Күркетауық бағып, Gelandewagen алған Бақыт
Бақыт 4 миллион теңге табыс табады. Оның 3,5 миллион теңгесіне Gelandewagen көлігін сатып алған.
«Кәсіп етсең – көгересің» деген қағиданы ұстанатын жанның бірі – Бақыт Кенжебаев. Он жылдан бері күркетауық бағумен айналысатын оның ісі көбіне таңсық көрінуі мүмкін. Өйткені елімізде бұл іске ден қойғандар аз. Ал бүгінгі кейіпкеріміз санаулы адам айналысатын кәсіптің көзін тауып, ұршықша иіріп отыр.
Бақыт Кенжебаев Шымкенттегі Бауыржан Момышұлы атындағы №44 мектепті тоғызыншы сыныпқа дейіп оқып, кейін колледжде автоматтандыру және басқару мамандығы бойынша білім алған. Оқуды үздік бітіргенмен, мамандығы бойынша жұмысқа орналасудың реті келмепті. Сөйтіп, ойлана келе, ауылға оралып, кәсіп бастауға бел буады.
«Ата-анам кішкентайымыздан еңбекке баулыды. Әкем отыз жылдан бері қой бағады. Қасында көмектесіп жүретінмін. Үлкен өмірге қадам басқан соң, оның үстіне мамандығым бойынша қаладан екі қолға бір күрек табылмағандықтан ауылға келіп, әке-шешеме көмектесейін әрі жеке кәсіп бастайын деп ойладым. Бұрын күркетауықтың етін жегеніміз болмаса, бағуды білмейтінмін. Содан әке-шешеме қой емес, күркетауық баққым келетінін айттым. Сөйтіп, бірден алтауын сатып алып, кәсібімді бастап кеттім», – дейді Бақыт.Ертеден мал ұстаған кейіпкеріміздің жақындарына бұл іс таңсық көрінеді. Сондықтан оған «Баланың тірлігін жасама, одан да қой, жылқы бақ» деп кеңес бергендер аз болмапты. Бірақ алған бетінен қайтпайтын Бақытты ешкім райынан қайтара алмаған.
«Тәуекел еткеннен кейін кері шегінгім келмеді. Ағам екеуміз басында күркетауықты қалай жемдейтінін, қанша шығын кететінін есептедік. Пайда табу жолын білгеннен кейін тиімді кәсіп екеніне көзім жетті. Егер 10 күркетауық бағып, сатсам, 50 мың түседі. Ал 200-ін бақсам, 1 миллион теңге табыс табамын. Оны 12 айға бөлгенде, әр айға 83 мыңнан түседі. Бұл – қаладағы орташа айлықтың бірі. Ауылда жүріп, осындай қаржы тапсам, жаман емес деп ойладым. Мен кәсіп бастаған 2011 жылдары әлеуметтік желі қатты дамымаған, интернетте мәліметтер аса көп емес еді. Өз бетіммен тынбай әрекет ете бердім. Соның нәтижесі шығар, 19 жасымда 6 күркетауықтың санын 200-ге жеткізіп, алғашқы миллионымды таптым», – дейді шаруа.Осылайша, кәсіптің қыр-сырына қанығып, ауылда жүріп-ақ миллионер атанған бала мұнымен тоқтап қалмайды. Күркетауықтың санын мыңға дейін жеткізеді. Күркетауық өсіріп, оларды күтіп-баптау төзімділікті қажет етеді. Орташа есеппен бір күркетауық 15 балапан шығарып, тез көбейгенімен, табиғаты нәзік келеді. Әрқайсысына мейіріммен қарап, көңіл бөлмесеңіз, ауырып қалады. Біреуі ғана ауырмай, бәріне жұқтырады. Сонымен қатар тез жаурағыш келеді. Ауа райы күрт бұзылған кезде тез арада шешім қабылдап, әрекет етпесеңіз, олар әп-сәтте қырылып қалуы мүмкін. Бақыт мың күркетауық баққан жылы біраз қиналғанын айтады. Айналадағы шөп пен шегірткенің бәрін жеп, жерде түк қалдырмаған соң күркетауықтарын алдына салып, күре жолдың арғы бетіндегі қырға көшкен.
«Құстарды жайылымға шығарғанымда аяқ астынан бұлт кетіп, күн ысып кетті. Түс уақыты болатын. Мың күркетауығым қырда, судан алыс жерде шегіртке жеп жүрген еді. Екі қырдың арасы жеті жүз метрдей жер. Екіншісіне айдап апарайын десем, ыстықтан жүрмей, майда шөптердің көлеңкесін паналап жатып алды. Бәрі шөлдеп жатыр. Содан қолыма сыйғанынша алып, тасыдым. Арасында бір айлық болып өсіп қалған балапандар бар. Содан жақын жерде лас су бар еді, амалсыз соны ішті. Ертесіне бәрінің іші өтіп, ауырып қалды. 200 күркетауық қырылып, қиналған күндерім болды. Талай ұйқысыз түндер өтті. Ондай сәтте көңілім құлазып, әрқайсысының жазылып кеткенін тілеп отырамын. Кәсіпті несие алып немесе кепілге зат қойып бастаған жоқпын. Дегенмен, өз балаңдай мәпелеп өсірген оларды өлімге қимайды екенсің. Осы жағдайдан сабақ алдым. Мұндай кезде өзіңді қолға алып, сабыр сақтау керек. Уақтылы көңіл бөлмесеңіз, бұлардың өмірі бір сағатта өзгере салады. Мысалы, бір-екі сағатта суы дұрыс берілмей қалса, ауырып қалады. Сондықтан барынша мұқият болған жөн. Басында тілін түсіне бермейтін едім. Қазір де көрген адамдар «бағып жатқан тәсілің қиын ғой» деп айтады. Әрқайсысын жеке қорапқа салып бағамыз», – дейді кейіпкеріміз.Екі жүз күркетауықты өлтіріп алған соң, туыстары қалған сегіз жүзін сатып, басқа кәсіппен айналысуға кеңес береді. Осыдан кейін балапандарын аман-есен өсіріп, союға жараған соң сегіз жүзін біртіндеп сатып, 4 миллион теңге табыс табады. Оның 3,5 миллион теңгесіне Gelandewagen көлігін сатып алды. Ондағы ойы жастардың үйлену тойы алдындағы серуеніне көлікті жалға беріп, табыс табу еді. Алайда бұл жұмысы да көңіліне қонбай, қайтадан күркетауық бағуды қолға алған. Бақыт қазір кәсібін қайта жандандырып, 300 құс өсіріп отыр. Басында базарға шығарып сатса, қазір үйінен аттап шықпайды. Себебі тұрақты тапсырыс берушілер өздері іздеп келетін болған. Жол бойында ары-бері ағылған көлік жүргізушілері де күркетауық бағып жүргенін көрген соң, тоқтап, сатып алады екен. Ол күркетауық етінің дәмін бір татқан адам міндетті түрде екінші рет келетінін айтады. Айтуынша, салмағы үлкейіп, етке дайын болған қораздары 8 келіге дейін, ал мекиендері 6 келіге дейін ет береді екен.
Фото: Әйгерім Бегімбет
«Мың баққан адамға 200-300 бағу оңай. Бұлар тауық сияқты бөлек емес, топталып жайылады. Етінің дәмділігі жоғары. Суды да көп талап етпейді. Күнделікті жеміне келетін болсақ, бидай, арпа береміз. Тамақтың құнарлысын жейді. Шөптің құнары дәнге келеді емес пе? Қиындығы сол, балапан кезі. Бір айдай жетілдіру қиындық тудырады. Одан кейін оңай. Таңертең ерте 2-3 сағат жайылады. Түс уақытысында демалып, кешке тағы жайылады. Жалпы, күркетауық ақылды келеді, адамға тез үйренеді. Олардың қанатын сабалағанына, шегірткені қуып жүріп ұстағанына қызыға қарап тұрамын. Әсіресе, анасының баласына деген мейірімін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Олар баласы үшін иттің аузына түседі. Жыртқыш баласын жейін деп тұрса, өзін құрбан етеді. Олар жаздыгүні ертемен қырға қарай кетеді. Ал өзім ұйқылы-ояу күйде соңдарынан жүгіремін. Екі-үш сағат жайған соң, сағат 8-9-да үйге таңғы асымды ішуге келемін. Еті құнарлы, дені сау болуы үшін бәрін табиғи жағдайда баптағанға мән беріп жатырмын», – дейді кәсіпкер.Кейіпкеріміздің енді тек күркетауықтың етінен түрлі тағам әзірлейтін дәмхана ашуды жоспарлап жүргенін айтады. Кәсіпкерлік саласындағы білімін үздіксіз жетілдіріп отыруды жөн көретін ол осы кәсіпті серік етемін деушілерге тегін ақыл-кеңес беруге әзір.
«Ешкімді кінәламай, ерінбей еңбек етсең, жемісін міндетті түрде көресің. Ешкімге жалтақтамай, өз кәсібіңмен айналысып, елге пайдаңды тигізе білсең – басты мақсат сол», – дейді шаруа.