Америкада қарулы қарақшыларға тойтарыс берген Олжас

Америкада қарулы қарақшыларға тойтарыс берген Олжас

Америкада қарулы қарақшыларға тойтарыс берген Олжас
ашық дереккөзі
Жақында әлеуметтік желіде АҚШ-тың Майами штатында жүр­­ген Қазақстан азаматына қарулы қарақшылар шабуыл жасағаны, ал отандасымыз оларға мықты тойтарыс беріп, тіпті қаруын тартып алғаны жайлы бейнежазба тарап, қызу талқыланды. Отандасымызды тонамақ болған каскөйлердің әрекеті сол маңдағы тұр­­ғын үйлердің сыртындағы бейнебақылау камерасына түсіп қал­­ған екен. Жұрт қылмыскерлердің қолына түскен сәтте тосыр­қап қалмай, шебер қимылдаған қазақ азаматының батырлығына тән­ті болды. Шетелдік полицейлер «жүрек жұтқан азамат» деп баға бер­­ген азамат Түркістан облысы Кентау қаласының перзенті Ол­жас Қаныбек болып шықты. – Америкада басыңыздан өткен оқи­ға­ның видеосы шынайы оқи­ғаға негізделген фильмнің сюжетін көз алдымызға келтірді. Қарулы қарақшыларға қалай тап болып жүр­сіз? Оқиғаның қалай болғанын өз аузыңыздан естісек. – Телефоным сынып қалып, жаңа­сын алуға барған едім. Дүкенге емес, сайт арқылы жеке адамнан ала­тын болып келісіп, ша­қыр­ған мекенжайға бардым. Қа­зір ойлап қарасам, абай­сыз­ды­ғымның кесірі ғой бір жа­ғынан. Ойланбай бара са­лыппын. Өзімді Қазақ­станда жүргендей сезін­ген болуым керек. Майами – үлкен қала. Келісілген ме­кенжайға үш сағатта жеттім. Өзім ораза тұтқан едім. Күн ыстық. Жет­кен­ше біраз шаршап қалдым. Бір кезде тұйық көшеге тап болдым. Сол жерде тұр­ған қара нәсілді жігітпен сөйлеспекші бол­ған едім. Оның екі афроамерикалық до­сы жанымызға келгенін басында бай­қамай да қалдым. Екеуі қаруланып алған. Қол­дарында тапанша, мылтық болды. Ма­ған қаруын кезеп, «Сөмкеңді бер!» деді. Жинаған қаражатым, құжаттарым ішінде еді. Құжатымды алып үлгердім. Ал олар сөм­кемді алып қаша жөнелді. Телефон алып, сатып жүрген едім. Ақшаның бәрі сөм­кеде кетті. Оларды бұлай жібере салғым кел­меді. Қазақ «ешбір дұшпан басынбаған ел­міз, басымыздан сөзді асырмаған елміз» деп айтып жатады ғой. Әр қазақта намыс бар. Сол оянған ғой. Содан «Бәрін соларға бе­ріп, қарап тұрмақпын ба? Достарыма не деп айтамын?» деп ойлап, ештеңеге қара­мас­тан артынан қудым. Олар үшке бөлініп қашты. Біреуіне жеткен бойда мылтығына тұра жармастым. Қаруын тартып алып, ұрып құлаттым. Ол құлаған кезде iPhone 13 телефоны және менен алған ақшаның бір бөлігі түсіп қалды. Еңкейіп алып жат­қан­да ол қашып үлгерді. Содан артынан қай­та қуып, ұстап алдым. Осы кезден бас­тап видео түсірдім. Одан аты-жөнін, қайда тұратынын сұрадым. Осы сәтте біз тұрған жерге жақын үйдің иесі полиция шақырды. Қара нәсілді жігітті отырғызып қойып, по­лиция қызметкерлерін күтіп тұрған едім. Оның қашып кеткен екі досы құт­қару­ға келіпті. Оларды байқамаған едім. Олар кенеттен арқа тұсымнан келіп шаб­уыл жасады. Толықтау біреуі итеріп құлат­ты. Тұрайын деп жатқанымда тапаншамен маң­дайдан ұрды. Бірақ тез ес жиып, әре­кет­ке көшіп, үшеуін де ұрдым. Біреуінің тісі сын­ды, сол кезде қолымды аздап жара­қат­тап алдым. Біреуі жағынан соққы алған соң, жақындамады. Тапанша ұстап тұрға­ны­нан қаруды тартып алып, оған да бір-екі соқ­қы бердім. Олар қашып кетті. Бұза­қы­лар­дың тапаншасы мен тағы бір қаруы, iPhone 13 телефоны менде қалды.  width=– Полиция дер кезінде келді ме? Олар­дың сіздің әрекетіңізге таңғалып жат­қанын байқадық. Сізге не айтты? Ви­деоны қылмысты дәлелдеу үшін тү­с­ірген боларсыз? – Полиция қызметкерлері үшеуі қашып кет­кен соң екі минутқа кешігіп келді. Алты кө­лік пен бір ұшақ бұзақыларды іздеуге кіріс­ті. Видео болмаса, бұлай болғанына еш­кім сенбейтін бе еді. Мұны полицияға ма­териал ретінде түсіргенім рас. Адреналин көп бөлінгеннен әрі қатты ашуланғаннан шы­ғар, біраз балағат сөз айттым. Арнайы тү­сірілсе, олай жасамас едім. Полиция қызметкерлері қатты таң­ғал­ды. «Жарайсың. Біз таңғалып отыр­мыз. 25 жыл еңбек етіп жүріп, жалғыз адам­ның қарулы үш қарақшыға қарсы тұр­ғанын бірінші рет көріп тұрмыз. Біздің жар­ты жұмысымызды істеп бердің, рақмет» де­ді. Ішінде орысша білетін қызметкері бар екен. Ол да Майамиде мұндай жағдай бұған дейін болмағанын айтты. «Не деген жүрек жұт­қан жігітсің! Қазірдің өзінде бүкіл по­ли­ция арасында аңыз болдың. Әлі сен тура­лы 20 жыл айтатын болады» деп мақта­ды. Сөйтсем, Майамиде бәрі тапанша ке­зен­гендерден қаймығып, еш қарсылықсыз сұра­ған затын береді екен. Өйткені мұнда атыс-шабыстан көп адам қайтыс болады. Сон­дықтан қаскөйлер атып кетеді деп қор­қады екен. Полицияның айтуынша, олар ұйым­дас­қан қылмыстық топ болып шық­ты. Бәрін алдын ала жоспарлап жаса­ған. Әрине, бірінші қару кезенгенде қор­қы­ныш болды. Өзімнің ештеңе істей алмай­ты­нымды біліп тұрмын. Сосын бір амалын тап­тым. – Жалпы, сіз тұрған ауданда қыл­мыс көп тіркеле ме? – Мен Майамидің Голливуд ауданында тұ­ра­мын. Бірақ қылмыс басқа жерде болды. Мен сөйлескен инспектор мұнда қылмыс көп болатынын айтты. Сексен пайызын қ­а­­ра нәсілділер жасайды екен. Полиция қыз­меткерлері күніне 80-90 адамды ұстай­ты­нын айтқанда таңғалдым.  width=– Сізді тонауға келген қыл­мыс­кер­лер қолға түсті ме? – Қазір сөйлесіп отырмын. Ұстаған кез­де хабарын айтамыз деді. – Олар сіздің мекенжайыңызды бі­ле­ді. Әлі де сақ жүргеніңіз жөн се­кіл­ді. – Негізі, ұқыпты адаммын ғой. Құжат­та­ры­мның ішіне жоғалып кеткен жағдайда кө­мегі тиер деп, «тауып алсаңдар, осы ме­кен­жайға әкеліп беріңдер, өтініш» деп жа­зып қойған едім. Соның бәрі сөмкеде кет­ті. Олар менің қай жерде тұратынымды бі­леді. Сондықтан елшіліктен мені қор­ғауын өтініп хат жаздым. Америка елшілігінен хабарласып, қо­сымша қорғау жұмыстарын жүргізетінін жеткізді. «Қылмыскерлер саған қайта келіп, кек алуы мүмкін. Сондықтан қосымша қор­ғауды талап етіп жатырмыз» деді. – Осы жағдайдан кейін еліміздегі БАҚ өкілдері сізге хабарласып, ақ­па­рат таратып жатыр. Ал америкалық жур­налистер хабарласты ма? – Иә, бір ақпарат агенттігі болуы керек, ха­барласып, сұхбат алғысы келетінін айт­ты. Алайда өзімнің дайын емес екенімді ай­тып, бас тарттым. – Расында, қарулы үш бұзақыға той­­тарыс беру бәрінің қолынан келе бер­мес. Спорттың қай түрімен айналы­са­­сыз? Туған жеріңіз туралы айта отыр­саңыз. – Түркістан облысы Кентау қаласында туып-өстім. Сол жердегі №14 мектепте бі­лім алдым. 6 сыныпта оқып жүргенімде өз­ге ауданның екі баласы жабылған бола­тын. Сол таяқтан кейін боксқа барамын деп ше­шім қабылдадым. Сөйтіп, Кентау қала­сын­дағы «Қанат Шағатаев» атындағы бокс мек­тебінде шыңдалдық. Бапкеріміз Мақсат де­ген ағай болды. Бізге «Көшеде төбелес­пең­дер. Бокс біреуге күшіңді көрсету үшін емес, өзіңді қорғау үшін керек» дейтін. Со­ның пайдасы тиді. Ағайымызға рақмет.  width=– Болған жағдай туралы отбасыңыз бір­ден естіді ме? – Анам көрмесін деп әлеуметтік же­лі­ден бұғаттап тастаған едім. Оның үстіне, ши­пажайда ем алып жүрген болатын. Сөйт­сем, бәрібір біліп қойыпты. – Майамиге қандай мақсатпен кел­ген едіңіз? Оқумен бе әлде жұмыс іс­теу­ге ме? – Майамиге екі айға практикаға келген бола­тынмын. Келгеніме бір айдай болып қал­ды. Бұрын мұнай-газ саласында жұмыс іс­те­дім. Кейінгі уақытта авиацияда оқып жүр­мін. Қазаэронавигация компаниясы ұшу­ды практика түрінде үйрену үшін АҚШ-қа оқуға жіберген еді. Одан кейін Еуро­паға барып, авиация саласы бойынша білімімді жетілдірмекпін. Жылдың соңына та­ман елге оралуды жоспарлап отырмын. – Әңгімеңізге рақмет!