«AMANAT» партиясының екі хатшысы тағайындалды

27 сәуір, 2023 / Меруерт Сағымхан
ашық дереккөзі
«AMANAT» партиясының екі хатшысы тағайындалды Партия Төрағасы Ерлан Қошановтың қаулысымен «AMANAT» партиясының хатшысы лауазымына Ержан Жылқыбаев тағайындалды. Ержан Жылқыбаев 1982 жылы 17 желтоқсанда дүниеге келген. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі. 2006 жылы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясын, ал 2011 жылы С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетін бітірген. Әр жылдары Үкіметтің Парламенттегі өкілдігінде жұмыс істеді, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрінің көмекшісі, Семей қаласы әкімінің орынбасары,  ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары, Тараз қаласының әкімі қызметтерін атқарған. Осы жылдың ақпан айынан бастап «AMANAT» партиясы Атқарушы хатшысының кеңесшісі болды. Сонымен қатар, партия Төрағасы Ерлан Қошановтың қаулысымен «AMANAT» партиясының хатшысы болып Руслан Әлішев тағайындалды. Руслан Әлішев 1978 жылы 29 шілдеде дүниеге келген. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі. Әр жылдары Петропавл қаласының әкімдігінде жұмыс істеді, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болды, ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметін басқарды. Сондай-ақ «NUR MEDIA» ЖШС бас директоры, партия Атқарушы хатшысының кеңесшісі лауазымдарын атқарды. Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап «AMANAT» партиясының Орталық аппараты Саяси жұмыс департаментінің директоры болды.