Жаңалықтар

Қызылорда облысында бәйгеден ел чемпионаты басталды

ашық дереккөзі

Қызылорда облысында бәйгеден ел чемпионаты басталды

Бүгін Қызылордада бәйгеден ҚР чемпионатының оңтүстік аймақтық ІІ іріктеу турнирі басталды. Жарыстың салтанатты ашылуына Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, ҚР «Бәйге» федерациясының президенті Қанат Көпбаев қатысты.

Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаев жүйрік жаратып, ат баптау ұлтымыздың рухани болмысына, әдет-ғұрып мәдениеті мен өнердің тұтас бір бөлігіне айналғанын атап өтті.

«Соңғы жылдары аймақта ұлттық спорт түрлері бұқаралық сипат алып келеді. Бүгінде облыста 16 мыңнан астам адам ұлттық спортпен шұғылданады. Спортшыларымыз өткен жылы Қазақстан Республикасы чемпионаты мен кубоктарында, Әлем және Азия чемпионаты мен кубоктарында жеңіп алған медаль санымен соңғы бес жылдықтағы рекордты жаңартты. Бүгінгі республикалық бәйге жарысы да Сыр өңірінің мерейін асырып, ұлттық спорттың өркендеуіне жаңа серпін береді деп сенемін. Төзім мен жігер, қайрат пен мінез сынға түскен бәйгеде тұлпарлардың тұяғы талмасын. Шабандоздардың тақымы тастай болсын!» - деді Нұрлыбек Мәшбекұлы.

Сондай-ақ салтанатты шарада сөз сөйлеген ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов ұлттық спортымыздың дамып, өркендеуі Мемлекет басшысының тікелей бақылауында екендігін жеткізді.

Жарыстың көркін Аламан бәйге ашты. Тартысты өткен доданың І орнын елордалық Алғыр есімді тұлпар жеңіп алып, бас жүлдеге тігілген автокөлікке ие болды. ІІ орынды Алматы облысынан келген Нұр есімді жылқы иеленіп, оған 4 миллион теңге табысталды. ІІІ орынды да Алматы облысы жеңіп алып, Батал есімді атқа 2 миллион теңгелік жүлде бұйырды.

Аламан бәйгенің төртінші орнын Алматы облысының намысын қорғаған тағы бір Сайгон есімді тұлпары жеңіп алып, 1 миллион теңгеге қол жеткізді. Жүлдегерлер қатарын бесінші орын алған Алматы облысының Сұңқар есімді тұлпары қортындылады. Сұңқарға 700 мың теңге табысталды.

Сондай-ақ іс-шара барысында ұлттық киімдер шеруі де ұйымдастырылды. Байқауға қатысуға жас шектеуі қойылмаған. Бүгінгі шеруге 53 қыз-келіншек қатысуға ниет білдірді. Ұлттық киімдер қазақ дәстүріне сәйкестігі, дайындау шеберлігі мен шығармашылық көзқарас тұрғысынан бағаланды. Осынау сайыста I орын алған қатысушыға 500 000 теңге, II орынға - 300 000 теңге, ал III орынға – 200 000 теңге қаржылай сыйлықтар табысталды.