Жаңалықтар

«AMANAT» өңірлерде бағаның өсуіне байланысты тексеріс жұмыстарын жүргізеді

ашық дереккөзі

«AMANAT» өңірлерде бағаның өсуіне байланысты тексеріс жұмыстарын жүргізеді

«AMANAT» партиясы жанындағы азық-түлік және халық тұтынатын тауарлар бағасына мониторинг жүргізетін қоғамдық топтардың жұмысы қайта жанданды. Осы аптада партиялықтар Астана, Орал, Тараз және Петропавл қалаларындағы сауда нысандарын тексерді. Астанада партияның қалалық филиалының қызметкерлері «Астаналық» базарында рейд өткізді. Талдау көрсеткендей, кейбір тауарлардың құны 50%-ға дейін өскен. Мысалы, егер 4 сәуірде пияздың бір килосы 150 теңге болса, 2 аптадан кейін оның бағасы 350 теңгеге жетті. Басқа өнімдер де осылай қымбаттаған. «Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында біз кейбір сауда орталықтары мен үй мыңындағы дүкендерді араладық. Ірі сауда нүктелерінде тауарлардың кейбір түрлеріне бағаның өсуі байқалады. Сондай-ақ, тауарлық-материалдық қорларға назар аударылды. Біз әлеуметтік дүкендерді де тексердік», - дейді «AMANAT» партиясының Жамбыл облыстық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Ғұлам Омаров. Солтүстік Қазақстан облысындағы партиялықтар да бұл жұмыстан шет қалмай, Петропавлдағы бірқатар сауда орындарын аралады. Мұндағы мониторинг жұмыстары сауда орындарында сатылатын тұрақтандыру қоры өнімдерінің бағасы белгіленген 15% үстемақыдан аспайтынын көрсетті. Сонымен қатар, кейбір тауар түрлері бағасының төмендегені байқалды. Мысалы, килосын 460 теңгеден сатуға ұсынылған қант бірқатар супермаркетте 394 теңгеден сатылады. «Сәуір айынан бастап жұмыс топтарымыз облыс бойынша 40 рейд өткізді. Соңғы аптада пияз бағасының өсуі байқалды. Бұл ішінара облыста жылына 11 мың тонна пияз тұтынылатынына байланысты, бірақ тұрақтандыру қоры арқылы тек 1000-2500 тонна сатылады. Маусымдық баға циклі қызып тұрған шақта қоймалардың жетіспеушілігінен азық-түлік бағасын ұстап тұру қиын, көкөністерді сақтайтын жер жоқ. Ал жергілікті өндірушілер өнімнің кем дегенде 30%-ын тұрақтандыру қоры арқылы төмен бағамен сатуға келіспейді. Мұнда бизнес пен тұтынушылардың мүдделері арасындағы тепе-теңдікті сақтау маңызды»,- деді «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының партиялық бақылау инспекторы Афиза Семғалиева.   «AMANAT» партиясының Партиялық бақылау департаментінде атап өткендей, сауда нысандары әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіндегі 19-ының бағасы өсуіне жол бермеуі тиіс. Олай болмаған жағдайда олар Бәсекелестікті қорғау агенттігі немесе Тұтынушыларды қорғау комитеті сияқты құзыретті мемлекеттік органдардан айыппұл арқалауы мүмкін. Еске сала кетейік, былтыр еліміздің барлық облысы мен аудандарында мониторинг және қадағалау жүргізетін 216 партиялық топ құрылды. Олар дәрі-дәрмектер мен ЖЖМ бағаларын тексереді. Өңірлерде әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасының өзгеруі туралы ақпарат «AMANAT»-тың облыстық филиалдары жанындағы Партиялық бақылау комиссияларының отырысында қаралады.