Жаңалықтар

«Жайлы мектеп» жобасы талқыланды

ашық дереккөзі

«Жайлы мектеп» жобасы талқыланды

«Жайлы мектеп» Ұлттық жобасын іске асыруға отандық өндірушілерді тарту мәселесі бүгін Мәжілістегі «АMANAT» депутаттық фракциясының кеңейтілген жиынында талқыланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасының қолға алынатынын жария етті. Жобаны іске асыру барысы туралы «AMANAT» партиясының депутаттық фракциясы алдында Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан баяндама жасады. Ол соңғы 10 жылда елімізде оқушылар саны 1 млн-ға артып, 3,7 млн-ға жеткенін мәлімдеді. Қазіргі уақытта 270 мың оқушы орны тапшы. Егер тиісті шара қабылданбаса, 2026 жылға қарай бұл көрсеткіш 1 млн-нан асады. «Сондықтан Ұлттық жоба аясында 2026 жылға дейін 800 мыңға жуық оқушы орынын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл мектептер оқушылар мен педагогтарға жайлы жағдай жасау үшін қажетті заманауи құрал-жабдықтармен, жиһаздармен, интернет желісімен қамтамасыз етіледі. Әрбір оқушы үшін жеке шкаф, трансформер парта орнатылып, мектептің әр қабатында оқуға және демалуға арналған коворкинг бөлме, интерактивті құрылғы, TOUCH/LED-экран, әмбебап шеберхана және т.б. болады», - деді Еділ Оспан. Сондай-ақ вице-министр 2026 жылға дейін Ұлттық жобадан тыс шамамен 600 мың оқушы орнын пайдалануға беру, ауылдарда, шағын қалаларда және аудан орталықтарында 3 мыңнан астам мектепті жаңғырту жоспарланғанын атап өтті. Жаратылыстану-математика бағытында білім беруді жақсарту мақсатында 2029 жылға дейін мектептерде жергілікті бюджет есебінен 7 мың заманауи робототехника, химия, физика, биология, STEM кабинеттерін ашу көзделген. «Біз 5 климаттық аймаққа арналған 7 жобалық қуат бойынша 35 жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп жатырмыз. 2026 жылға дейін барлығы 401 мектеп салынады. Жалпы қызметтерді пайдалану ауқымы бойынша қазақстандық өнімнің үлесі шамамен 70-80%-ды құрауы тиіс. Мәселен, жиһаз жасайтын отандық компаниялардың 90%-ы тиісті техникалық сипаттама алған жағдайда мектеп жиһаздарын шығара алады. Біз құрылыс компанияларына уақтылы келісімшарттар жасасу және жиһазға тапсырыс беру бойынша талаптар қоямыз. Қызметті жеткізушілерден: 3 жылдан 5 жылға дейін қызмет көрсету туралы кепілдік және CT KZ сертификатының болуы талап етіледі», - деп атап өтті ол. Депутат Жұлдыз Сүлейменова мектептерді оқушы саны бойынша бөлу мәселесіне назар аударды. Мәселен, 2500 оқушыға негізделген тек 3 ғимарат тұрғызылады. Оның біреуі Ақмола облысында, ал қалған екеуі Алматы қаласында салынады. «Мұндай мектептердің жалпы қауіпсіздігіне қатаң талап қойылуы керек. Яғни, жер сілкінісіне төзімділік пен шұғыл эвакуация жасау мүмкіндігі мәселелеріне айрықша мән берілуі тиіс. Мұндай ғимараттардың аумағы да кең болуы керек. Сонымен қатар, тендерлерді бірнеше рет өткізбеу үшін құрылыстың кешігуіне жол беруге болмайды», – деді ол. Фракцияның мүшесі Жанарбек Әшімжанов мектеп құрылысының барысына және бюджет қаражатының игерілуіне қоғамдық бақылау жүргізу тақырыбын қозғады.