Алаш ардақтыларының есімдері ұлықталды
Алаш ардақтыларының есімдері ұлықталды
Биыл өңіріміздің руханияты үшін айтулы жыл. Алаш ардақтылары Мәшhүр Жүсіп Көпейұлының туғанына 165 және Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өмірге келгеніне 130 жыл толып отыр. Осыған орай «AMANAT» партиясының «Ұрпаққа аманат» партиялық жобасының аясында Алаш ардақтыларының есімдері ұлықталды.
Еліміздің көрнекті тарихи тұлғаларының өмір жолы мен шығармаларын кеңінен Торайғыров Университетінің профессорлары: филология ғылымдарының докторы, мәшһүртанушы Айтмұхамет Трушев пен мәдениеттанушы, профессор Салтанат Әубәкірова насихаттады.
Қоғамдық дәрісті ашқан «AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының атқарушы хатшысы Айгүл Мәлікова жас буынның бойына бабалар шығармаларын сіңдіру бәрімізге артылған міндет екенін атап өтті.
«AMANAT» партиясы ұлттық сананы қалыптасыру үшін ата-бабаларымыздың шығармаларын, еңбектерін, тарихын халыққа кеңінен тарату үшін бірнеше жобаларды қолға алды. Жас буын заңғар тұлғалардың өмірлік жолын өздеріне үлгі ете алады. Олардың шығармаларымен таныстыру - біздің мақсатамыз, - деді ол өз сөзінде.
Дәрісті жиналған қауымға оқыған Айтмұхамет Трушев заңғар тұлғаларымыздың өмірлік жолы мен Мәшһүр Жүсіптің «Бес қымбатын» тілге тиек етсе, ал Салтанат Әубәкірова олардың шығармаларына кеңінен тоқталды.
Менің ойымша, біз осы еңбектердің бәрін өзге тілге аударуымыз қажет. Мысалы, Торайғыровтың «Адасқан өмір» деген поэмасында сәби шағын, екіншісі – жігіт шағын, үшіншісі – ұлғайған, тоқтаған кезін, төртіншісі – кәрілік кезін, бесіншісі – өлген мезгілін суреттелген. Торайғыров 27 жасында өмірден өтті. Қазіргі таңда жастар не істеп жүр, қоғамға қандай пайдасы бар, өздеріне қалай есеп береді осындай ойларға осы еңбекті оқу арқылы жетуге болады деп ойлаймын, - деді ол.
Жиынға сондай-ақ зиялы қауым, депутаттар, әдебиет және тарих пәндерінің жас мұғалімдері мен осы салаға қатысы бар болашақ мамандар қатысты.
Дәріс әрі қарай сұрақ-жауап ретінде жалғасты. Жас мамандар Мәшһүр Жүсіп пен Жүсіпбек Аймауытовтың хат алмасуы, Абай мен Мәшһүр Жүсіп кездесті ме, Торайғыров неге ерте өмірден озды, Мәшһүр Жүсіптің 41 жылға дейін денесінің бұзылмауы деген сияқты сұрақтарын өз ісінің мамандарына қойды.