Америкада қарулы қарақшыларға тойтарыс берген Олжас
Америкада қарулы қарақшыларға тойтарыс берген Олжас
Жақында әлеуметтік желіде АҚШ-тың Майами штатында жүрген Қазақстан азаматына қарулы қарақшылар шабуыл жасағаны, ал отандасымыз оларға мықты тойтарыс беріп, тіпті қаруын тартып алғаны жайлы бейнежазба тарап, қызу талқыланды. Отандасымызды тонамақ болған каскөйлердің әрекеті сол маңдағы тұрғын үйлердің сыртындағы бейнебақылау камерасына түсіп қалған екен. Жұрт қылмыскерлердің қолына түскен сәтте тосырқап қалмай, шебер қимылдаған қазақ азаматының батырлығына тәнті болды. Шетелдік полицейлер «жүрек жұтқан азамат» деп баға берген азамат Түркістан облысы Кентау қаласының перзенті Олжас Қаныбек болып шықты.
– Америкада басыңыздан өткен оқиғаның видеосы шынайы оқиғаға негізделген фильмнің сюжетін көз алдымызға келтірді. Қарулы қарақшыларға қалай тап болып жүрсіз? Оқиғаның қалай болғанын өз аузыңыздан естісек.
– Телефоным сынып қалып, жаңасын алуға барған едім. Дүкенге емес, сайт арқылы жеке адамнан алатын болып келісіп, шақырған мекенжайға бардым. Қазір ойлап қарасам, абайсыздығымның кесірі ғой бір жағынан. Ойланбай бара салыппын. Өзімді Қазақстанда жүргендей сезінген болуым керек.
Майами – үлкен қала. Келісілген мекенжайға үш сағатта жеттім. Өзім ораза тұтқан едім. Күн ыстық. Жеткенше біраз шаршап қалдым. Бір кезде тұйық көшеге тап болдым. Сол жерде тұрған қара нәсілді жігітпен сөйлеспекші болған едім. Оның екі афроамерикалық досы жанымызға келгенін басында байқамай да қалдым. Екеуі қаруланып алған. Қолдарында тапанша, мылтық болды. Маған қаруын кезеп, «Сөмкеңді бер!» деді. Жинаған қаражатым, құжаттарым ішінде еді. Құжатымды алып үлгердім. Ал олар сөмкемді алып қаша жөнелді. Телефон алып, сатып жүрген едім. Ақшаның бәрі сөмкеде кетті. Оларды бұлай жібере салғым келмеді. Қазақ «ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз» деп айтып жатады ғой. Әр қазақта намыс бар. Сол оянған ғой. Содан «Бәрін соларға беріп, қарап тұрмақпын ба? Достарыма не деп айтамын?» деп ойлап, ештеңеге қарамастан артынан қудым. Олар үшке бөлініп қашты. Біреуіне жеткен бойда мылтығына тұра жармастым. Қаруын тартып алып, ұрып құлаттым. Ол құлаған кезде iPhone 13 телефоны және менен алған ақшаның бір бөлігі түсіп қалды. Еңкейіп алып жатқанда ол қашып үлгерді. Содан артынан қайта қуып, ұстап алдым. Осы кезден бастап видео түсірдім. Одан аты-жөнін, қайда тұратынын сұрадым. Осы сәтте біз тұрған жерге жақын үйдің иесі полиция шақырды.
Қара нәсілді жігітті отырғызып қойып, полиция қызметкерлерін күтіп тұрған едім. Оның қашып кеткен екі досы құтқаруға келіпті. Оларды байқамаған едім. Олар кенеттен арқа тұсымнан келіп шабуыл жасады. Толықтау біреуі итеріп құлатты. Тұрайын деп жатқанымда тапаншамен маңдайдан ұрды. Бірақ тез ес жиып, әрекетке көшіп, үшеуін де ұрдым. Біреуінің тісі сынды, сол кезде қолымды аздап жарақаттап алдым. Біреуі жағынан соққы алған соң, жақындамады. Тапанша ұстап тұрғанынан қаруды тартып алып, оған да бір-екі соққы бердім. Олар қашып кетті. Бұзақылардың тапаншасы мен тағы бір қаруы, iPhone 13 телефоны менде қалды.
– Сізді тонауға келген қылмыскерлер қолға түсті ме?
– Қазір сөйлесіп отырмын. Ұстаған кезде хабарын айтамыз деді.
– Олар сіздің мекенжайыңызды біледі. Әлі де сақ жүргеніңіз жөн секілді.
– Негізі, ұқыпты адаммын ғой. Құжаттарымның ішіне жоғалып кеткен жағдайда көмегі тиер деп, «тауып алсаңдар, осы мекенжайға әкеліп беріңдер, өтініш» деп жазып қойған едім. Соның бәрі сөмкеде кетті. Олар менің қай жерде тұратынымды біледі. Сондықтан елшіліктен мені қорғауын өтініп хат жаздым.
Америка елшілігінен хабарласып, қосымша қорғау жұмыстарын жүргізетінін жеткізді. «Қылмыскерлер саған қайта келіп, кек алуы мүмкін. Сондықтан қосымша қорғауды талап етіп жатырмыз» деді.
– Осы жағдайдан кейін еліміздегі БАҚ өкілдері сізге хабарласып, ақпарат таратып жатыр. Ал америкалық журналистер хабарласты ма?
– Иә, бір ақпарат агенттігі болуы керек, хабарласып, сұхбат алғысы келетінін айтты. Алайда өзімнің дайын емес екенімді айтып, бас тарттым.
– Расында, қарулы үш бұзақыға тойтарыс беру бәрінің қолынан келе бермес. Спорттың қай түрімен айналысасыз? Туған жеріңіз туралы айта отырсаңыз.
– Түркістан облысы Кентау қаласында туып-өстім. Сол жердегі №14 мектепте білім алдым. 6 сыныпта оқып жүргенімде өзге ауданның екі баласы жабылған болатын. Сол таяқтан кейін боксқа барамын деп шешім қабылдадым. Сөйтіп, Кентау қаласындағы «Қанат Шағатаев» атындағы бокс мектебінде шыңдалдық. Бапкеріміз Мақсат деген ағай болды. Бізге «Көшеде төбелеспеңдер. Бокс біреуге күшіңді көрсету үшін емес, өзіңді қорғау үшін керек» дейтін. Соның пайдасы тиді. Ағайымызға рақмет.