Жаңалықтар

Қытайтанудың қыр-сырын білетін азамат

ашық дереккөзі

Қытайтанудың қыр-сырын білетін азамат

Қазақ руханиятын білім мен ғылым ісін­дегі ерен еңбектерімен жан-жақты байы­тып жүрген азаматтарымыздың арасынан Дүкен Мәсімханұлын көруге болады. Оның әлемдік өр­кениеттің бір ірі орталығы болып сана­ла­тын Қытай мен Ұлы Дала өркениеттерін са­лыстыру, әсіресе, әдебиет саласындағы өзара ық­палдастықты зерттеу нәтижелері ғылыми ізденістерінің жаңашылдығын көрсетеді. Оған айқын мысал ретінде М.Әуезов пен Лу Шүн шығармалары арқылы екі елдің әдеби-мә­­дени байланыстарын тереңінен жан-жақты зер­делегенін келтіруге болады. Д.Мәсім­ханұлы­­ның «Мұхтар Әуезов және Лу Шүн» атты мо­ногра­фиясының салыстыр­ма­лы әде­биет­тану сала­сында алар орны ерек­ше. Атал­ған еңбек Қа­зақстанның қы­тайтану ғы­лы­мына қо­сыл­ған қомақты үлес екені анық. Се­бебі зерттеуде Лу Шүн шығарма­ла­рын тал­дау барысында аспан асты елінің дәс­түрлі мә­дениетіне қа­тысты деректерге кеңінен тоқ­талып, жазушы қаламынан ту­ған таза қы­тай­лық бейнелерге талдау жасау барысында қы­тай (ханьзу) халқының мен­талитеті жан-жақ­ты сипат­тал­ған. Дүкен­нің бұл еңбегіне Қа­зақстан мен Қы­тайдың бел­гілі ғалымдары да салыстыр­ма­лы әде­биет­тануға қосылған қо­мақты үлес де­ген жоғары пік­ір білдір­ген­ін білеміз. Алайда ол сонымен ғана шектеліп қал­ған жоқ. 2012 жылы ғалымның шығыс­та­ну­шыларға, мәдениеттанушылар мен та­рих­шыларға, жалпы еуразиятанушыларға ар­налған «Еуразиялық өркениет – ежелгі түр­кі және қытай елінің мәдени-рухани қа­рым-қатынасы» атты көлемді ғылыми-зерт­теулер жинағы баспадан шықты. Бұл кі­тап­тың бір ерекшелігі – ғылыми-зерт­теулерде жаңа бір «Еуразиятану» бағытын алға қойып, соған сүрлеу салған алғашқы еңбектердің бірі болды. Дүкеннің айтулы еңбектерінің тағы да бір парасы – «Фолиант» баспасы­нан жарық көрген таңдамалы зерттеу­ле­рі­нің үш томдығы. Таңдамалының I томына қазақ хал­қының ұлы жазушысы М.Әуезов пен қытай халқының классик жазушысы Лу Шүн шығармашылығын салыстырмалы әдебиеттану ғылымы тұрғысынан зер­де­леген «Мұхтар Әуезов және Лу Шүн» атты мо­нографиясы мен Қытайдағы қазақ­тар­дың XX ғасырдың алғашқы жартысындағы әде­биетін, оның ішінде поэзиясындағы ұлт-азаттық идеяны арнайы зерттеген «Жыр-Жебе» атты зерттеуі енгізілген. I том­ның алғысөзін Қытайда тұратын қан­да­сы­мыз, көрнекті жазушы, тарихшы-ғалым, про­фессор, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтан Жанболатов жазған. Таңдамалы зерттеу еңбектерінің II томына Қазақстандағы қытайтану ғы­лымының көкейкестілігі, мақсаты мен мін­деттері, Қытайдың тарихы мен мәде­ние­ті, ішкі-сыртқы саясатындағы түйткілді мә­селелер, Қазақстан-Қытай елдерінің қа­рым-қатынасы туралы зерттеулері енген. «Таңдамалы» зерттеулер жинағының II томы көрнекті ғалым, Сейіт Қасқабасовтың ал­ғы сөзімен ашылады. Ал ғалымның таң­дамалы ғылыми еңбектерінің III томына соң­ғы жылдарда республикамыздың іші-сыр­тында жарық көрген зерттеу ма­қа­ла­лары топтастырылған. III томда «Қазақ-қы­тай елдері мәдени-рухани қарым-қа­ты­н­а­сының бастау көздері», «Қытай, Жапония, Моң­­ғолия елдеріндегі түркология ғылымы», «Кө­не қытай жазбаларындағы түркі ақын­дары», «Оғызнама» – ортақ мұра». «Ежелгі түр­кі әдебиеті тарихын дәуірлеудің басты ұста­нымдары», «Ежелгі қазақ тарихындағы қы­тай қыздары» атты көлемді зерттеулер қа­зақ тарихындағы көптеген ақтаң­дақ­тардың орнын толтыратын құнды дү­ние­лер. III том Қытайда тұратын тарихшы-ға­лым, жазушы, ҚХР Мемлекеттік сый­лы­ғы­ның иегері Жақып Мырзахановтың ал­ғы­сөзімен ашылады. Ғалымның осы үш томнан тұратын таң­дамалы зерттеулері отандық шы­ғыс­тану, қытайтану, салыстырмалы әде­биет­тану, мәдениеттану ғылымы саласын­да­ғы мамандарға, еліміздің жоғары оқу орын­дарындағы шығыстану, қытайтану, мә­дениеттану, қазақ әдебиеті, шетел әде­бие­ті, дінтану саласында ізденіп жүрген жас ғалымдар үшін ғана емес, тұтас отан­дық ғылымға, оның ішінде отандық шы­ғыс­тану ғылымына қосылған сүбелі үлес бол­ғанын атап айтуымыз керек. Сондай-ақ ға­сыр бойындағы қазақ және қытай қо­ға­мын, екі елдің қарым-қатынасын, саяси-әлеу­меттік жағдайын, мәдениеті мен әде­биетін білгісі келетін жалпы оқырман қауы­м­ға ғылыми да, танымдық тұрғыдан да құны жоғары дүниелер. Отанына оралып, «қытайтану» ғылы­мы­мен айналысу жолына түскен Дү­кен­нің бұл саладағы елеулі еңбек­тері­нің бір бағыты – көркем аударма болды. Дүкен Мә­сімханұлының бар­лық аудармаларын алып қа­райтын болсақ, ол өз а­л­ды­на тағы бір мақалаға жүк бо­ларлық әңгіме. Оның ау­дармаларының ішіндегі шоқ­тығы биігі де, көлем­дісі де Қытайдың классик жазу­шы­лары Лу Шүннің «Повестері мен әңгі­ме­лері» мен Мао Дуннің «Түн», Ба Цзиннің «Әу­лет» ро­ман­дары екені ақиқат. 2012 жы­­лы Лу Шүннен жа­саған ау­­­дар­ма­сы үшін Д.Мә­сім­хан­ұлы­на Қа­зақстан Жа­зу­­­шылар ода­ғы­ның Ха­­лықаралық «Алаш» әде­би сыйл­ығы беріл­­ді. Дүкен қытай ті­лі­нен прозалық шы­­­­­­­­­­­ғар­малармен, ғы­лыми ең­бектері­мен қо­­са, қытай ақын­да­ры­ның өлең­дерін де көп­теп аударып жүр. Оның тәр­жіма­лауы­мен жа­рық көрген қы­тай ақын­­дары­ның өлең­­дері қазақтың төл өлең­деріндей қабыл­да­на­ды. Оның да өзіндік се­бебі жоқ емес. Дүкен өзі қа­зақ әдебиетінде ойып алар ор­ны бар, өз қол­таңбасы қалып­тасқан көр­некті ақындар­дың бірі екенін айттық. Оған қоса қытай тілін өте жетік меңгерген. Сол себепті түпнұс­қа­дағы ақынның поэ­ти­калық сарынын ау­дар­мада да сол күйінде өте шебер өреді. Мы­салы, Д.Мәсімханұлы қазақшалаған Қы­тайдың ұлы ақыны Ли Байдың, осы за­манғы Қы­тайдың көрнекті ақын қызы Чжао Лихуа­ның, Тайван ақыны Юй Гуа­ньч­жұң­ның және басқа да ақын­дар­дың өлең­дерін оқысаңыз, оларды Қы­тай­дың ақыны деген ой санаңыздан шығып кетері хақ. Қысқасы, Дүкен Қытайдың тарихтан бел­гілі әйгілі ойшылдары мен ақын-жа­зушыларынан Куң Фудзы, Ли Бай, Лу Шүн, Ба Жинь, Лау Шэ, Ай Чиң, Юй Гуаңжуң, Уаң Мың, Мо Янь, Те Ниң, Чжаң Чыңжи, Гу Чың, Чэн Дуңдуң, Чжао Лихуа, Диң Даң т.б. шы­ғармаларын қазақ тіліне аударып мерзімді ба­сылымдарда жариялап, қазақ оқыр­ман­дарына үзбей ұсынып келеді. Бұның өзі де отандық қытайтануды жандандыруға, қы­тай жұртын танып-білуімізге салынған тө­те соқпақ екені даусыз. Дүкеннің әкесі Мәсімхан – Жетісу өңі­ріне аты әйгілі шешен Нақысбек болыстың ұлы болған. Нақысбек Жал­пе­тек­ұлы 1865 жылы бүгінгі Алматы облы­сы­ның Райымбек ауданына қарасты Шәлкөде жайлауында өмірге келген. Әкесі Жалпетек – өзінің шешендігімен, көсемдігімен «Жалпетек би» атанып кеткен адам екен. Нақыс­бек те әкесіне тартып ер жүрек, ше­шен болып есейеді. Нақысбек болыстың әділ билік жүргізумен бірге, тіліне сөз асы­лы ұйыған шешендік даңқы екі ел қазағына кеңінен танылған тарихи тұлға. Ал албан­дар кезінде түркі дәуірінде 200 жыл өмір сү­ріп, Орталық Азияда өркениетті Қара­хан­дар мемлекетінің негізін салған, кейін қазақ халқының қалыптасуында зор рөл ат­қарған қарлық-түркілерінің басты бір тай­пасы болғанын ортағасырлық деректер дә­лелдейді. Сондықтан да шығар, Дүкеңнің ор­тағасырлық ата-бабалары болып сана­ла­тын қарлық ақындарының Қытайдағы шы­ғармаларын тауып, зерделеп, бүгінгі күнгі оларды қазақ елінің рухани қазы­на­сының асыл мұрасына айналдырып отыр­ғандығы. Дүкеннің анасы Дәмеш Тұрлы­бай­қы­зы да қазақтың ертегілері мен қис­са-дастандарын, шежіресін жақсы бі­ле­тін кісі болыпты. Өзі өлең-сөзден де қара жаяу емес, кезінде айтыскер ақын болыпты. Дүкен 1982 жылы туған ауданынан ор­та мектепті үздік бітіріп, сол жы­лы мемлекеттік емтиханнан ең жоғары балл жинап, Қытайдың астанасы Пекин қа­ласындағы Орталық ұлттар универ­си­тетіне оқуға түседі. 1987 жылы аталған оқу орнының фи­ло­логия факультетін аудармашы-филолог ма­мандығы бойынша үздік бағамен және «оқу үлгілісі» деген атақпен (бұл атақ Қы­тай­да университетті үздік бітірумен бірге, студент шағында әдеби немесе ғылыми шы­ғармашылықпен танылған шәкірттерге дипломмен бірге беріледі екен) тәмам­дай­ды. Сол жылы жолдамамен Үрімжі қала­сын­дағы ШҰАР Гуманитарлық ғылымдар ака­демиясына барып, Әдебиет институты­ның ғылыми қызметкері болып еңбек жо­лын бастайды. Мұнда қытай, ұйғыр хал­қының әйгілі ғалымдарымен бірге, Нығ­мет Мыңжанұлы, Жақып Мырзаханов қа­тар­лы есімдері Алаш жұртына кеңінен та­нымал белгілі қазақ ғалымдарымен әріп­­тес болып, ғылыми-зерттеу, әдеби шы­ғар­машылық, аударма салаларында өнімді еңбек етеді. Атап айтқанда, 1987 жылдан 1993-жылға дейінгі қысқа ғана бес жылда ҚХР-ның іші-сыртында 30-дан астам ғы­лыми еңбек жариялап, ондағы қазақ оқыр­мандарына «Жүрекке саяхат» атты жеке жыр жинағын ұсынады. Бұдан өзге осы жыл­дарда «Жер шарының қызыл белдеуі» (роман), «Шынжаңда өткен тарихи қай­рат­керлер» (зерттеу мақалалар жинағы), «Құл­темір Л.М.» (фантастикалық әңгімелер жи­нағы) секілді көлемді шығармаларымен бірге, көптеген қытай және шетел ақын­дары­ның өлеңдерін, көп сериялы теле­фильм­дерді қытай тілінен қазақ тіліне аудар­ма жасайды. 1990 жылы оның «Оғызнама туралы зерт­­теу» атты еңбегі ҚХР аз ұлт әдебиетін зерт­­теу саласындағы үздік шығарма сый­лы­­ғына ие болады. Ал 1991 жылы Д.Мәсім­ханұлына әдебиет пен ғылыми-зерттеу саласындағы көрнекті нәтижелері үшін Бүкілқытайлық жастар сыйлығы беріліп, 1993 жылы ҚХР жазушылар одағының «тың талант» сыйлығымен марапатталады. 1993 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Мем­лекеттік ұлттық Университетінің ар­найы шақыруымен атамекенге оралған Д.Мәсімханұлы аңсап жеткен отанында ғы­лым саласының өркендеуі үшін осы күн­ге дейін аянбай қызмет етіп келеді. Туған елге деген сүйіспеншілік ар­қы­лы парасатты да рухы биік ізбасар­ла­рын тәрбиелеу жолында білікті де іскер ұйымдастырушы қырынан көрініп келеді. Қазақ елі үшін 100-ден астам қытайтанушы ма­ман тәрбиелеп шығарған болса, сол шә­кірттерінің дені қазір ҚР Президенті ап­параты, СІМ, Қорғаныс министрлігі, Мем­лекеттік қауіпсіздік комитеті, Білім және ғы­лым министрлігі, Қазақстанның ҚХР-да­ғы елшілігі мен консулдықтарында, қазақ-қытай бірлескен кәсіпорындарында, Қа­зақ­станның жоғары оқу орындары мен ғы­лы­ми-зерттеу мекемелерінде жемісті еңбек етуде. Дүкеннің қазақ руханиятының жан-жақты дамуына сіңірген еңбегі, қызметтің қызықты да қиын салаларында атқарып отырған абырой-беделі еленбей қалған жоқ. Ол әр жылдары Білім және ғы­лым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төс­белгісімен, Қазақстан Жазушылар ода­ғының халықаралық «Алаш» әдеби сый­лы­ғымен, Шанхай ынтымақтастық ұйы­мы­ның «Жібек жолы» сыйлығымен (алтын ме­даль), 2013 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағымен, 2022 жылы «Парасат» орденімен марапатталды. Дүкеңнің еліне бергенінен әлі де бе­рері мол. Оның алдында әлі талай асулар мен белес-беделдер тұр деп сенеміз.

Сатай Сыздықов, ҚР ҰҒА құрметті академигі, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы «Еуразия тарихы және мәдениетін зерттеу» орталығының директоры