«Бірлескен талдау жасау туралы шешімнің қабылдануына білім саласындағы түрлі сыбайлас жемқорлық істердің белең алуы себеп болып отыр. Тек соңғы үш жыл ішінде 300-ден аса жемқорлық құқық бұзушылық тіркелген және қылмысқа қатысы бар 200-ге жуық адам анықталған», - делінген хабарламада.Құқықбұзушылықтың басым бөлігі Шымкент қаласына және Шығыс Қазақстан, Түркістан, Қызылорда облыстарына тиесілі. Жуырда болған Қызылорда, Ақтөбе облыстарында және Талдықорған қаласындағы білім саласы қызметкерлеріне қатысты атышулы істер де бұл салада сыбайластықтың бар екенін дәлелдей түскен.
Министрліктің ақпаратынша, алдын ала жасалған талдау барысында бұрын республикалық бюджеттен білім саласына бөлінген қаржы жергілікті бюджеттің өзге салаларына аударылғаны анықталды.
«Бұл ата-аналар мен мұғалімдерден алым жинау секілді сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне, сондай-ақ еңбекақы төлеу қоры бойынша берешектің туындауына ықпал етеді», - дейді ведомстводан.
Биыл білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу және қаржылық тәртіпті күшейту жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.