Астанада аутизмі бар балаларды қолдауға арналған жарыс ұйымдастырылады

21 сәуір, 2023 / Меруерт Сағымхан
ашық дереккөзі
Астанада аутизмі бар балаларды қолдауға арналған жарыс ұйымдастырылады Астаналықтар аутизмі бар балаларды қолдау мақсатында Run for autism қайырымдылық жарысына қатысуға шақырылады. Спорттық іс-шара 29 сәуір күні елордада өтеді деп хабарлады turkystan.kz қалалық әкімдіктің сайтына сілтеме жасап. Run for autism қайырымдылық жарысы Дүниежүзілік аутизм туралы ақпарат тарату күніне арналған.
«Іс-шара аутизм туралы халықтың хабардарлығын арттыру, осы диагнозы бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту және олардың қоғамнан өз орнын табуы мақсатында өткізіледі», - делінген хабарламада.
Жарыс 29 сәуір күні таңғы сағат 8-де Триатлон саябағында өтеді.
«Жиналған қаражат аутизмі және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларды қолдау мақсатында «Болашақ» корпоративтік қорының «Әрбір бала мектепке лайық» бағдарламасына бағытталатын болады», - делінген хабарламада.
Жарыс төрт қашықтыққа өтеді: • 1 км – 4 990 теңге. • 2,5 км – 5 990 теңге. • 5 км – 6 990 теңге. • 10 км – 7 990 теңге. Жарысқа мына сілтеме бойынша тіркелуге болады: https://sxodim.com/astana/event/blagotvoritelnyy-zabeg-run-for-autism Жарысқа қатысушылар арасында бағалы сыйлықтары бар ұтыс ойыны өтеді. Онда смартфондар, фитнес-клубқа жылдық абонемент, велосипедтер, шлемдер, сондай-ақ клиникада толық тексерілуге болатын жолдамалар бар. Ерекше қажеттілігі бар балалар үшін «Көңілді старттар» тегін ойын-сауық спорттық бағдарламасы ұйымдастырылады. «Көңілді старттарға» қатысу үшін @bolashakcharity сілтемесі арқылы тіркелу қажет.