Асылы ОСМАН: Жастарға ұлттық рухта тәрбие беруіміз керек

Асылы ОСМАН: Жастарға ұлттық рухта тәрбие беруіміз керек

Асылы ОСМАН: Жастарға ұлттық рухта тәрбие беруіміз керек
ашық дереккөзі
Оның қазақ тіліне деген құрметі, қазақ халқына деген сүйіспеншілігі бөлек. Бала кезінде жер ауып келген ол өскен жеріне пайдасын тигізіп, мемлекеттік тілдің мерейін үстем етуді берік ұстанымы етті. Бүгінде сол ұстанымынан таймай, қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан қоғам қайраткері Асылы Осман қазіргі жастарға ұлттық тәрбие беру өзекті мәселе болып отырғанын айтады. – «Қазақтың нанын жеген тілін де үй­­ренсін» деп өткір пікір айтып, ойын ашық білдіретін қоғам қайраткері қазір қай­да жүр? – Қазір зейнеттемін, жасым келді. Де­ген­мен қоғамдық жұмыстардан шет қалмай, қо­­­лымнан келгенше қатысып, ел ішінде жүр­мін. Күні кеше ғана Қазақстанның ғалым әйел­дерінің жиыны болды. Сол жерде болып, ой бөлісіп қайттым. – Ұлттың бойындағы адами асыл қа­сиет­ті сақтай білу керек екенін үнемі ай­­­тасыз. Бұл мәселеге ең алдымен кім жауапты деп ойлайсыз? – Қазір біз ең бірінші көңіл бөлуге тиіс дү­ние – тәрбие жұмысы. Менің айтып отыр­ға­ным – ұлттық тәрбие. Бұған ананың рөлі зор екенін ешкім жоққа шығармайды. Қазақ – әу бастан қызына ерекше көңіл бөліп қараған ха­лық. Қызын есікке отырғызбай, төрге шы­ғар­ған. Қай кезде де сол әдет-сал­ты­мызды сақ­тасақ екен деймін. Қалай болғанда да өт­­­кенді ұмытпауымыз керек. Қазақ «Өткенге топырақ шашсаң, ке­ле­шек саған тас лақтырады» дейді. Қазақ ту­мы­сы­нан таза, арамдықтан ада, қиянаттан шет, еш­кімді жатсынбайтын, баршаның баласын бауы­рына басқан дархан пейілді халық еке­нін үнемі айтып жүремін. Сократ дүниедегі ең сұлуы сөз екенін айтады. Ең қымбат нәрсе – адамгершілік пен имандылық. Ал ең сұр­қия­сы – қызғаншақтық. Қазақ тілінің байлығын, шұрайлылығын бұрынғылар да айтып кет­кен. Тіл – ұлттың жаны, рухының үні. Тас мұ­­қалып құм болады, темір тозады, адам өмір­ден озады. Ары қарай тарихты жеткізетін кө­мейдегі сөз бен таңдайдағы тіл ғана. Адам ті­лін білмесе, ұлттық болмысына бойлай ал­май­ды. Жан дүниесін ұқпайды. Мен бәрінен бұ­рын ұлтқа тән қасиетті бағалаймын. Қазақ шын мәнінде қазақ болып қалғанын дұрыс көре­мін. Осы тұрғыдан келгенде бүгінгі күн­нің жаңалығынан да қалмауға тырысамыз. Кейде ұлттық адами қасиеттен ажырап бара­­мыз ба деп алаңдаймын. Оның несін жа­­сырамыз? Қазақтың баяғыдай үлкенді сый­­лау, құрметтеу, ізет көрсетуі қандай еді де­­сеңізші?! Қазір сол бар ма бізде? Бала кезімізде жарапазан айтып шыға­тын­быз. Соның өзі бізді бір- бірімізге жа­қын­да­татын. Қазір аралас-құраластығымыз жоқ қой. Қазақ «Өрге шықсаң өңірді көресің, елге шық­саң өмірді көресің» дейді. Бөлінгенді бөрі жей­тінін айтады. Отауымыз бөлек болғанмен, жүре­гіміз «Отанымыз бір» деп соғуы керек. Қазір үйдегі әке-шеше дұрыс тәрбие беріп жа­тыр ма? Бірнәрсе десең, жоқшылық дейді. Бұ­дан да қиын заман болды ғой. Балаға жақ­сы тәрбие беріп, талантып танып, дұрыс жол­ға бағыттап отыратын кім? Әрине, үлкен­дері­міз. Аналарымыз қандай еді? Ол заманда ке­ре­мет білім алмаса да, адамгершілік қасиеті мол болған, балаларына ұлттық рухта тәрбие берген. Қазір білім алып жатқан заманда осы қа­сиет бойымыздан табылса екен деп арман­дай­мын. Ана деген балаға ынтымаққа дәне­кер, достыққа берік болатындай тәрбие беруі керек. Өзім қыздардың карьера қуғаннан гөрі қа­зақтың санын құмырсқаша көбейткенін дұрыс көремін. Бұрын мектеп пен ата-ананың байла­ны­сы, ортамыз қандай еді? Бірлігіміз, сый­лас­ты­ғы­мыз мықты болатын. Қазақтың ата дәстүрі бар. Ол – үш жүзге бөлінуі. Бұл тегін, түбін білу үшін керек. Ұлтты топтастыратын салт-дәс­түр бәрінде бар. Бірақ қазақтың ата дәс­түрі ешкімде жоқ. Менің ауылымда көзі ашық адам көп бол­ды. Өнерге жақын болмасақ та, оқу-білім­нен, ғылым жағынан ілгері болдық. Әзер­бай­жан ұлтының арасында алғаш оқу оқыған қыз бала екенімді мақтанышпен айтамын. Әкем «қыз баласың, оқыма» деп айтпады. «Оқы» деп те желкелемеді. Адамды орта тәр­бие­лейді, қалыптастырады. Бүгінгі ортамыз қан­дай? Бәріміз қу телефонға жабысып отыр­ғанымыз. Қаншама кітап шығып жатыр. На­си­хаты аз. Үйдегі тәрбиеге, айтқан сөзге еш­­теңе жетпейді. Алаш ардақтысы Әлихан Бө­кейхановтың «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген сөзі қай кезде де өзек­ті­лігін жоймайды. Мен өз басым Махамбеттің ті­лін қылыш ету үшін, Абайдың, Ахметтің, Әуезовтің тілін ырыс ету үшін үйрендім. Ра­сын­да, орайы келгенде қылыш етіп пай­да­ланамын. Ал ол маған ырыс болып келді. Қай жерге барсам да, қазақ халқы өз перзентіндей көреді. Неге? Тілі үшін. Оқта-текте әр жерден сөз шығып жат­қан­да да менің жанымды ауыртады. Қиындықта пана болған қазақтың қадірін білетін адам ретінде Петропавлдағы жағдайға да бейжай қарамадым. – Балалық шағыңыз солақай сая­сат­тың қиын-қыстау кезеңіне тап келді. Қа­зақ жеріне келген сәтіңіз есіңізде ме, ол кезде неше жаста едіңіз? – 1944 жылы Грузияның Ахалкалак деген қа­ла­сынан жер аударылдық. Кіндік қаным тамған жер – Хавет ауылы. Ол кезде мен үш жас­тағы баламын. Сіңілім омыраудағы сәби еді. Өз бетімен тып-тыныш өмір сүріп жатқан елге қолында қаруы бар әскери адамдар бір түн­нің ішінде келіп, алып кеткен екен. Қора­дағы қойына, мөңіреген сиырына, еңіреген ел­дің көз жасына қарамапты. Абыржыған жұрт қолына ілінген затын алып амалсыздан ке­те берген. Әкем ол уақытта әскерден келген бо­­латын. Екі аяғы жаралы еді. Содан адам­дар­ды теміржолға әкеліп, мал таситын вагон­дар­ға толтырған. Әрбір ұлттың өзіндік ерек­шелігі бар ғой. Мысалы, атасы мен келіні еш­­қашан қатар отырып тамақ жемейтін ұлт­тар бар. Енді бір вагонда бірнеше отбасының ұзақ уақыт ас-сусыз қалай күн кешкенін айтудың өзі ауыр. Осындай жағдайда келе жатып жолда қырылған адам аз болмаған. Жол-жөнекей кейбірі көмусіз қалған екен. Тас­тап-тастап кете берген. Қызылордадан бері қарай ғой деймін, әрбір бекетте бір-бір ва­гоннан қалдырып кеткен екен. Біздің от­басыны Түлкібас ауданының бекетіне әкеліп тас­таған. Осылайша, қырық төртінші жыл­­дың қараша айының аяғында келіппіз Қа­зақ­станға. Қынадай қырылған адамдардың іші­нен тірі қалып, қазіргі күнге жеткенім үшін шүкір етуден жалықпаймын. Ол кезде қазақтың да жағдайы қазіргідей емес. Соғыс халықты тұралатқан. Машина, кө­лік жоқ. Өгіз арба, шанамен жүретін уақыт. Түл­кібас ауданының стансасына келгеннен кейін бес-алты, үш-төрт үйден колхоздарға бө­ліп берген екен. Әркім өзі келіп алып кет­кен. Сонда қазақ халқы бөліп-жармай, бәрін бауырына басты. Үйі бір бөлме болса, бір бұры­шына, екі бөлме болса, бір бөлмесіне ор­наластырды. Ол кезде халықтың жағдайы ауыр болғанмен ынтымағы, кісілігі, бірлігі мық­ты еді. «Мыналар қайдан келді? Ұры ма, қа­ры ма?» деген жоқ. Қазақ халқы қаншама адам­ға қамқорлық жасап, бауырына басып, жар­тысын жарып, бүтінін бөліп беріп, ешкім­ді жатсынбай мыңдаған, жүздеген адамды алып келгенде де қабақ шытпады. Қазақтан көрген мейірімді, кісілікті, жақсылықты қа­лай ұмытамын? Мектепке барғанда да ешкім бө­ліп-жармады. Педучилищеде оқығанда «Арпа ішінде бір бидайсың» деп айтатын. «Жа­мандықты ұмытпа сақтық үшін, жақ­сы­лықты ұмытпа шаттық үшін» дейді. Мен сол жақ­сылыққа шаттанып айтып жүрмін. Бұл жал­пақшешейлігім емес. Қырық төртінші жылы келсек, қырық бесін­ші жылы шешем қайтыс болды. Артында алты бала қалдық. Кішкентаймыз ғой, көп нәр­сені білмеймін. Әкем жағымсыз нәр­се­лер­ді айтпайтын. Үйленбей, балаларын жет­кізуді ойлады. «Далада қазақша сөйлес, үйге келген­де өз тілдеріңде сөйлеңдер» дейтін. Өйткені ке­лімді-кетімді адам болады. «Балаларына жөн­ді тәрбие бермеген» деп мені кінәлайды дей­тін. Кішкентайымнан тай-құлындай тебісіп, қа­зақ балаларымен бірге өстім. Олардың ара­­­­сында жүріп, өзімнің жетім екенімді де біл­мейтінмін. Тоғыз жастағы әпкем Гүлсара мен Айтбике жеңеше деп атайтын көрші­міз­дің қамқорлығын сезіндік. Ол уақытта тамақ та тапшы еді. Өсіп тұрған шөптерді, сосын қақ­пан құрып, құс аулап жейтінбіз. Ол кездің бір кереметтігі, табиғат таза болатын. Шын мә­нінде келгенде, адамды адам еткен – еңбек. Маркс мұны бекер айтпаған. Қазір қарным аша­тыны, балаға тәрбие де бермейміз, еңбек­ке де баулымаймыз. – Қоғамда тіл мәселесі әлі де өзекті бо­лып отыр. Түрлі салада тілдің қолда­нылуына қатысты сын айтылып жататы­нын естіп те жүрген боларсыз. Қазақ ті­лі­нің он томдық сөздігін құрастырған ма­мандардың бірі ретінде бұған не ай­тар едіңіз? – Қазақ тілінің қазіргі жағдайына келсек, әри­не, бұрынғыдан ілгерілеу бар. Дегенмен отыз жылда тұғырына қондыра алмағанымыз жа­нымды ауыртады. Қазақ тілі тек Қазақ­стан­да қолданылады, өйткені мемлекеттік тіл. Ал мемлекеттің тілі болғаннан кейін ол тұ­ғырына қонуы керек. Үлкен де, кіші де, ауа­сын жұтып, суын ішіп отырған әрбір адам тіл­ді білуі керек. Бәріміз бір елдің аза­мат­тарымыз. Елімізге, жерімізге деген адалдық не­ден басталады? Әрине, рухының үні бол­ған­нан кейін тілін білуіміз қажет. Тіл ортақ бол­май, қоғам топтаспайды. Шетелге оқуға барғандар ең қиын тіл де­ген қытай тілінің өзін бір жылда меңгереді. Не үшін? Өйткені оған қажет. Ол тілді мең­гер­месе, ол жерде оқи алмайды. Оқуды біті­ріп, қызмет істей алмайды. Ал бізде тілге сұ­ра­ныс болмаса, кімге керек? Ең алдымен, тілге де­ген қажеттілікті күшейтуіміз керек. Ал қа­зір кім сұранысты арттырып жатыр? «Болашақпен» оқуға жібереді. Ал олардың ке­л­гені келеді, қалғаны қарны тойған жерде қа­лады. Олар қазақтың жан дүниесін ұқпаса, өмі­рін көрмесе қазаққа қайдан жаны ашиды? Мен баланы мектептен кейін «Болашақпен» оқу­ға жіберуге қарсымын. Талантты балалар еке­нін жоққа шығаруға болмас. Оларды қол­дап, тәжірибесін қоғам игілігіне пайда­лан­уы­мыз керек. Жастарға ұлттық рухта тәрбие бер­уіміз керек. Қазақ тілінің тазалығын, әуезділігін сақ­тай білуіміз қажет. Қазір көбі қалай болса, со­лай сөйлеп кетті. Мұның ішінде журна­лис­тер де бар десем, ренжімессіз. Ң-ды айта ал­майды. Әрбір дыбыста өзіндік үн бар. Қазақ ті­­­лінің шұрайлылығын бұзбай, жауап­кер­ші­лікпен қарауымыз керек. Қазақтың «отбасы» де­ген сөзі қандай? Біз соны алып келеміз де «жан­ұя» дейміз. Неге бұлай шатасамыз? Неге осы­ның қадірін білмейміз? Бірде-бір түр­кі­тіл­дес халықта он томдық түсіндірме сөздік жоқ. Кеңес үкіметінің кезінде шыққан бұл он том­дық түсіндірме сөздікке қазақтың барлық сөзі сыйған жоқ. Он томдықтан кейін тағы бір томын шығарайық дегенде, аяғы талас-тар­тыспен жетім қыздың тойындай болды. Мен соның басы-қасында болып, жағдайды біл­геннен кейін айтып отырмын. Академияны «Ғылым ордасы» жасады. Со­дан не пайда болды? Бірде-бір елде Қа­зақ­станның академиясындай академия жоқ еді. Кеңес үкіметі кезінде Мәскеу, Ленинградтың ға­лымдары біздің ғылым академиясымен са­на­сатын. Осы мәселені қолға алып, қай­та­дан мемлекеттік статус берген Мемлекет бас­шысына рақмет. – Әңгімеңізге рақмет!