Атырауда мұнайға ұқсас сұйықтық төгілген жер 2 жыл бойы тазаланбаған
Атырауда мұнайға ұқсас сұйықтық төгілген жер 2 жыл бойы тазаланбаған
Атырауда облысында мұнайға ұқсас сұйықтық төгілген жер екі жылдан бері тазаланбаған деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Облыстық Экология департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Махамбет ауданындағы Сары Өскембай деген жерде мұнай төгілген.
«Атырау облысы бойынша Экология департаментінің мамандары бұған дейін 2021 жылғы 13 тамызда осы аумаққа Махамбет аудандық прокуратурасының, әкімдігі мен полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірге барып, ластанған жерге өлшем жүргізді. Ластанған және фондық топырақтан талдама жасауға сынамалар алынды. Талдау нәтижесімен топырақтың құрамында мұнай өнімдері көп мөлшерде екені белгілі болды. Махамбет аудандық әкімдігінің ұсынған ақпаратына сәйкес ластанған аумақ жеке немесе заңды тұлғаға тиесілі емес. Ал «Батысқазжерқойнауы» Батыс Қазақстан Геология және жер қойнауын пайдалану өңіраралық департаментінің мәліметінше, бұл «Норс Каспиан Ойл Девелопмент» ЖШС-нің келісімшарттық аумағына түсіп, Оңтүстік Байменке К-3 крелиустік ұңғыма орналасқан. Алайда ұңғыма жер қойнауын пайдаланушыға берілмеген. Жер де, ұңғыма да мемлекет меншігінде», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Департамент тарапынан ластанған аумақты тазалау туралы Махамбет ауданының әкіміне 2021 жылғы 9 қарашада, кейін қайтадан 2022 жылғы 7 маусымда хат жолданған.
Сондай-ақ былтырғы 20 желтоқсанда Атырау облысының әкіміне хат жолданып, жоғарыда көрсетілген аумақтағы ластануды жою жұмыстарын жүргізу сұралған.