Депутаттар жолдаған сан түрлі сауал
Депутаттар жолдаған сан түрлі сауал
20 сәуір күні Парламент Мәжілісінің кезекті жалпы отырысы өтті. Жиында күн тәртібіндегі мәселелер талқыланды. Содан соң депутаттар көтеріп отырған мәселелеріне байланысты жауапты органдарға депутаттық сауалдарын жолдады.
Осы аптада Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының мүшелері көтерген кей мәселелерге шолу жасап өтейік.
Субсидия төңірегіндегі түйткіл тағы айтылды
Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бөлінетін бюджет қаражатына субсидия аламын деушілердің 10 пайызы ғана қол жеткізген. Субсидия беру жүйесі өте күрделі және қажетті мәлімет көпшілікке қолжетімді емес. Оны бөлуді реттейтін жаңа цифрлық жүйе бұл мәселені шеше алмай отыр.
Мәжіліс депутаттары Қ.Әлішев, П.Казанцев, Ғ.Елеуов, Е.Мәмбетов, Н.Әшімбетов, А.Әлтай Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Е.Жамаубаевқа және Ауыл шаруашылығы министрі Е.Қарашөкеевке осы мәселе бойынша депутаттық сауал жолдады.
– Саланы одан әрі дамыту үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жиі көтеретін мәселенің бірі несиелер мен лизингтердің пайыздық мөлшерлемесінің жоғары болуына назар аударуымыз қажет, – деді депутат Әлішев Үкімет отырысында.
Айта кету керек, бүгінде несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесі 17 пайыздан 24 пайызға дейін өсті, оның 6 пайызын шаруашылықтар төлейді.
Қазір ауыл шаруашылығы құрылымдары несиелер мен лизингтер бойынша сыйақының пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялау кезінде белгілі бір қиындықтарға тап болып отыр. Оған себеп – бюджет қаражатының тапшылығына қатысты мәселелер, сондықтан да субсидияларды уақытылы төлеу мүмкіндігі бола бермейді.
Осының салдарынан шаруашылықтар несиелер бойынша сыйақыны өз айналым қаражатынан толық көлемде төлеуге мәжбүр болып отырғанын айтқан депутат төлемдер бойынша міндеттемелерді кешіктірген жағдайда кәсіпкерлер жосықсыз клиенттер тізіміне еніп кетіп, субсидиядан толығымен қағылатынын айтты.
– 2023 жылғы 3 сәуірдегі Ақтөбеде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің санкцияланған митингіде басты талаптардың бірі ретінде осы мәселе көтерілді. Ауыл шаруашылығы құрылымдарының ұсыныстарын ескере келе, соңғы қарыз алушыға тек 6 пайыз мөлшерінде сыйақы төлеуді ұсына отырып, несиелер мен лизингтер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау үшін қаржы институттарына субсидияланатын қаражатты тікелей аудару мүмкіндігін қарастыруыңызды сұраймыз.
Бұл мәселе Премьер-Министрдің Ақтөбе облысына жұмыс сапарының қорытындысы бойынша хаттамалық тапсырмаға енгізілді, алайда осы кезге дейін ашық күйінде қалып отыр. Бұл мәселені шешу ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің өсуіне оң әсер етеді және ауыл шаруашылығы құрылымдарының қаржылық жағдайын жақсартады, – деп айтылды депутаттық сауалда.
Экологиялық апат аймақтарына қатысты мәселе көтерілді
«AMANAT» фракциясының депутаттары Қ.Балабиев, Ұ.Сәдібеков, Б.Нажметдинұлы, Д.Исабеков Экология және табиғи ресурстар министрі З.Сүлейменоваға экологиялық апат аймақтарына қатысты мәселе көтерді.
Депутаттарды экологиялық апат аймағы саналатын Қызылорда, Ақтөбе, Түркістан, Қарағанды облыстары және Арал аймағымен бір әкімшілік, климаттың деңгейде орналасса да, тізімге енбей қалған Кентау қаласы мен Бәйдібек ауданының мәселесі алаңдатып отыр.
– Бүгінде Кентаудың қасындағы Түркістан қаласы мен Сауран, Созақ аудандарының халқы экологиялық апат аймағына жататындықтан, бюджеттік сала қызметкерлері жалақыға қосымша 1,2 коэффициент әлеуметтік көмек және жыл сайын төленетін демалысқа қосымша 7 күнтізбелік күн, медициналық сауықтыруға 1 айлық еңбекақы мөлшерінде төлем алады. Ал сол өңірлердің ортасында тұрған Кентау халқына мұндай ерекшелік берілмеген. Тіпті, қалаға қарасты Құсшы ата ауылындағы жолдың арғы беті экологиялық аймаққа жатса, бергі беті экологиялық аймақ деп есептелмейді. Барлық тұрғынның жұтып отырғаны бір ауа. Сондықтан Кентау қаласын экологиялық аймаққа жатқызуға болады деп ойлаймын, – деді Ұ.Сәдібеков.
Сонымен қатар депутаттар Түркістан облысындағы Бәйдібек ауданында да осыған ұқсас жағдай екенін айтты.
Депутаттар алға тартқан дерекке сүйенсек, қазір Кентау қаласындағы ауа мен судың ластануынан қала тұрғындарының арасында онкологиялық аурулар да асқынған. Мәселен, 2020 жылы онкологиялық аурумен науқастанып, қайтыс болғандардың көрсеткіші 49,5 болса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 51,5-ке көбейген. Ал 2022 жылы 62,4 болып отыр.
Фракция мүшелері министрден Кентау қаласы мен Бәйдібек ауданын экологиялық аймаққа өткізу мәселесі бойынша жұмыстардың қорытындысын жариялауды сұрады.
Кесененің халі мүшкіл
Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары кезінде «AMANAT» партиясы депутаттары өңірлерге сапарын Түркістан өңірінен бастап, сол сапарда шұғыл шешілуге тиіс бір мәселеге куә болып қайтқан. Депутаттардың айтуынша, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген, VI ғасырдан астам уақыттың куәсі болып, мемлекетіміздің бойтұмарына айналған Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің хәлі мүшкіл.
Осы мәселе бойынша М.Толықбаев, А.Сарым, Р.Заитов Премьер-Министрдің орынбасары А.Көлгіновке депутаттық сауал жолдады.
– Атап айтатын болсақ, кесене қабырғалары ылғал тартып, күмбездің беткі қабаты қопсып, тұзы шығып жатыр. Тұз осы 2-3 жыл бұрын ғана пайда болды. Себебі кейінгі жылдары мавзолейдің алдында көгалдандыру, жасанды абаттандыру жұмыстары жүрді. Ғимараттың ішіндегі ылғалдылықтың шектен тыс артуынан күмбездің бетіне қара дақтар пайда болған. Дымқылдан жарылған сылақтар көзге анық көрінеді. Қызметкерлер туристердің төбесінен сылақ түсіп жүрмесін деп, Тайқазанның аумағын қызыл лентамен қоршап қоюға мәжбүр. Ал абаттандырудың қызығына кенелген жергілікті әкімдік мамандардың дабылына құлақ асар емес, – деді депутат М.Толықбай.
Депутаттың сөзінше, ғалымдар кесененің әу бастағы жобасын ғылыми тұрғыда зерттеп алмай, жыл сайын реставрация жүргізу – қыруар ақшаны далаға шашқанмен бірдей. Өйткені кесененің алдында тұрған кірпіштер мен астында ғасырлар бойы жатқан қамысты алып тастап, ол жерге жалтыраған бетон гранит тақталар қойған соң ылғал тартып жатыр. Сондай-ақ күмбездегі тесіктерді бітеп қана қоймай, ішкі жағын қалың гипспен бес елідей етіп жапқан.
2021-2022 жылы кесенеге зерттеу-сараптау жұмыстарын жүргізген «Қазқайтажаңғырту» республикалық мемлекеттік кәсіпорны «қанағаттанарлық» деп қана баға берген.
– Мінеки, осындай олқылықтардың кесірінен Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жер астына кетіп қалу қаупі төніп тұр. VI ғасырдан астам уақыт күллі Түркі-Тұран халқының ұлы жәдігері, Қазақ мемлекетін сан ғасырлық сынақтардан аман алып өткен хандар мен билердің, батырлар мен қайраткерлердің пантеоны, Қожа Ахмет Ясауи кесенесін сақтауға міндеттіміз.
Біз көтерген мәселе 2023 жылғы 10-25 қыркүйекте Сауд Арабия мемлекетінің Эр-Рияд қаласында өтетін Бүкіләлемдік мұра комитетінде талқыланбақ. Алайда арқаны кеңге салып күтіп отыратын уақыт жоқ, – делінген депутаттық сауалда.
Фракция мүшелері Үкіметтен кешенді жұмыс жоспарын әзірлеп, кесенені қалпына келтіруге қажетті қаражатты бөліп, жұмыстың орындалу барысын әр тоқсан сайын «AMANAT» фракциясының алдында баяндап, есеп беруді сұрады.
Мектептегі әлімжеттік алаңдатады
Н.Сәрсенғалиев, А.Аймағамбетов, Ж.Сүлейменова балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігі мәселесі бойынша Премьер-Министр Ә.Смайыловқа, Бас прокурор Б.Асыловқа сауал жолдады.
Әлімжеттіктің көбеюінің бір себебі пандемия уақытында онлайн оқыған оқушылардың кейін ортаға еркін бейімделіп кете алмауынан екенін айтқан олар қазір соның салдарын көріп отырмыз деген пікірде.
– Сәуір айының басында Түркістан облысы Төрткүл ауылында су каналынан 15 жастағы қыздың өлі денесі табылды. 9-сыныпта оқыған жасөспірімді өлтірді деген күдікпен 2 адам ұсталды. Біреуі марқұммен бір мектепте оқитын 11-сынып оқушысы, екіншісі 19 жастағы сол ауылдың тұрғыны. Белгілі болғандай күдіктілер жасөспірім қыздан
1 млн теңге бопсалаған. Алматы облысындағы Саты ауылында болған қайғылы оқиға төбе шашымызды тік тұрғызды. Алдымен 10-сынып оқушысының көз жұмғанын естідік. Белгілі болғандай, 11-сынып оқушысы 10-сынып оқушысына әлімжеттік жасап ұрған. Салдарынан бала тіл тартпай кетті. Марқұм болған 10-сынып оқушысының жерлеуінен кейін оның досы, сыныптасы өз-өзіне қол салып қайтыс болды. Соңғы хатында ол: «мені досымның қасына жерлеңдер» депті. Күдікті ретінде танылған 11-сынып оқушы қазір үйқамақта екен. Бұл жайт, марқұмның туыстарының наразылығын тудырып отыр, – деді сөз алған депутат Н.Сәрсенғали.
Депутаттардың сөзінше, марқұм болған 3 баланың ата-анасы, туыстары хабарласып тергеудің әділ өтуін, айыптылардың жазалануын талап етіп отыр. Бұл да болса халықтың тергеуге, әділетті сотқа толық сенбейтінінің көрсеткіші екенін айтқан олар мұндай жағдайлардың өте көп екенін де қосып өтті.
Фракция мүшелерінің дерегінше, елімізде әрбір үшінші оқушыға әлімжеттік жасалады екен.
Депутаттар Бас прокурордан жоғарыда аталған істерді қатаң бақылауға алып, айыптылардың жазадан құтылып кетпеуін қадағалауын сұрады. Және әлімжеттік фактілерін біле тұра жасырып қалған қызметтегі азаматтардың да жазаға тартылуы керек екенін айтты. Оған қоса, балаларды қорлап жатқан кезде араша түсудің орнына сол әрекеттерді бейнетаспаға түсіріп жариялаған адамдарды да жазалау қажет. Фракция мүшелері айыпты оқушылардың ата-аналары да тиісті жазасын алуы керек деп есептейді.
Премьер-Министрге 1 психологқа 250 оқушыдан (10 сыныпқа 1 психолог) келетіндей нормативтік өзгерістер жасау, мектептерде әлеуметтік осал топтағы отбасылармен, сәтсіз отбасыларымен, қолдауды қажет ететін оқушылармен жұмысты үйлестіретін әлеуметтік педагогтердің де санын арттыру ұсыныстары айтылды.
Одан бөлек, депутаттар мектеп инспекторларын қайтару жөнінде мәселе көтерді. Оқушылардың театр сынды мәдени орталықтарға ақысыз бару тетіктерін қарастыру, сабақ үстінде ұялы телефон ұстауын шектеу, үйде баланың гаджеттерді шектен тыс қолдануына жол бермеу сияқты ұсыныстарды жолдады.
Делдалдардың қызметіне тосқауыл қою керек
Экономиканың дамуы энергетикаға тәуелді. Халықтың жайлы өмір сүруі де осы саланың тұрақтылығына тікелей байланысты. Өкінішке қарай, энергетика саласы сындарлы кезеңді бастан кешіріп жатыр. Жаңбыр жауса, жел тұрса, жарық жалп етіп сөнетіні халықтың наразылығын тудыруда. Энергия көзі бір сәт тоқтап қалса, қаншама жұмыс тұрып қалады, газ да, су да, жылу да болмайды. Бұл саладағы қордаланған мәселелер неге апарып соқтыратынын Екібастұз, Риддер, Петропавл, Степногорск қалаларындағы апаттар көрсетті.
Энергетика саласына қатысты мәселе көтерген «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары М.Жайымбетов пен М.Әбенов Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары Р.Склярға депутаттық сауал жолдады.
Үкімет бұл саладағы күрмеулі мәселелерді кейінге қалдыруына болмайтынын айтқан депутаттар нақты статистикаға сүйеніп, проблемаларды баяндады.
– Қазақстанда жылу электр орталықтарының жұмыс істеп тұрғанына 40-50 жылдан асқан. Энергетикалық жабдықтар мен активтердің тозу деңгейі 65 пайызға жеткен. Елімізде 37 ЖЭО болса, оның 19-ы қызыл аймақта (апаттық жағдайда). 11-і сары аймаққа кірген. Яғни, жаңадан 30 ЖЭО салу қажеттігі туындап отыр. Республикада алғаш болып Қызылорда облысы түріктің «Акса Энерджи» компаниясымен бірлесіп, заманауи жылу беру электр орталығының құрылысын (215 млрд тг) сәтті бастады. Өзге өңірлерде осындай жобаларды іске асыру қажет және жылу электр орталықтарының инвестициялық тартымдылығын арттыру, әлеуетті инвесторлармен келіссөздерді жүргізуді жандандыру керек, – деді М.Жайымбетов.
Бұл мәселелерді шешу қомақты қаражатты талап ететінін айтқан депутаттар жылу желілерінің тозу деңгейін 100 пайыздан 50 пайызға түсіру үшін 1,8 триллион теңге жұмсалатынын мәлімдеді. Сондықтан Үкімет қажетті қаржы ресурсын табудың және қалыптастырудың жүйелі жоспарын құруы қажет.
Сонымен қатар электр энергиясы делдалдардың қызметі арқылы тұтынушыларға жететіндіктен, тариф қымбаттап жатқанын алға тартқан олар халықтың толассыз арыз-шағымына қарамастан, негізгі энергия қуатын беретін компаниялар делдалдармен жұмыс істеуді жалғастырып жатқанына тоқталды. Алдағы уақытта энергетика саласына салынатын инвестицияларды тарифтерді ұлғайту есебінен қамтамасыз ету қарастырылса, тариф құны тіптен еселенуі мүмкін. Сол себепті, Үкіметке делдалдардың қызметіне тосқауыл қоюдың тетіктерін алдын ала іске қосу туралы ұсыныс айтылды.
Д.ЖАНАТҚЫЗЫ