Жаңалықтар

Алтай Көлгінов Атырау облысындағы Махамбет ауданының тұрғындарымен кездесті

ашық дереккөзі

Алтай Көлгінов Атырау облысындағы Махамбет ауданының тұрғындарымен кездесті

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Алтай Көлгінов және «AMANAT» партиясының Хатшысы Эльдар Жұмағазиев Атырау облысындағы Махамбет ауданының тұрғындарымен кездесті деп хабарлады «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» деп аталатын сайлауалды бағдарламасында ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға басымдық берген еді. Алдағы жеті жылда ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін 1 трлн. теңге бөлу көзделген. Бұл қаражат ауыл шаруашылығы саласында 350 мыңнан астам сапалы жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. ҚР Парламентінің VIII шақырылымдағы алғашқы сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы ауыл тұрғындарына 5-7 жылға жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие берілетінін мәлімдеді. «AMANAT» партиясы аталған жобаны Үкіметпен бірлесіп жүзеге асыруда. «Көктем – бастаманы өз қолыңызға алу, өз бизнесіңізді бастау уақыты. Оның үстіне мемлекет жеке қосалқы шаруашылықты немесе кәсіпкерлікті дамыту үшін жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемемен қолайлы жағдайлар, несиелік демалыстар және басқа да мүмкіндіктер береді. Облыс әкімдігінің тапсырысына сәйкес «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру үшін Атырау облысына 1 млрд 504 млн теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 188 несие беріп, 200-ге жуық жеке қосалқы шаруашылық құру жоспарлануда», - деді Премьер-министрдің орынбасары. Өз кезегінде, кездесуге қатысқан шаруа қожалығының басшысы Асқар Тасқалиев дайын өнімді халыққа қолжетімді бағамен жеткізу үшін мемлекет қолдауы қажет екенін атап өтті.