәстүрге айналғанын, мұнда еліміз үшін өте маңызды ұсыныстар айтылатынын алға тартып, бұл мейрамның маңызына тоқталды. – Еліміз жақында Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өтеді. Бұл – ырыс-ынтымақты, татулық пен келісімді дәріптейтін мейрам. Қазақстан үшін бұл аса маңызды мереке. Еліміз Бірлік күнін міндетті түрде атап өтуге тиіс. Себебі қасиетті Отанымыздың іргесі бүтін, тұғыры мығым болсын десек, бірлігіміз әрқашан бекем болуы керек. Бұл – анық ақиқат, – деді Президент. Сонымен қатар, Президент сессияда Ата заңымызға өзгерістерді референдум арқылы енгізу туралы бастамада халқымыз өзінің тарихи таңдауын жасағанын айтты. – Біз «бірлік пен тұрақтылық болмаса, саяси-экономикалық реформалар жүзеге аспайды» дейміз. Әрине, бұл – дұрыс пайым. Бірақ бірлік дегеніміз мақсатымызға апаратын жол ғана емес. Бұл – мемлекеттілігіміздің ең басты тірегінің бірі, – деді ол. Мемлекет басшысының сөзінше, татулық пен келісім тек мемлекеттік саясатта емес, қоғамда, үйде, ұжымда, жалпы, барлық жерде дәріптелуі қажет. – Мен бұған дейін де айттым: еліміздің тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы бәрінен қымбат. Ел бірлігі осы мызғымас құндылықтармен қатар тұруға тиіс. Сонда ғана болашағымыз баянды болады. Татулық пен келісім тек мемлекеттік саясатта емес, қоғамда, үйде, ұжымда, жалпы, барлық жерде дәріптелуі қажет. Бұл жалаң ұран емес, әр азаматтың күнделікті ұстанымы болуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бірліктің және тыныштық небір қиын-қыстау заманды өткерген, қазақ жерінен пана тапқан барша этностар үшін қымбат құндылықтар екеніне ерекше тоқ­талған ол әрбір азамат бірлікті нығайту үшін қызмет етуі керек екенін айтты. – Бұл қызмет ешқашан тоқтамайды, үздіксіз жалғаса береді. Өйткені бірлік болса ғана, тірлік болады. Біз осы мызғымас қағидаға әрдайым адал болуымыз керек. Ассамблея қасиетті қазақ жерін мекен еткен бар­ша этносты ұйыстырып отыр. Онда еңбек етіп жүр­ген азаматтарды бірліктің елшісі деуге болады, – деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар, Президент жалпыұлттық бірлік­тің жарқын көрінісіне мысал келтірді. – Даңқты отандастарымызды, спортшыларымызды, мәдениет қайраткерлерімізді, ғалымдарымыз бен студенттерімізді, кә­сіпкерлерімізді шыққан тегіне қарамастан, шетелде үнемі қазақтар деп атайды. Бұл – табиғи құбылыс. Солай болуға тиіс. Біздің қоғам – ортақ идеалдар мен құндылықтар біріктірген еркін әрі жауапкершілігі мол азаматтардың одағы. Бұл – жалпыұлттық бірегейлігіміздің тағы бір жарқын көрінісі. Сондықтан бүгінде азаматтарымыздың барлығы өздерін үлкен әрі біртұтас қазақ отбасының, шын мәнінде, қазақ ұлтының мүшесі сезінеді, – деді Президент. Осы ретте біз мақтаныш ететін этно­мәдени әралуандығымыз ешқайда жоға­лып кетпейтіні, біздің бір отбасы екеніміздің асыра сілтеу емес екені айтылды. Ке­­рісінше, біртұтас азаматтық негіз есебінен нығая түседі. Президенттің сөзінше, елімізде түрлі мәдениет дәстүрлері жалпыұлттық бірегейліктің берік іргетасы болып қаланатын өзімізге тән айрықша өмір сүру салты қалыптасты және сынау ерекше бірегейлігіміз уақыт тезіне төтеп беріп, қоғамдық сананың өзегіне айналды. – Қазақстандағы барлық этнос өкілдері қазақтың болмысын бойына сіңіруде. Елі­мізде қазақтың салт-дәстүрін ұстанатын өзге ұлт өкілдері өте көп. Оны өз­деріңіз жақсы білесіздер. Қазақстан олар үшін туып-өскен, ержеткен, білім алған, отбасын құрған қастерлі мекені, Отаны бо­лып саналады. Бұл – табиғи үрдіс, – деді Мемлекет басшысы. Ұлы Абайдың «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек» деген сөзін мысалға келтірген Президент санасы сергек, жауапкершілігі жоғары адамдар ғана қоғамды жаңғыртатынын, түрлі этностар мен мәдениеттердің басын қосқан ұлтымызды алға қарай жетелейтінін айтты. – Қазір дүниежүзіндегі ахуал түбегейлі өзгеріп жатыр. Жаңа басымдықтар пайда болуда. Сырттан төнген сын-қатерлердің бетін қайтару аса өзекті мәселеге айналды. Мемлекеттер үшін егемендікті қорғаудың, ұлттық бірегейлікті сақтаудың маңызы арта түсті. Бұл ретте, этносаясат байыппен жүргізілуі керек. Яғни, татулық пен бірлік – табысты мемлекет болудың басты ке­пілі. Сессия аясында кеше нақты мәселелерге арналған пікірталас өткенін біле­мін. Этносаясатта жаһандық және аймақ­тық үдерістер ескерілуге тиіс екені айтылды. Бұл – өте орынды ұсыныс. Яғни, этносаралық қатынас мәселесін заман талабына сай реттеу қажет. Бұл жұмыс ауқымды реформалармен үндес болуға тиіс, – осындай пікір айтқан Президент әрбір азамат өз болашағын Қазақстанмен тығыз байланыстыруы керек екенін, сонда ғана халқымыз біртұтас ел болып тұра алатынын, ешкімді ұлтына, тіліне, дініне қарап кем­­сітуге болмайтынын айтты. – Әрқайсымыз – Қазақстан атты қасиетті қара шаңырақтың перзентіміз. Бәріміз – бүгінгі өмірі және болашағы – бір бауырлас азаматтармыз. Халқымыздың ын­тымақ-бірлігі бұл – тағдырдың бере салған сыйы емес. Бұл – ең алдымен, жұртымыздың күнделікті табанды еңбегінің арқасы екенін дұрыс түсінуіміз керек. Сон­дықтан біз бірлігімізді күн сайын нығайтып отыруымыз қажет. Яғни, татулық пен келісім халқымыздың өмір салтына айналуға тиіс. Әйтпесе, елдікті сақтап қалуымыз өте қиын болады. Жақсы тілек айту – халқымыздың қанына сіңген қасиет. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп бекер айтылмаған, – деді Қ.Тоқаев. Барша отандасымызды еліміздің береке-бірлігін бағалай білуге шақырған ол шын мәнінде, ел бірлігін нығайту үшін қызмет ету – ең жауапты әрі сауапты іс екенін айтты. Президенттің сөзінше, дәстүрлердің осылайша біте қайнасуы, этносаралық және конфессияаралық келісім, өзге мәдениетке толерантты болу – біздің баға жетпес байлығымыз, қазіргі тілмен айтсақ, ұлттық брендіміз. Отансүйгіштік, әдептілік, қонақжайлық, еңбекқорлық, ха­лық­тық дәстүрлер мен отбасы құндылықтарын құрметтеу ұлтымыздың мәдени және адамгершілік қасиеттері саналатынын айтқан ол мұны бүкіл қоғамымыздың адамгершілік негізі деп айтуға болатынын жеткізді. Бұл – адамның ішкі моральдық өзегі туралы ұлтымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан таным-түсінігі. Сонымен қатар, Президент саясаттағы Ассамблеяның орнына қатысты сөз қозғады. – Ассамблеяның саяси партиялармен және мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынасын күшейту керек. Бұл жұмысты орталықта және аймақтарда жүр­гіз­ген жөн. Біз ауқымды саяси реформалардың нәтижесінде шынайы пікір алуандығына қол жеткіздік. Әрине, әр саясаткердің өз пікірі болуы орынды, – Президент сөзінше, этносаралық келісім саясатында сөз бен іс бір жерден шығуға тиіс. Ас­самблея саяси партиялармен ақылдасып, кеңесіп отыруы қажет. Сонда елдің бірлігі нығайып, этносаралық қатынасқа қатысты кез келген арандатудың жолын кесеміз. – Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXI сессиясынан бері елімізде түбегейлі өзгерістер болды. Саяси жүйе жүйелі түрде трансформацияланды, мемлекеттік құрылымның жаңа әрі анағұрлым демократия­лық үлгісі қалыптасты. Билік өкілеттік­терін Президенттен Парламентке, орталықтан өңірлерге дейін орталықсыздандыру жұмысы жүргізілді. Жеті жылдық мерзімге бір рет президенттікке сайлану туралы норма заңнамалық тұрғыда бекітілді. Ол қайта қарауға жатпайды, Ас­самблеяның ұсынысы бойынша Президент тағайындайтын Сенаттың бес депутаты кері байланысты, қоғамдық бақылауды заңнамалық деңгейде жүзеге асырады және Қазақстандағы барлық этностың мүддесін Парламентте қорғайды. Бұдан бөлек, Ассамблеяның 12 мүшесі Ұлттық құрылтайдың құрамына кірді. Олар жалпыұлттық диалогтың әмбебап моделін ілгерілету жөніндегі Құрылтайдың жұмы­сына өлшеусіз үлес қосып келеді, – деді Президент. Этносаралық саясат айрықша назар аударып, ұдайы жетілдіріп отыруды қажет ететініне баса назар таударған Мемлекет басшысы азаматтардың бірлігін, жалпыұлттық бірегейлікті және еліміздің эт­ноәлеуметтік тұтастығын нығайту жөніндегі міндеттерді жүзеге асырмайынша, мем­лекеттің бірде-бір стратегиялық міндетінің орындалуы мүмкін емес екенін естен шығармаған жөн екенін айтты. Осыған байланысты алдағы жұмыста мән беру керек басым бағыттарға тоқталды. Біріншіден, бірлігіміз бен татулығы­мызға сына қаққысы келетін кез келген арандатушылық әрекетке батыл түрде тосқауыл қою қажет. Екіншіден, этноәлеуметтік шиеленістің шығу себептерін жою үшін нақты шаралар қабылдаған жөн. Үшіншіден, көпмәдениетті ортаны дамытып, барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеруі үшін жүйелі қадамдар жасау қажет. Төртіншіден, Ассамблеяның саяси партиялармен және мемлекеттік орган­дар­мен өзара қарым-қатынасын күшейту керек. Бесіншіден, біздің этносаясатымыз біртұтас болып, дәйекті түрде жүргізілуі тиіс. – Сондай-ақ ғылыми тұжырымдарға негізделуі қажет. Осы саладағы тапсырмаларды орындау барысында менің сайлау алдындағы тұғырнамам және басқа да стра­тегиялық құжаттар басшылыққа алынуы керек. Мысалы, қазір әлеуметтік салада жүйелі өзгерістер жасалып жа­тыр. Мен жақында Әлеуметтік кодекске қол қой­дым. Мұндай маңызды құжат ТМД мем­лекеттері ішінде алғаш рет қолданысқа ен­гізіліп отыр. Бұл кодекс еліміздің жаңа әлеуметтік саясатын айқындайды, мемле­кет пен азаматтар арасындағы қарым-қатынастың мүлде жаңа үлгісін қалыптастырады. Сондай-ақ жаңа әлеуметтік келісімнің негізін қалайды, – деді Президент. Сөзінің аяғында Мемлекет басшысы ел саясаты татулық пен бірлікке негізделіп жүргізіле беретінін айтты және қазіргі күн сайын құбылған күрделі ахуалда бұл негізгі міндет болып қалатынын жеткізді. – Қазақстан этносаралық татулық пен келісімді сақтау үшін әрдайым орнықты және салиқалы саясат жүргізеді. Бұл – мемлекетіміз үшін мызғымас ұстаным. Қазір дүние жүзі күрделі кезеңді бастан өткеруде. Әлемде түбегейлі өзгерістер болып жатыр. Жаһандық деңгейде жаңа сын-қатерлер пайда болды. Біз заманның осындай қиындығына қарамастан, келешекке нық сеніммен қадам басып отырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Жиын аяғында Президент халықтар арасында бейбiтшiлiктi, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға сiңiрген еңбегi үшiн бірқатар өзге ұлт өкілдерін мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Д.ЖАНАТҚЫЗЫ.