Қаламынан тамған сия тарих болып өрілген

Қаламынан тамған сия тарих болып өрілген

Қаламынан тамған сия тарих болып өрілген
ашық дереккөзі
Бірде көрнекті жазушы Молдахмет Қаназ ағама сәлем бере барып, әңгімелесіп отырғанымызда ол кісіге біреу телефон соғып бірталай уақыт әңгімелесті, содан соң маған Молдекең телефонды беріп, «Қайырбай ғой, сенімен сөйлескісі келеді» деді. Мен бұрын еш кездеспеген кісіге менің не керегім болды деп таңырқаған күйде телефонды құлағыма тұттым. «Айналайын, Ахметжан хал-жағдайың жақсы ма» деп салған жерден бұрыннан таныс кісідей жағымды даусымен амандық-саулық сұрап, емен-жарқын сөз бастаған Қайырбай ағамен сөйтіп ойда жоқта таныс болып қалдық. Ол кісі менің жақында бір сайттан Жанқожа батыр туралы өлеңімді оқығанын, содан бері іздеп жүргенін айтты. Өлең өзіне ұнағанын айтып, ризалығын білдірді. «Ай, бір көкіректің шерін шығарған екенсің, төгіліп тұр» дейді. Мен, әрине, енді ғана таныс-біліс болып жатқан ағадан мұндай сөзді естігеніме бір жағынан қуансам, бір жағынан ыңғайсызданып «рақмет, аға» дей беремін аузыма басқа сөз түспей. Кейіннен сұрастырып білсем, ол кісі жай суретші емес, сәулет өнерін де меңгерген, Қазалыдағы Жанқожа батыр кесенесінің авторы екен. Құдай кейде бір адамның бойына бір­не­ше өнерді қабат бере береді ғой, бұл кісі ға­жап суретші, тамаша ақын және музыкант. Ги­тараға қосылып лирикалық әндерді сы­зыл­та шырқайды, домбырамен Сыр бойының гөй-гөйін айтады, термені төгілтеді, тіпті, оның орындауында біраз термелер Қазақ ра­диосының Алтын қорында сақтаулы және жа­сынан Сыр сүлейлерінің ғажап жырларын са­насына сіңіріп өскен Қайырбай Зәкірұлы­ның екі рет басылып шыққан «Шалқасынан туған ай» атты керемет жыр кітабы оның сыры бөлек ақын екеніне дәлел. Қайрекең теміржолшы отбасынан шық­қан. Арал маңында тұрған оның отбасын Ақ­төбенің Шалқарында тұратын ағайындары көшіріп әкеткен. Алайда ол жақта ата-анасы үш ұлы бірінен кейін бірі шетінеп кеткен соң көңілдеріне «құтсыз қоныс болды-ау» деп ой келіп, Арал маңына қайта көшіп барған соң, туған ұлға ырым қылып – ел аралап жүретін ақкөңіл дуана кісінің атын берген көрінеді. Жұр­тына жаратқаннан жақсылықтан басқа сұра­майтын сол кісінің есімі құт болып да­рып, ата-ананың ырымы қырын кетпей бір әу­летке өмір болып жалғанған Қайырбай – бү­гінде әлемнің біраз елі таныған зергер сурет­ші, халқы таныған ақын. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» де­мек­ші, теміржолшы баласының көретіні – қос рельспен жүйткіген пойыз. Алып сос­тав­тарды ыңырана тартып, ара-тұра ыш­қы­нып ішін тартып «гууук» деп қойып зуылдап өте­тін пойыздарға ерекше қызығатын жас ба­ла соның суретін сала беретін. О кезде ауыл­­дық жерде түрлі түсті бояу қайдан та­была қойсын, оның жалғыз қаруы қара қалам еді. Жансыз техниканы бейнелеуден жанды та­биғатқа көшіп, біртіндеп қа­ламы ұштала бастаған баланың талабын әке­сі қолдады. «Ата балаға сыншы», өз қа­ны­нан жаралған баланың қабілетін танымаса әке бола ма? «Болам деген баланың бетін қақ­­па, белін бу». Солайша, сонау Арал жаға­сын­да бүршік жарған бала көңілдің арманы оны суретшілердің оқуына – Алматыға же­те­­леп келді. Алдымен Н.Гоголь атындағы Ал­­маты көркемөнер училищесін, соңынан Абай атындағы Қазақ педагогикалық инс­ти­тутын (қазіргі Абай атындағы Қазақ Ұлт­тық педагогикалық университеті) факуль­те­тін бітіріп жоғары білімге ие болған Қайыр­бай Зәкірұлының суретшілік өнердегі жолы басталды. Амандос Ақанаев, Фатима Тарази, Бә­тима Зәуірбекова, Дәркембай Шоқпаров бел­гілі өнер қайраткерлерімен бірге оқып, үлкен өнер иесі болуды армандаған Сыр пер­зентінің салған суреттері біртіндеп кәсіби ор­тада бағасын ала бастады. 1968 жылдан бастап картиналарымен үл­кен көрмелерге қатысқан ол, 1974 жылдан бас­тап кәсіби өнерге шындап бет бұрды. Өне­ріне Ресейдің атақты суретші-графикшісі Николай Эстис бағыт берген жас суретші шабыттана жұмыс істеді. Сол шақта Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет театрында жас суретшілердің көрмесі өтіп, оған «Қызылқұм туралы өлеңдер» атты серияларын қойды. Ол алты-жеті шағын еңбектен құралған топтама болатын. Бір күні газеттен осы жұмысының жақсы бағаланып, БЛКЖО-ның грамотасын иеленген 5-6 адамның қатарында өзінің де бар екенін оқиды. Ол кезде бұлай кәсіби ортаның назары ауу үлкен мәртебе. Осыдан бастап ол өзінің суретші ретінде өнерде орны бар екенін сезіп қанаттанып, бұдан былай өмірін осы салаға арнау керегін ұқты. Әрі қарай құлшына еңбектенген қылқалам шеберінің маңдайдан төккен тері босқа кетпеді, сол кездегі республикалық жастар одағы – Қазақстан БЛКЖО Орталық комитетінің мақтау қағазымен, кейін КСРО Суретшілер дипломымен, сыйлығымен марапатталып, мәртебесі көтеріле түсті. Бұл айтуға оңай болғанмен жылдар бойғы ізденістердің лайықты бағасын алуы еді. «Біздің кезімізде Қазақстандағы жас суретшілерді аға буын жаңа бағытқа икемдеп, әлемдік деңгейге көтеріп жіберді. Салихитдин Айтбаев, Тоқ­болат Тоғызбаев, Мақым Кисамединов, Әділ Рахманов деген суретшілердің есімі тарихта алтын әріппен қалды. Осы кісілердің қасында жүргеніміздің өзі үлкен мәртебе еді. Сурет салып жатқанда қасында тұрып, үйренгеніміз көп болды» дейді сол жылдарды еске алғанда Қайрекең.  width= Жетпіс үш жыл өзі туған мекенінен та­бан аудармай, үлкен өнер орта­лық­тарынан алыстау саналатын Қызылорда қаласында тұрып еңбектенген Қайырбай Зәкірұлы қанатты талантқа алыс-жақын де­ген өлшемдердің айырмасы болмайтынына сен­дірген тұлға. Кейбіреулер тоқтап-то­қыра­ғанын өнерді паш ететін дулы ортадан жы­рақтау жүргенінен іздеп тағдырына нала біл­дірсе, Қайрекең өнер адамы өз өлкесінің та­рихына бойлап, сырына қаныға түсу үшін сол жерде өмір сүріп бәрін көзбен көріп, са­наға ұзақ сіңіру керек дейді. Содан болар, ол өзінің кіндік қаны тамған қасиетті мекен – Сыр бойының тарихын, мәдениетін, аңыз-әпсаналарын, тарихи ескерткіштерін барын­ша терең зерттеді, содан ой түйді, шабыт ал­ды. Соның жарқын көрінісінің бірі – ұзақ жыл­дардан бері өзі салып келе жатқан «Оғыз­­­­нама» картиналар сериясы. 2013 жылы Түркияда ТҮРКСОЙ ұйымы ұйым­дастырған халықаралық симпозиумға қазақ елі атынан Қайырбай да барған еді. Оған түркітектес елдердің бәрінің сурет­ші­лері қатысты. Симпозиумда суретшілер ара­сын­да бәйгі жарияланып, түбі бір жұрттан шық­қан қылқалам шеберлері өнер жарыс­тыр­ды. Түрік елінде бірнеше күн тұрып сурет сал­ған олардың жұмыстары арнаулы қазылар алқасына тапсырылды. Оған Қайырбай сол жерде салған «Қорқыт», «Бегім ана», «Балқы ба­зар» атты картиналарын қосты. Бұл өнер жа­рысының нәтижесі 2014 жылдың 7-қара­шасында белгілі болып, 21 қараша күні Та­тарстанның астанасы Қазан қаласында өткен ТҮРКСОЙ ұйымының қорытынды конфе­рен­циясында бас жүлдені Қайырбай Зәкірұлына табыс­тады. Осылайша, түркі атаулының ту тік­кен жері – Ұлы дала перзенті, Қорқыт жай­лы әпсаналарды жас кезінен естіп, сана­сы­на тоқып өскен Қайырбайдың мерейі үс­тем болды. Ал арада бір жыл өткенде Қазақ хан­дығы құрылуының 550 жылдығына орай Қа­зақстан Суретшілер одағы ұйымдастырған кон­курс-көрмеде «Оғызнама» – «Корқыт ба­ба», «Кенесары хан мен Жанқожа батыр», «Қа­­­рабура әулие» атты графикалық туын­ды­лардың авторы Қайырбай Зәкіровке Ә.Қас­теев атындағы алтын медаль берілді. Даңқты ба­балар жайлы бала күнде естіген аңыз әң­гімелердің ойға тоқылған әсерлері суретшіні осы­лай биікке көтерді. Картиналары АҚШ, Франция, Пор­туга­лия, Қытай, Жапония, Марокко, Йе­мен секілді шет мемлекеттердің өнер мұра­жай­ларына, Ресей Федерациясы Мәдениет ми­нистрлігінің қорында және Әбілхан Қас­теев атындағы өнер мұражайында қойылған жә­не шетелдік дербес коллекционерлердің қо­лында сақтаулы. Шығармашылық жолын графикадан бастап, ұлттың өткені мен бү­гі­нінен сыр шертетін әуені жұмбақ, сыры тыл­сым 150-ден астам картиналар сериясын жа­саған Қайырбайдың қазақ дизайн өне­рінде де өз орны бар. Кеңес одағы дәуірінде КСРО Суретшілер ода­ғы жанынан экспериментал ди­зайн орталығы ашылғанда, оған белгілі ар­хи­текторлар, философтар, суретшілер қа­тыс­тырылып, батыстық «заттар дизайнына» аль­тернатив ретінде айнала ортаның ди­зай­нын жасауға талпыныс басталған-ды. Атал­ған экспериментал орталыққа бес жыл бойы, жылына тұрақты түрде екі-үш айдай қатысып тұр­ған Қайырбай, ол жерден архитектуралық ди­зайн бағытын игеріп шықты. Сөйтіп, қазақ елі­не дизайн өнерін әкелушілердің алдыңғы қа­тарында көрінді. Жалпы, қазақ табиғатпен етене халық қой. Өзі өмір сүретін ортамен жан-дү­ниесі астасып кеткен халықта көнелік бар. Кө­нелік – көнеру емес, байырғылық – бүгінге жат дегенді білдірмейді. Ол – тереңдіктің, нәр­ді бергіден емес, арғыдан ала білетін дег­дарлықтың, түп-негізін ұмытпаған бек­заттықтың, жаратылыстың өзіндей шексіздік құ­нарынан еркін сусындаған пара­сат­ты­лықтың белгісі болса керек. Қайырбай Зә­кірұлынан да мен сондай көнелікті көремін. Ол оның бояу әлемінен анық байқалады. Бір сәт өткенге ойша көз тастап кө­рейік­ші. Бүгінгідей кез келген түсті әп-сәтте жасауға мүмкіндік беретін түрлі бояу жасаудың технологиясы жоқ кезде ата-ба­баларымыз қайтті? Олар оны, әрине, та­би­ғат­тан алды. Мәселен, киіз үйдің сүйегін – шаңы­рақ пен уықты, керегені, сол сияқты домбыраны немесе алаша тоқитын жіптерді не­мен бояды? Оған күні кешеге дейін жосаны пай­даланатын. Жоса – ақшыл-қызғылт не­месе қызғылт-сарғыш түсті бояу түрі. Үл­кен­дердің айтуынша, оны қазақтар өсімдіктің жапырақтары мен тамырларын жинап кеп­тіріп, суға езіп еріту арқылы жасаған. Бояу­дың бұл табиғи түрі кей жағдайда қыштың, саз топырақтың түріне ұқсайды. Сулы сұйық жо­са бояуы кепкен ағашқа, мақта жіпке жақ­сы сіңеді де, өшпей ұзақ сақталады. Бояулар фи­лософиясы тұрғысынан қарасақ, жоса түрі көнелікті, көзден кетсе көңілден кетпейтін жай­ларды елестетіп тұратын сияқты. Аста­рын­да өткенге сағыныш, жанға жақын та­рих­тың елесі жатады. Міне, осы бояуды өзі кін­дік кескен мекеннің тарихына қатысты туын­дыларына Қайырбай Зәкіров жиі пай­да­ланады. Оның «Оғызнама» сериясындағы жә­не өзге де тақырыптардағы карти­на­ла­рын­да бұл түс өте сәтті қолданылғаны көзге түседі. Шын мәнінде, жоса түсі көне Мысыр ес­керткіштерінде де анық көрініп тұрған жоқ па, ал мысырлықтар мәдениетінің адамзат та­рихындағы ең көнелер қатарында ата­ла­тыны белгілі. Оның қазақ даласының ескерт­кіш­терінде де елес беруі де жайдан-жай бол­маса керек. Адамзат баласының ұлы бе­сік­терінің бірі Ұлы дала да көне мәдениеттер отаны. Ғажайып петроглифтер, сына жазуы, т.б. мәдени құндылықтар соның дәлелі. Көнелік демекші, кәдімгі қара қарға ұзақ өмір сүретін құстардың бірі. Ол өз­ге құстардай күн суытқанда туған жерін тас­тап, жылы жер іздеп кетпейді. Қарқ-қарқ етіп қойып, табылған жеміне қанағат етіп, ұшып-қонып жүре береді. Осы қарға туралы, оның түсі жайлы Қайырбайдың өз пікірі бар. «Мен қарғаны жақсы көремін, – дейді ол. – Қа­зақ баласына мейірленгенде «қарғаам» дей­ді. Ал ол аппақ қардың үстінде жорғалап жүр­генде қалай көрінеді? Оның ақ-қара, күл­гін түсі жанып, ерекше көрініп тұрады». Бұ­дан түстерді қадірлеудің, көнелікті құр­мет­теудің лебі есіп тұрған жоқ па?! Қазақ ерекше мән беретін қадір-құрмет де­ген ұғымның түкпірінде айнала – қоршаған ортаға деген парасатты сезімнің дәні бар. Ол ар­тық әрекет жасаудан сақтандырып, жаңа­ны жасау үшін ескіні қиратуға бастамайды. Ал бүгінде ше? Ештеңенің обал-сауабын ой­ла­май, болашақта келер зауалды қаперімізге ала бермейміз. Мысалы, қарапайым қағазды жасау үшін ағаштарды қырқып, өкпемізге кі­ріп, өмірімізді ұзартар оттегіні сыйлайтын жа­сыл әлемді қысқартамыз. Ал бұрын қандай еді? Өзіне керегін жасауға неше түрлі ма­те­риал іздеп аласұрмай-ақ қолда барының өзін кәдеге асырып, содан тамаша заттар жасай ала­тын далалықтардың даналығы табиғатты ба­рынша таза күйінде сақтауға үндейтін эко­логия философиясына негіз боларлық бір­ден-бір рухани тұғыр дер едім. Мәселен, ер­теде адамдар қағаз жасау үшін ағашты кес­пей-ақ, оған өзге табиғи заттарды пай­да­лану арқылы қол жеткізген. Кореяда ерте кезде күріш­тен қағаз жасаған көрінеді. Ұлттық кітап­ханаға бір барғанымда ертеде жасалған ко­рейлердің тарихы, этнографиясы баян­далған энциклопедия іспеттес кітап көрдім. Кө­лемі әжептәуір болғанымен, салмағы жеп-жеңіл. Кеңестік кезде Қиыр Шығыстан елі­мізге корейлер күштеп қоныс аударып, олар­ды Қызылордаға алып бара жатқан пойыз­дың машинисіне бір кәріс шалы жо­ғалт­пай сақтауын өтініп табыс еткен. Қазір тек біздің елде ғана сақталған баға жетпес ол кі­таптардың парақтары күні кеше ғана жа­салғандай көрінеді. Жұп-жұмсақ, жып-жыл­тыр.  width= Мұны мен неге айтып отырмын? Сыр бойының суретшілерінде де күрішке су­рет салу дейтін ерекше бір өнер бар. Кеңес­тік кезеңде осы күрішке салынған портреттер та­нымал еді. Оны қызылордалықтар жа­са­ға­нын бәрі білетін. Күрішке сурет салғанда, еш­кім шашылып жатқан күріштің үстіне сал­майды, әрине. ДВП немесе ДСП мате­риа­лына желім жағып, бетіне күрішті сеуіп, жа­быстырады. Оны кептіріп алған соң, ма­те­риал­ға қайтадан сұйық желімді жағып, кү­ріш­ті ісіндіреді. Содан кейін ісінген күріштің бе­тін қамыр жаятын оқтаумен тегістеп, екі-үш күн асықпай кептіреді. Желімделген кү­ріш қатқаннан кейін ғана сулы бояу – ак­варельмен, сирек жағдайда майлы бояумен су­рет салады. Ізденуден талмайтын біздің кейіп­керіміз де осы күрішке сурет салудың бір шебері. Бірақ осы материалды дайын­дау­дың өзінде әркімнің өз тәсілі бар көрінеді. Қайырбай аға да оны өзінше дайындайды. Су­ретші бұл материалдың технологиясын өзін­ше дамытқан, сөйтіп өзі жасаған бұжыр-бұжыр материалға сурет салғанда бояуды кү­ріш сорып алады екен де, суретте ақ таң­дақтар пайда болып, ерекше көрініс шығады. Кейін мұны өз бетінше дамытқан. Яғни, қағазға акварельмен еркін композициялар жасағанда, әлгі ақ таңдақтарды қолындағы бояу щеткасымен түртіп-түртіп отырып өзі са­лады екен. Міне, сурет салуға табиғи ма­териалдарды пайдалану негізінде туған ерек­ше бағыт, түкпірінде табиғилық жатқан ежел­гі мәдениетті шығармашылықпен да­мыту. Суретшінің Ә.Қастеев атындағы Мем­лекеттік өнер мұражайындағы «Минотаврлар ма­рафоны» атты жеке көрмесі де осы сти­ль­дегі акварель парақтарынан құралған бо­ла­тын. Өнер атаулының тегі бір болғанымен бол­мысы бөлек-бөлек дүние. Поэ­зия­ны музыканттар, музыканы суретшілер түсіндіре алмайды. Қайырбай ағамның ай­туын­ша, тіпті суретшілердің өздері де бір-бірі­нің салған картиналарын түсіндіріп бер­мек түгілі, түсіне де бермейді екен. Деген­мен бәрібір ақынның күй туралы, күйшінің су­рет туралы өз көзқарасы болады. Біз де кейіп­керіміздің шығармашылығы туралы өз көзқарасымызды білдіріп, өзіміздің түйсігімізге түскенін баяндадық. Сөзіміздің басында Қайырбай Зәкір­ұлы­ның өлең жазатынын, жыр кітабы жарық көргенін айтып кеттік. Сол «Шалқа­сы­нан туған ай» деген кітаптың алғашқы өлеңі мынадай: Құс жолына шомылып, Жатсам кімнен кем едім. Мүмкіндікті соң ұғып Ләм-лим демедім. Нұсқап биік деңгейді Әрлі-берлі сызды күн. Қаперіне келмейді Менің дәрменсіздігім. Бұл – жай айта салған сөз емес, өзіне-өзі қатал талаппен қарайтын мазасыз жан­ның жүрек дүрсілі. Ол – наннан арды биік қоятын нағыз шығармашылық ада­мы­ның бәріне ортақ ізгі қасиет. Өмірін өнер жо­лына арнаған әрбір таланттың өзіне көңі­лі толмауы осалдығын амалсыз мойындаған дәр­менсіздік емес, бәлкім бір шыңға шықса, арғы жағында көріне беретін тағы бір шыңға қарай үздіксіз талпына беретін жанкешті тір­лік екенін сезуі, сезіндіруі. Сондықтан бұл орай­да Қайырбай ақынның: Aлдымда жоқ іздеп келем, Aртымда – Кешірімді елім. Өмірде қанағат – Өлең, Өнерде қанағат – Өлім. – деген жан лебізін терең түсінеміз, жүрекпен ұғамыз. Ұққан соң да онымен бірге тебіренеміз, толғанамыз. Сұлу өнер туындысын көргенде «нағыз поэзия екен» деп қаламыз ғой. Оның да жаны бар. Мәселен, мен үшін поэзия сөзбен салынған сурет болса, сурет – үн­де­мей-ақ үлкен дүниені ұқтыратын поэзия. Тек сыр шерту тәсілі басқа. Қайырбай ағаның суреттері неге жанға жа­ғымды? Неге оның «Оғызнама» сериясы жү­рекке жылу сыйлап, өзің көрмеген, бірақ жан-тәніңмен сезінетін тылсым бір әлемге сүйрей жөнеледі? Өйткені одан тарих тыл­сымын, бағзы замандардағы бабаларыңмен табыстыратын бір құдіретті танисың. Ол таным сенің жер бетіндегі көне халықтың ұрпағы екеніңді, рухани тамырыңның терең­дерден нәр алғанын ұқтырып, кеудеңе мақ­таныш сезімін ұялатады. Және ол – ақиқи мақ­таныш, шынайы сезім. Ендеше осындай қыл­қаламынан өмір туып жататын талант құ­діреті қалайша сүйсіндірмей тұра алады? ...Қайрекеңнің бағзыдан сыр тартатын туын­­дыларына қарап, ойға шомған бір сә­тім­де қойындәптеріме мынадай жыр жол­дары түсіп қалған екен: Өнер сыры ұшталғанға ұғылмақ, Ендеше оған қайтеміз сөз шығындап? Жарқылдайды суреттерде семсерлер, Қайрекеңнің қайрауында лыпылдап. ...Бұ жалғанда жанға енетін жарық көп, Бірақ оны ұға алмаспыз қарқ боп... Сырдың ұлын толғантады тылсымдар, Қаламынан тамған сия тарих боп! Иә, қаламынан тарих тамған сурет­ші­нің тағ­дыры өнер әлеміне ғана байланған. Ал ол тағдыр қазақ деген халық­тың абыройын асырып, беделін өсіріп, мәр­тебесін биіктететініне күмәнсіз сенеміз.

Ахмет ӨМІРЗАҚ