Моңғолияда министрлік басқарып, үш мәрте депутаттыққа сайланған қазақ

Моңғолияда министрлік басқарып, үш мәрте депутаттыққа сайланған қазақ

Моңғолияда министрлік басқарып, үш мәрте депутаттыққа сайланған қазақ
ашық дереккөзі
Бәделхан Қабдысіләмұлы – Моңғолия Мемлекеттік Ұлы Хуралының (Парламент) депутаты, Парламенттегі Монғолия-Қазақстан тобының басшысы. Моңғолия халқы, әсіресе, өзі әкім болған Баян-Өлгей аймағындағы жұртшылық оның өлке дамуына айрықша үлес қосқанын әлі күнге дейін айтып жүр. Сондай-ақ олар оны Моңғолиядағы қазақтар арасынан 35 жылдан кейін Құрылыс министрі болған білікті маман деп қадірлейді. Қарапайым инженерден аймақ әкімі, Құрылыс министрі лауазымына дейін көтеріліп, үш мәрте Парламент депутаты болып сайланған Бәделхан Қабдысіләмұлына хабарласып, әңгімесін жазып алған едік.

Моңғолиядан атажұртқа бағытталған алғашқы көшті ұйымдастыруға атсалыстым

– «Бәрі де отбасынан басталады» деп бе­кер айт­пайды. Біз он бір ағайындымыз: сегіз ұл, үш қыз. Мен – үшіншісімін. Қазір ой­ласам, ата-ана­мыз­дың он бірімізді қа­та­рымыздан қалдырмай, өсіріп-жет­кіз­геніне қайран қаламын. Бір шаңы­рақ астында тұ­рып жатқан сегіз ер балаға тәрбие беру оңай емес қой. Әкеміз қарапайым қыз­мет­кер болса, анамыз балабақшада тәрбиеші бо­лып жұ­мыс істеді. Әлі есімде, екеуі бала ке­зімізде бізге үнемі «Шыншыл, адал бо­лыңдар. Біреудің ала жібін аттаудан аулақ жүріңдер. Сосын айтқан сөздеріңде тұрың­дар» деп айтып отыратын. Ата-анам түгелі­міз­дің адам, азамат болып қ­а­лып­та­суы­мыз­да еңбектерін аямады. Мен бо­ла­ша­ғымды кө­­лік саласымен байланыстырғанды жөн са­на­­дым. Кішкентайымнан көлік саласында жұ­мыс іс­тейтін нағашыларымның тех­ни­каны жаң­ғақ­ша шағатынын көріп өскен мен инженер болуды мақ­сат еттім. Оған қо­са, сол уақытта елге көлік пен өзге тех­ни­каның түр-түрі енді келіп жатқан кез. Сол жылдары инженер ең таңдаулы ма­ман­дық­тың бірі болып есептелетін. Сөйтіп, Моң­ғо­лия мемлекеттік университетінің автоинженер мамандығына оқуға түстім. Диплом алған соң, 400 жұмысшысы, 360-тай машина техникасы бар Көлік бас­қар­масына бас инженер болып жұ­мысқа тұр­дым. Шынымды айтсам, алғашқы ұжы­мым­ның менің өмірге деген көзқарасымды қа­лыптастыруда, мені тура жолға салуда үлесі зор болды. Ол кездің адамдары қазіргідей емес, шын­шыл, әділ еді ғой. Тура сөйлеп, тү­зу жүрудің үлгі­сін көрсететін. Жалпы, 90-жылдары тәртіп тым қатал болды ғой. Партия жастарды тәр­билеуге қатты көңіл бөлетін. Оларды қатаң ірік­теу арқылы жо­ғары кадр даярлайтын ком­му­нистік партия мек­тебіне оқуға жиі жіберетін. Біз жақтан бұл оқуға он жылда бір ғана жас ма­ман ба­ратын. Сөйтіп жүргенде көлік сала­сын­да он жылға жуық жұмыс істеген мен баруға лайық деп танылып, 1988-1990 жылдар ара­­лы­ғында Мәскеудегі Коммунистік пар­тия мек­те­бінде оқыдым. Біз әлгі мектептің соң­ғы түлектері са­наламыз, себебі 90-жыл­дары барлығы көп­партиялық жүйеге көшті. Елге оралған соң ай­мақ­тағы әкімшілік ме­кемесінде бөлім басшысы қыз­метіне кіріс­тім. Дәл сол уақытта Қазақстанға алғашқы көш басталған болатын. Мен мұның бә­рін өз көзіммен көргендіктен, көпшілік алғаш­қы көшке кімнің септігі тигенін білсе екен дей­мін. Бұл көштің ойдағыдай өтуіне аймақ әкімі Ми­замхан Күнтуғанұлының сіңірген еңбегі зор еке­нін айта кеткен жөн. Сол уа­қытта Өлгейді ме­кендеген халық саны 120 мыңға жетіп жы­ғылатын. Олардың түгелі дерлік Өлгейдің кішкене «шұңқырында» тұрады. Ондай шағын аймақта бәріне бірдей жұмыс табыла бермейтіні анық.  width=Сөйтіп, аймақ басшылығы ақылдаса келе, алғашқы лекті Қазақстанға еңбек шартымен көшіру туралы шешім қабылдады. Сол кезде бөлім бастығы болып жұмыс істейтін мен еңбек шар­тына келіскендердің құжаттарын рәсімдеп, реттестірумен айналыстым. Ал Қа­зақстан тарапынан ең зор міндет Дүние­жүзілік қазақтар қауымдастығының бірінші орынбасары Қалдарбек Найманбаевқа жүк­телді. Одан бөлек, алғашқы көшті ұйым­дас­тыруда Қазақстан көші-қон басқармасында жұмыс істеген Марат Тоқ­санбаевтың да үле­сі мол болды. Сондай-ақ сол кезде Бей­жің­мен қатар, бізге жауапты болған елші Қай­рат Исағалиев, сосын бізде елшілік ашыл­­ған уақытта тынбай жұмыс істеген Совет­­қали Қартбаевтың да бұл игі іске қа­ты­сы бар. Кейін шарт ережесін түбегейлі кө­шуге мүмкіндік бере­тіндей етіп өзгертті. Сол уақытта Өскемен мен Өлгейдің ара­сын­да күн сайын он ұшақ ұшатын. Көшіп кет­кен­дердің жүктерін жүк мә­ши­несіне салып жіберетін. Алғашқы көш осын­дай күшті қар­қынмен басталды. Аймақта туып-өскен ха­лықтың елу пайызға жуығы Қазақстанға кө­шіп кетті. Кейін Қазақстан қандастарды кө­шіріп әкелудің шығынын жылдық бюд­жетке енгізіп, арнайы квота бөлетінді шы­ғар­ды. Мен көштің қызып тұрған шағында Баян-Өлгей ай­мағының әкімі қызметіне тағайындалдым. Елге көшкісі келетіндер са­ны күрт өскенімен, квота саны азая бас­тады. Сөйтіп, 2003 жылы Тұңғыш Пре­зи­дент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, кво­­та қосып беруін өтіндім. Одан бөлек, Моң­­ғо­лиядағы қазақ жастарын елде оқы­ту­ды және екі ел арасындағы жол қатына­сын жақсарту мә­селесін алға қойдым. Ол кісі берген уәдесінде тұрып, бізді алаңдатқан мә­селелердің шешімін тауып берді. Кім не де­се де, елді біріктірген тари­хи тұлғаның сырт­та жүрген қазақтарға да бей­жай қара­мағанына біз куәміз.  width=

Әкім қызметінде әлеуметтік салаға көп көңіл бөлдім

Мен аймақ әкімі қызметіне кіріскен кезде тек аймағымыздың емес, ел кө­ле­міндегі жағдай едәуір нашар болатын. Ай­мақ орталығында жарық тұрақсыз, сұ­мын орталығының халқы май шам қол­да­натын. Жұмысшылар жалақысын, халық жәр­демақысын бес ай бойы ала алмай жүр­ген кез. Қыр, сұмындарда мектептің жағ­­­дайы нашар болғандықтан, балалар оқу­дан қол үзген-ді. Ауруханаларда дәрі-дәрмек тапшы, жедел-жәрдем көліктеріне құятын жанармай да жоқ. Мен жұмысымды осы мәселелерді шешуден бастадым. Әсіресе, әлеуметтік салаға, оның ішінде денсаулық ұйымдарын жабдықтау, мектептерді көр­кейту, дәрігерлер мен мұғалімдердің жа­ла­қысын, жәрдемақы, зейнетақыны көбейтуге баса назар аудардым. Оқудан қол үзген көп­теген жас қайта оқуға алынды. Қазір осы ба­лалар еліміздің білікті маман иелері бол­ғанына күмәнім жоқ. Аймақта алғаш болып сыртқы сауда жүргізуге себепкер болған­дар­дың бірі болдым. Қытайдың Шыңжаң және Ресейдің Сібір, Алтай аймақтарымен сауда қатынасын дамытып, аймақ халқына қажет тұр­мыстық заттармен қамтамасыз етуге ты­рыстым. Өз-өзіме баға бере алмаймын, бір­ақ аймақтағылардың сол кезде жағ­дайдың жақсарғанын әлі күнге дейін айтып жүретіндерін ескерсек, әкім болған сол төрт жылдың ішінде қара орман халықтың игі­лігіне жарап, көңілінен шыққан секілді- мін.

Моңғолияда 20 жыл бойы министр болған қазақтың орнын басқаныма қуанамын

2008-2012 жылдары Мемлекеттік Ұлы Ху­рал мүшесі, сосын Мемлекеттік Ұлы Ху­рал­дағы Моңғол халық партия тобының кеңес­шісі, кейін Өнеркәсіп тете министрі қыз­меттерін атқардым. 2017 жылы халық­тың қолдауымен Ұлы Хурал мүшесіне сай­ланумен қатар, Құрылыс, қала құрылымы ми­нистрі лауазымына тағайындалдым. Осы ретте осыдан 35 жыл бұрын 20 жыл бойы құры­лыс министрі қызметін атқарған қазақ Тілейхан Орынұлының құтты орнына отыр­ғанымды айтып өтпесем болмас. Моң­ғолдар 20 жыл бойы халықты бәрінен биік қойған Тілейхан Орынұлын хан көтеріп, «Хаан сайд» деп атап, ерекше құрметтеген екен. Осындай беделді тұлғаның ізін жал­ғап, орнын басқаныма үнемі қуанып жүре­мін. Жалпы, осы уақытқа дейін Моң­ғолия тарихында Тілейхан Орынұлы, Сандалхан Раздықұлы, Мәулет Ұтқанұлын және мені қосқанда төрт қазақ министр лауазымына тағайындалған екен.  width=Мен жұмысқа кіріскен кезде ел эко­но­микасы дағдарысқа ұшырап, құ­рылыс жұмыстары да тоқтап қалған бо­ла­тын. Алдындағы Үкімет халықты бас­па­на­мен қамтамасыз ету үшін банктен көп мөл­шерде қағаз ақшаны шығаруына бай­ла­нысты нарық заңдылығы бұзылып, ақша­ның құны екі есе түсіп, тұрғын үй бағалары күрт көтеріліп, ақырында халық үй сатып ала алмай қалса керек. Салған үйлерінің өтпеуі себебінен құрылыс компаниялары­ның кірісі азайып, бұл салада қызмет етіп жүр­ген азаматтар жұмыссыз қалып, өте ауыр жағдайға душар болды. Билік басына кел­ген жаңа үкімет Халықаралық валюта қо­рының көмегіне жүгініп, шартпен жұмыс істеу жүйесі арқылы елімізді экономикалық дағдарыстан алып шықты. Біз ипотекалық несиені нарық заңына сәйкестендіру, жаңар­­­ту арқылы құрылыс саласын дағдарыстан шы­­ғардық. Сол жылдары ипотекалық не­сие­­мен үй алған адамдардың саны 7,4 пайыз өсіп, жылына 10-11 мың азамат бас­­­­паналы болды. Біз атқарған жұмыстар­дың ең ірі әрі елеулісі деп Ұлан-Батыр қала­сындағы Орталық лас суды тазалау құры­лысының жұмыстарын жаңартқанымызды айтар едім. Астана тұрғындары көп жыл бойы сол құрылыстан шығатын жағымсыз иіс­­пен тыныстауға мәжбүр болды. Қазір тұр­ғындар ол жағымсыз иістен толықтай арыл­­ды десек болады. Астанадан бөлек, бас­­қа аймақтарда да Лас суды тазалау құры­лыс­тары салына бастады. Адам болған соң «Мені қолдаған халық­тың сенімін қалай ақтар екенмін?» деп көп ой­ла­нады екенсің. Құрылыс, қала құрылым ми­нистрі қызметіне кіріскен соң, өзім туып-өскен аймақтағы құрылыс саласын көр­кейтуді көздедім. Осы жылдар ішінде біраз шаруалар атқарылып, құрылыс жұ­мыс­­тары қолға алынды. Кейбірі аяқталып, әл­деқашан қолданысқа берілді. Аймақ ор­та­лығында инженерлік кіші құрылымдық же­­лілер, автожол, жаяу адам жолы, авто­кө­лік тұрақтары, көше, алаңдар жарығы то­лы­ғы-мен жаңартылды. Сел су апатынан қор­­ғайтын бө­гет салынды. Құрылыс мате­риалдарын сарап­тап, зерттейтін зертхана құры­лысы қол­данысқа берілді. Соңғы жиыр­ма жыл бойы айтылып келген 100 орын­ды Біріккен ауру­хана, 50 орынды Ба­лалар ауруханасы, мек­теп пен балабақшалар са­лынды. Жаңа­дан салынған «Қайыңды арал» заманауи кешенді қалашығы 640 бала сыя­тын мектеп, балабақша, ауылдық ауру­ха­наны қамтиды.  width=

Жергілікті қазақтар Моңғолия үкіметіне әрқашан разы деп ойлаймын

Ұлы Хурал мүшелерінің арасындағы ең жасы үлкен мен болғандықтан, Пар­­ламенттің алғашқы отырысын аштым. Де­путат қызметінен бөлек, Парламенттегі Моң­ғолия-Қазақстан тобын басқарамын. Топ мүшелерімен бірге Қазақстанның Пар­ламентімен тығыз жұмыс істейміз. Қазір Ұлы Хуралға Халық партиясынан екі қазақ, ал Демократтар партиясынан бір қазақ мүшелік етеміз. Жалпы, Моңғолия жерінде тұратын ат төбеліндей қазақ халқы Моң­ғолия үкіметіне әрқашан разы деп ойлай­мын. Жылдар өтсе де, Баян-Өлгейдің қазақы қа­лыбының сақталуы, ана тілімізді, діні­міз­ді, мәдениетімізді ұмытпауымыз – Моң­ғо­лия үкіметі жүргізген дұрыс саясаттың ар­қасы деп білемін. Байқасаңыз, біз қазақша таза сөйлейміз. Білуімше, әлемнің елуге жуық елінде қазақ тұрады. Әр елдің аз ұлт­тарға қатысты жүргізетін саясаты әртүрлі. Бірақ, бар білетініміз – моңғол халқы еш­қа­шан қазақтарға қысым көрсетпеген. Ке­рісінше, бізді қорғап, қолдап, тамырымыздан ажырамауға орасан үлес қосты. Мысалы, сонау алпысыншы жылдардың өзінде мен қа­зақша балабақшаға барып, қазақ мектебін бі­тірдім. Моңғолдар – қашан болмасын, кө­мек сұраған қазаққа көмектесуге асыға жү­гіретін халық. Жоғарыда айтып өткен алғашқы көш кезінде қалың елді келісім- шарт­пен кө­шіруге мүмкіндік жасап берді. Қа­­зақ­­стан­ға көшіп барған егде кісілер зей­нетақысын ала алмай, қиналған кезде де екі ел­дің ара­сын­дағы шарт бойынша бұл мә­се­лені рет­теп, шешімін тауып берді. Жоғарыда айт­қа­ным­дай, қазір Үкіметте үш қазақ отырмыз. 1924 жылы Моңғолия дербестігін жа­рия­ла­ған кезде құрылтайға қатысқан жетпіс екі ада­мның үшеуі біздің аймақтан кел­ген қа­зақ­тар болатын. Мұның бәрі олар­дың бізді ұлт ретінде сыйлайтынын біл­дір­мей ме?! Жуырда сіздерде өткен сайлауда біз­ден атамекенге көшіп барған үш азамат, атап айтсам, Үнзила Шапақ, Нұр­гүл Тауқызы мен Жарқынбек Амантайұлы Мә­жіліс депутаты атанды. Сондай-ақ бізде туып-өскен 21 қандас облыс мәслихатына депутат болып сайланды. Бізден жақсы тәр­бие, сапалы білім алып, «іргетасы» осын­да қаланған азаматтардың халық қалаулысы атануы – біз үшін үлкен мәртебе. Осы күнге дейін шетелден Қазақстанға бір миллион­нан астам қандас көшіп келгенін білемін. Сол миллионның арасынан елдің бола­ша­ғына бейжай қарамайтын, елдің қамын ой­лайтын осындай азаматтар топ ішінен жарып шыққанына қуаныштымын. Бұл жетістікке Моңғолия қазақтарынан бөлек, жергілікті моңғолдар да қуанып, бізді құт­тықтап жатыр.  width=

Қазақстан парламентінде бес партияның болуы – демократия көрінісі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев – ау­малы-төкпелі заманда билік тұт­қасын ұстап, дұрыс саясат жүргізе білген па­ра­­­сатты, білікті азамат. Алысқа бармай-ақ, жуырда өткен Мәжіліс, мәслихат де­пу­тат­тарының сайлауын алайық. Парламент құрамына бес партия өкілдерінің кіруі – демократияның көрінісі. Бес партияның ар жағында халық тұр. Осылайша, олар бес түр­лі партияның «құлағына» жеткен бес түр­лі мәселені талқылайды. Сөйтіп, ха­лық­тың көкейінде жүрген мәселелер шешімін та­бады. Қазақстанда жүргізіліп жатқан сая­сатқа оң баға беремін. Десе де, бір-екі нәр­сеге алаңдап жүретінім рас. Сіздерде қа­зір орыс тілі қазақ тілімен қатар жүр ғой. Мемлекеттік, ресми деп бөлмей, бір ғана тіл, яғни қазақ тілін негізгі тіл деп бекітетін заң шық­са деп ішімнен ойлаймын. Қазір біз те­­­­ледидардан Қазақстанның жаңа­лық­та­рын қарап отырамыз. Дикторлар хабарды көбіне орысша жеткізіп жатады. Осыған көң­ілім орта жүреді. Тағы бір айта кететін жайт, отыз жыл ішінде елде ауыл шаруа­шы­лығына онша көңіл бөлінбей, өркендете ал­мағаны байқалады. Әсіресе, ауылдарға бар­ған кезде барлығы көрініп тұрады. Біз­ден көшкен халықтың көбі ауылдық жерде тұра­ды. Менің туыстарым Астана маңын­дағы Шортанды ауданына қоныстанған. Анда-санда оларға барған кезде, «Ауылдың дамуына немқұрайлы қараған ба сонда?» деп ойланамын. Қазақстанда қалалар қар­қынды дамуда. Тек ауылдық аймақтарға көңіл бөлсе екен дейсің.

Жазып алған Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ