Мәжіліс спикері Қазақстан-Түркия достық саябағының ашылуына қатысты
Мәжіліс спикері Қазақстан-Түркия достық саябағының ашылуына қатысты
Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының ХІІ пленарлық отырысына қатысу үшін Түркияға жұмыс сапармен барды. Екі күнге созылатын сапар аясында кездесулер өткізіп, бірқатар іс-шараларға қатысу жоспарланған.
«Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас кеңейтілген стратегиялық ынтымақтастық деңгейіне жетіп, барлық салада қарқынды дамып жатыр. Оған, әрине, мемлекеттеріміздің басшылары Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Режеп Таийп Ердоғанның нәтижелі келісімдерінің арқасында қол жеткізіп отырмыз. Алдағы уақытта да біз көшбасшыларымыздың екіжақты ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған жұмысын Парламент деңгейінде жалғастыратын боламыз», – деді Ерлан Қошанов.
Мәжіліс спикері саябақтың ашылуы түбі бір, мәдениеті мен тарихы ортақ тамырлас екі елдің достығы мен ынтымағын нығайта түсетінін атап өтті.
«Қазақта «Ағаш тамырымен мықты, адам достарымен мықты» деген сөз бар. Біз Түркиямен достығымызды, бауырластығымызды жоғары бағалаймыз. Болашақта бұл саябақ Анкара тұрғындары мен қонақтары үшін әсем демалыс орнына айналады деп сенеміз», – деді Мәжіліс спикері.